Жаңалықтар

Президент жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қойды

Президент жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қойды

Мемлекет басшысы ескерткіштің жанында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, белгілі қаламгердің ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қосқанын айтты,- деп хабарлайды Akorda.kz сайты.

– Шерағаң – халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек артық айтқандық емес. Жас кезімізден бастап біз бәріміз оның «Қызыл жебе» романын, басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе, «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе, жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазушының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. Кездесу барысында жергілікті зиялы қауым өкілдері елді толғандыратын мәселелерді айтып, өз ойларын ортаға салды. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформаларды қолдайтынын жеткізіп, шығармашылық адамдарына мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты. Президент жазушының баласы ретінде шығармашылық адамдарын әрқашан қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ еліміз дамып, өркендеуі үшін алдағы саяси науқандар кезінде де, ең алдымен, ауызбіршілік қажет екеніне назар аударды.

Akorda.kz