- Advertisement -

Жошыбаев жолы

359

- Advertisement -

«Әулиеата – Тараз өңірінде қандай белгілі дәрігерлер бар?» дегенде ойға бірінші болып академик, кардиохирург Сейтхан Жошыбаев түседі. Ол кісі несімен ерекшеленеді? Әрине, біріншіден, өз мамандығын өте сүйетін тәжірибелі, білімді де білікті ғалым- кардиохирург. Екіншіден, оның мемлекетшілдігі, өз Отанына деген сүйіспеншілігі, ұлтжандылығы, ізденімпаздығы кімді болмасын сүйсіндіреді, тіпті таңғалдырады десек артық айтқанымыз емес. Иә, барлығын басынан баяндайық.

…2007 жылдың желтоқсан айының соңына қарай Тараз өңірінің медицина саласында есте қаларлықтай тарихи жаңалық болды. Облыс орталығында аймақтық кардиохирургия орталығы ашылды. Оны ұйымдастырған жерлесіміз, ТМД елдеріне есімі етене таныс белгілі кардиохирург-профессор Сейтхан Жошыбаев.

Шынын айтсақ, елге әуелі таудан асып, желдей есіп Сейтхан Жошыбаевтың атақ- даңқы жетті. Жошыбаев деген кім? Ол – кардиохирург, яғни жүрекке операция жасайтын хирург маман. Бұл өзі өте нәзік, жұдырықтай тынымсыз лүпілдеген мүшеге қандауырдың көмегімен ем-дом жасайтын өте жауапты кәсіп. Өйткені жүрек сияқты ең жанды жерді қандауырмен емдеу дегеніңіз – ең епті, ең тәжірибелі, ең білікті деген хирургтердің ғана қолынан келеді.

Заманымыздың шебер суреткері Шерхан Мұртаза ағамыздың «Жүрекке әжім түс- пейді» деп аталатын жан сырын сүйсіне оқып отырғанда, жүрек деген әзізге жыл он екі айдың 365 күнінің бәленбай сағаты мен түгенбай минөтінде батпандаған салмақ түсетінін ұмытып кете береді екенбіз (Расында, адам дүние есігін ашқаннан бақилыққа аттанардағы соңғы демін алғанға дейін тынымсыз жұмыс істейтін бұл ағзаның құдіреттілігінде шек жоқ.

Ойланып көрсек, кеудеміздегі көлемі жағынан 250- 300 грамдық жұдырықтай нәзік жүрегіміз жай кезде минутына орташа 70 рет соғады екен. Ендеше, ол сағатына – 4200, тәулігіне – 100800, айына – 3 миллион 24 мың, жылына 36 миллион 288 мың рет соғады емес пе? Сонда елу, жетпіс жасқа келген кісінің жүрегі туғаннан бері қанша рет соғады?! Өзі арқылы қанша қан айдайды? Керемет таңғажайып, таңғаларлық дүние).

Демек, адамзат қиялында жүрекке «әжім» түспейтіндей көрінгенімен, өзіміздің де «жүрек қартаймайды» (көңіл деп те түсініңіз) дегенге құмбыл екенімізді жан дүниемізбен сезінгенімізбен, тонналап жүк түсетінін мойындау керек.

Міне, сол қуанса да, қорықса да дүрсілдеп, лүпіл қағып ала жөнелетін «маңдайының» соры бес елі жүрекке түскен зілмауыр салмақтың емін іздегендер басқа жақты қайдам, біздің жақта әуелі «жайлауында малы, жастығында басы қосылған» жанымыздағы көрші қырғыз елінің астанасы – Бішкекке тартатын.

Бішкекте олардың кімі бар деп ойлайсыз? Онда қай нағашысы немесе бауыры күтіп отыр? Бірақ қырғыз барып, бас амандығына сауға, жүрегіне ем-дом алып келген ағайындардың сөзіне құлақ салсаң, «жоқ, ол жақта өзіміздің қандасымыз Сейтхан бар ғой» деген арқасында тіреу болып бір айбарлы Алатаудай немесе киелі Қаратаудай сенімді жанның тұрғанын байқайсың.

Сейтханның ұлты – қазақ (көпшілік білместіктен оны қырғыз екен деп ойлайды), Тұрар Рысқұлов ауданының Ақыртөбе маңындағы Бірлес ауылының тумасы. Кеңес өкіметі заманында қырғыз еліндегі медициналық оқу орнының емдеу факультетін бітірген. Білімге құштар жігіт үш-төрт жыл көрші Талас облысындағы ауруханада оташы болып еңбек еткеннен соң Бішкекке қайта оралып, белгілі хирург- академик И.Ахунбаев жетекшілік ететін Хирургиялық орталыққа аспирантураға түсіп, білім алды, көп ұзамай ғылым кандидаты атанды.

Жұмыс десе Сейтхан уақытпен санаспай, клиникада мол тәжірибе жинады, білімін тереңдетіп, хирургиялық мамандығын жетілдірді. Дәрігерлік білім, хирургиялық шеберлік тек оқу мен еңбекпен келетінін түсінген ол шаршамай- шалдықпай, ешбір қиындыққа қарамай сонау Мәскеу, Киев, Каунас қалаларындағы кардиохирургиялық орталықтарда болып, атақтарынан ат үркетіндей, мүйіздері қарағайдай академиктер В.Бураковский, Г.Цукерман, Ю.Петросян сияқты әлемдік деңгейдегі белгілі кардиохирургтардан көп нәрсені үйреніп, жұдырықтай жүрекке операция жасаудың қыр-сырын табандылықпен меңгерді.

Білімі мен ісі, оташылық қол шеберлігі сәйкес келген маманды қырғыз ағайындар құрметтеп, сый-абыройға кенелтті. Ол мамандықты меңгере жүріп, ғылыми ізденіспен де айналысты. Орта Азия мемлекеттерінің дәрігерлері арасында алғашқылардың бірі болып кардиохирургиядан докторлық диссертация қорғап, профессор, Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер атанды. Бірақ алынған мерей мен қонған «таққа» тоқмейілсіп, атақ-даңққа дандайсып жүре беретін жан Сейтхан емес еді. Қайда жүрсе де қазақ елінің көгергенін, ел-жұртының амандығын ұмытпаған ол «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары Бішкекті Алматыға алмастырып, елге келген.

Шеберлігін сарп ете Хирургия орталығында еңбек етті, білімді кардиохирургтің даңқы жылдап емес, айлап өсе берді, ел аузынан Секеңнің нағыз білікті, қолы жеңіл кардиохирург екені жиі естіле бастады. Бірақ, өкінішке қарай, жасаған жақсылығы бір басынан аспайтын кейбір іші тар жандар оның аяғына тұсау болып, көзалартушылар пайда болды. Қызметтің тым қиындап бара жатқанын сезген Сейтхан аға Бішкекке қайта тартқан.

Қырғыздар да кең халық: «Оу, байке, қызымызды бергенде, қызметімізді бермейміз бе» деп, Сейтханға тағы да төрін ұсынады. Көп уақыт өтпей Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-зерттеу институты ашылып, оның алғашқы директоры болып профессор С.Жошыбаев тағайындалды. Мұнда да ол сый-абыройдан кенде болмады, жүрегінде ақауы бар сандаған сырқат жан білгір маман, шипалы саусақты Сейтханды алыс-жақыннан «ат терлетіп» іздеп келіп, оған сенім артып, оның қолына тек қана денсаулығын тапсыратын.

Сейтхан болса олардың сенімін ақтауға ешқашан білімін, күш-қуатын, уақытын, өз денсаулығын аяған емес. Жүрек пен қолқа тамырларына атқарылатын 4-5 сағаттық күрделі операциядан кейін, тыным таппай есік алдында күтіп тұратын сандаған сырқатқа кеңес беріп, операциядан кейінгі аурулардың жағдайын біліп, оларға қажетті ем-дом тағайындап, науқас наркоздан айыққанша қасынан бір кетпейтін.

Кейде күрделі операциядан кейін науқасқа көмегі қажет болған жағдайда үйіне қайтпай, клиникада қонып қалатын кездері аз болмайтын. Сенбі, жексенбі күндерді де жұмысында өткізетін. Оның бұл «кәсіптік әдетіне» жұбайы, дәрігер-инфекционист Салқын Сансықызы мен балалары да әбден үйреніп, көнген.

Жүрекке сызат түсірмей емдейтін осы алтын қолды оташы-дәрігер кейіннен елімізге қайта оралды. Әлбетте, қайын жұрты – қырғыздар сыйдырмағандықтан емес, елге деген сағыныш пен махаббаттан тұратын сезімнің алпыс екі тамырында шамадан тыс бүлк-бүлк соғуынан…

Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, академик Камал Ормантаев: «Ең қиын операция ми мен жүрекке жасалады. Бір жолы Сейтханның жүрекке жасаған операциясына қатысып, оны мидан да күрделі ме деп қалдым. Сөйтіп, Секеңнің шеберлігіне тәнті болдым. Мен талай елдерді аралап, белді медицина орталықтарында болдым. АҚШ- тың кардиохирургиялық орталықтары керемет дамыған. Біздің еліміз де сол алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан көрінуге талпынып жатыр. Тараз қаласы да сондай белді кардиохирургиялық орталыққа айналарына сенімім мол. Оған Сейтхан Жошыбаевтың білімі де, қабілеті де жетеді. Тек оның «аяғынан шалатындар» кедергі жасамаса болғаны…», депті.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Алатаудың баурайындағы Бішкекте Cекеңмен көп жылдар қоян-қолтық қызметтес, сырлас болған айыр қалпақты дәрігер- профессорлар да қырғыз еліндегі жүрекке жасалған күрделі операциялардың 50-ден аса пайызы Сейтханның қолынан өткенін масаттана жеткізген.

Әзіл-қалжыңға жақын жүретін қырғыз ағайындар ретін келтіріп: «Секең Бішкекке Қазақстаннан қайта келгенде қырғыздар құшағын жая қарсы алып, қала ортасынан төрт бөлмелі пәтерін ұсынып, кардиохирургиялық институт ашып берді, еңбегін ескеріп, «Даңқ» орденімен марапаттады, Қырғыз Ұлттық академиясына мүше етті, елінің еңбек сіңірген дәрігері атағын берді, ал енді, құрметті қазақ бауырлар, сендер осы аптал азаматқа қандай сый-сияпат жасасаңыздар да қолдарыңнан қақпаймыз. Енді жездемізді өздеріңізге тапсырдық, туғандар», деп жергілікті билікке наз айтқан еді.

Туған жері Сейтхан ағаны құшақ жая қарсы алды. Оның ойының, алға қойған мақсаттарының орындалуына барлық жағдай жасады. Сөйтіп аз уақытта маман- дәрігерлер топтастырылып, республикада теңдесі жоқ орталық ашылып, кардиологиялық ем-шаралар, күрделі кардиохирургиялық оталар жүргізіле бастады. Бүгіндері бұл клиниканың атағы дүйім жұртқа белігілі болып отыр.

Түркістан қаласында да өз филиалын ашып, Оңтүстік өңірдің науқастарына қажетті кардиохирургиялық көмек беру шеңберін кеңейте түсті. Клиникалық орталық тек еліміздің кардиохирургиялық орталықтарымен шектелмей, басқа шетелдік белгілі клиникалармен байланыс орнатып, дәрігерлерін сол клиникаларға тәжірибе алмасуға жіберіп, жаңа технологиялық оталардың соңғы тәсілдерін енгізуге жағдай жасап отырғаны қуантады. Сейтхан Жошыбайұлының аты мен беделі әлемнің кардиохирургтарының арасында бұл күндері жиі аталады. Ол әркез халықаралық конференцияларға қатысып, тағылымды баяндама жасап, тәжірибе алмасудан жалыққан емес.

Қажырлы еңбегі еленіп, бірнеше орден, медальдармен наградталған, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы берілген. Ол басқарып отырған ұжым бірнеше рет халықаралық, республикалық дипломдарға ие болып, «Ең үздік клиника» атағын алған.

Міне, академик Сейтхан Жошыбаевтың адал еңбегімен ұйымдастырылған Тараз қаласындағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұл күндері 15 жыл толып, 16 жылға аяқ басты. Өткен жылдарға зер салсақ, оны ұйымдастыру қанша күш- қайратты, еңбекті талап етті. Туындаған қиындықтарды жеңе білу, алға қойған мақсатқа қол жеткізу, жеңіл жұмыс болған жоқ, әрине.

Білімді мамандарды бір медицина орталығына топтастыру, олардың шеберлігін арттыру, біліктілігін жетілдіру де аз жұмыс емес. Соның барлығын жеңе білген Сейтхан Жошыбайұлы ағамыздың қол астындағы, өзі жетекшілік етіп отырған орталық бұл күндері республика көлемінде танымал, айтулы медициналық мекеменің бірі. Бұл орталық тек тәжірибелік жұмыстармен шектеліп қалмай, оған қосымша ғылыми еңбектерімен, кадр дайындау ісімен ерекшеленіп отыр. Болашақты болжай, зерделей білетін профессор С.Жошыбаев клиника ұжымына жаңа жоспарлар белгілеп, оларды іске асыруға ұжым мүшелерін біріктіріп, сол мақсатқа жетуге барлық жағдай жасауда.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Тараз қаласы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support