Тарихы тағылымды құт мекен
Тарихы тағылымды құт мекен
Аспара қалашығы да осында орналасқан. Мұнда Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жасағы қазба жұмыстарын жүргізіп, ол жерден табылған жәдігерлерге қарап, ғалымдар қалашықтың монғол шапқыншылығына дейін де өмір сүрген үлкен қалалардың бірі екенін айтқан. Бұл елді мекендегі Көккөлдің тарихы да өз алдына. Аңызға сенсек, көлде үнемі ақырып, алыстан даусы естіліп жататын белгісіз мақұлық мекендейді. Сондай-ақ суының бетінде қоқым тұрмайды және де көлге ешқайдан су келіп құймайды, ешқайда су ағып кетпейді. Ал деңгейі қысы-жазы біркелкі. Тау шатқалындағы құпия үңгірдің тылсым сыры тіпті бөлек. Жеті тармаққа бөлінген үңгірдің ұзындығы 100 метрді құрайды. Бір қызығы, оның қашан және қалай пайда болғандығы туралы әлі күнге дейін беймәлім. Сыпатай, Андас, Жауғаш, Ақкөз Қосанов сынды батырларды түлеткен. Сонымен қатар Тұрар Рысқұлов, Асанбай Асқаров және журналистиканың жүйрігі Темірбек Қожекеев, театр майталманы Гүлжан Әспетова және үкілі домбырасымен бүгінде ескерткіші бой көтерген «Қара кемпір» әнін әуелеткен Алтынбек Қоразбаев осы топырақтан түлеген дара тұлғалар. Сонымен қатар есімдері ел есінде қалған Сыпатай, Жауғаш, Ботбай батырға, Асанбай Асқаров сынды тұлғаларға аудан орталығынан арнайы ескерткіш орнатылған. Бұл өлкеде 1934 жылдан Меркі қант зауыты, Меркі ірімшік зауыты, 1965 жылдан Меркі спирт зауыты жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындар жылдар бойы өңірдің экономикалық дамуының қозғаушы күші болып келеді. Меркі өңірі қызылша өндіруден облыстың жалпы өндірісінің 50 пайыздан астамын құрайды. Күн санап көркейіп, жыл санап жаңарып, заманауи тұрғыда жаңғырып келе жатқан киелі мекеннің тау бөктерінде «Меркі радон» шипажайына еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған азаматтар жанына шипа іздеп келіп, дертіне дауа табуда. «Мерейлі Меркі» сауықтыру орталығы, «Махаббат әлемі», аудандық мәдениет үйі, «Үміт» оқушылар сарайы, аудандық тарихи-өлкетану мұражайы, аудандық кітапхана сынды ғимараттар Меркінің мерейін асырып тұр. Қорыта айтқанда, тарихы тағылымға толы, Ұлы даланың ұлы тұлғаларын түлетіп, кеше мен бүгінді жалғап, тағылымды тарихпен тоғыстырып тұрған құт мекен.
Әлеуметтік топқа әлеуетті көмек
Меркі ауданы бойынша халықтың әлеуметтік қорғалмаған, тұрмысы төмен санаттарының табыс көзін арттырып, кедейшілік деңгейін төмендету мақсатында былтыр бюджеттен 904,7 миллион теңге бөлінген екен. Оның 495,6 миллион теңгесі республикалық, 29,6 миллион теңгесі облыстық, 368 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қаралыпты. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысына жоспар бойынша 1116 отбасы – 6691 адамға республикалық бюджеттен 207 миллион 628 мың теңге, жергілікті бюджеттен 52,7 миллион теңге қаражат қарастырылған. Былтыр 31 желтоқсанға атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысына 979 отбасының өтініші қабылданған. Оның ішінде 734 отбасына тағайындалып, 260 миллион 342 мың теңге толығымен төленген. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жасқа дейінгі 1503 балаға жоспар бойынша кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға республикалық бюджеттен 54 миллион 504 мың теңге қарастырылып, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 537 балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама және тоқсанына бір рет берілетін тұрмыстық химия заттары тағайындалыпты. Ал тұрғын үй көмегі жәрдемақысына былтыр 115 отбасына 1029,0 мың теңге төленген. Атаулы мерекелерде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірлері, тыл ардагерлеріне, бас-аяғы 226 адамға 14 миллион 150 мың теңге, ЧАЭС апатын жоюға қатысқан 14 азаматқа 150 000 теңгеден барлығы 2 миллион 100 мың теңге, Ауғанстанда әскери міндетін өтеген әскери қызметшілер, Тәжікстан-Ауғанстан шекарасын қорғаушылар, Ирактағы, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыста болған әлеуметтік қызметшілерге, барлығы 116 адамға 17 миллион 400 мың теңге есепшоттарына аударылған. Сонымен қатар Семей ядролық полигонында ядролық қару сынақтарына қатысып, зардап шеккендерге, онкологиялық қатерлі ісік аурулары бар стационар жағдайында арнайы емделуден өткен науқастарға, иммунитет тапшылығы вирусы ауруымен есепте тұрған азаматтарға, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалары бар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға тамақтану құны өтелген. Өтініштерге сәйкес, отбасында өмірлік қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек көрсету үшін 3 миллион 500 мың теңге жергілікті бюждеттен 52 азаматқа берілген. Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін денсаулық сақтау, білім, мәдениет, ветеринария, спорт және әлеуметтік сала мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алуға әлеуметтік көмек төлеу үшін жергілікті бюджеттен 50 миллион 703 мың теңге қарастырылып, мамыр-маусым айларында 4080 адамға төрт айлық есептік көрсеткіштен төленіп, толығымен игерілген. Бүгінгі таңға E-Өtinish «Азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы» бойынша 41 өтініш түсіп уақтылы қаралып, белгіленген мерзімде жауап беріліп, тиісті нұсқаулыққа сай ресімдеумен қамтамасыз етілген.
Білім кеңістігінде – кең жол
Ауданда 6 бастауыш, 30 жалпы білім беретін мектеп бар. Олардың 25-і қазақ тілінде, 11-і қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамтамасыз ету бойынша ауданда 28 балабақша бар. 16 мемлекеттік балабақшада – 2022, 12 жекеменшік балабақшада – 1290 және 10 мектеп жанындағы шағын орталықта 400 бала тәрбиеленуде. Барлығы мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен 3712 бала қамтылған. Қосымша білім беру мекемелерінің саны – 6. Қ.Жандарбеков атындағы №1 музыка мектебінде – 300, №2 музыка мектебінде – 193, «Үміт» сарайында –1320, «Өркен» шығармашылықты дамыту орталығында – 1657, аула клубында – 572, жалпы 4042 бала қосымша біліммен қамтылған. 2022-2023 оқу жылында Меркі ауданы білім бөліміне қарасты 30 жалпы білім беретін, 6 бастауыш мектепте барлығы 2213 педагог қызмет атқарады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 2021-2022 оқу жылында 51 жас маманға көмек көрсетілген. Оның ішінде тұрғын үй сатып алуға 15 педагогке 68 миллион 198 мың теңге және көтерме жәрдемақы алуға 36 педагогке 11 миллион 85 мың теңге төленген. Аудан бойынша 36 білім беру ұйымдарында үйде оқитын балалар саны – 97 және инклюзивті оқыту бойынша 70 бала білім алады. Білім саласындағы жетістіктерге тоқталар болсақ, бәсекеге қабілетті қазақстандық білім беруге және жоғары рейтингілік биікке қол жеткізуді қамтамасыз ететін облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына арналған байқауда Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейі үздік атанып, 34 миллион теңге сыйақыға ие болған. Биыл мектеп бітіруші түлектердің саны – 860, оның 846-сы күндізгі, 14-і кешкі бөлімде оқиды. Олармен қазан айынан бастап тәуелсіз тест орталықтарының кітапшаларымен тест өткізіліп отыр. Қараша айындағы тестке 533 оқушы қатысып, орташа балл 62 балды құрады. Жалпы Меркі ауданы бойынша 2022-2023 оқу жылында шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды білім беру ұйымдарына және үйлеріне тегін тасымалдауды қажет ететін 478 оқушының тізімі анықталып, күнделікті тасымалдау жұмыстары талапқа сай ұйымдастырылған. Шалғайдағы елді мекеннен мектепке дейінгі тасымалданатын арақашықтық 3-18 шақырымды құрайды. Қолданыста жүрген барлық автокөлік құралдарының техникалық жағдайы талапқа сай. «Жомарт түлек» жобасы аясында түлектердің демеушілігімен 176,1 миллион теңге болатын 56 жоба, оның ішінде 22-сі бойынша мектептердің аумағын абаттандыру, сыныптарды жабдықтау мен спорт алаңдары салынса, 14 жоба бойынша мешітті жөндеу, асхана салу жұмыстары жүргізіліп, 20 жоба ауылдың кіреберісіне арка, аялдама, ойын алаң-шасын салу сияқты жұмыстармен жалғасын тапқан. «Мейірім» жобасы аясында қамқоршылықтағы 59 балаға тұрғын үй алуға бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері бекітіліп, 1 миллион 423 мың 500 теңге есепшоттарына аударылған.
245 жоба қолдау тапқан
2023 жылдың 1 қаңтарына аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 6094. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 19,4 миллиард теңгені құраған. Ауданның өнеркәсіп көлемінің 90 пайыз үлесін қамтып отырған Меркі қант зауыты 2023 жылдың ақпан айында қант тростнигімен жұмысын қайта жалғастырмақ. Бөлшек сауда көлемі 2022 жылы 13,9 миллиард теңгені құраған. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі былтыр 16,4 миллиард теңге болған. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік қолдау картасына енгізілген «Bester Yard» ЖШС-ның «Балық шаруашылығы және балық өңдеу» жобасы былтыр желтоқсан айында іске асырылып, бүгінгі күнге балық шабақтарын өндіруде. Сонымен қатар 2023 жылы іске асырылуы жоспарланған «Бахор» ШҚ-ның «Тауарлы сүт фермасы» жобасы кәсіпкерлік қолдау картасына енгізілген. Бұдан бөлек «Мерагро» ЖШС-ның басшылары Тәтті ауылдық округі, Ақжол ауылынан индустриалдық алаң ашуды жоспарлауда. Жобалық құны 1 миллиард теңгені құрайтын индустриалдық алаңның аумағында 3 жоба орналастырылады. Атап айтқанда, құрама жем зауыты, тауарлы сүт фермасы және балық зауыты. Қазіргі таңға аталған кәсіпорынға 10 гектар жер беріліп, мемлекеттік актісі дайындалу үстінде. Жоба 2023-2027 жылдары аралығында іске асырылады деп жоспарлануда. Іске асқан жағдайда 450 адам жұмыспен қамтылады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында аудан бойынша жалпы 1 миллиард 487 миллион теңгені құрайтын 245 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде, бағдарламаның субсидия тетігі бойынша 773,9 миллион теңгені құрайтын 128 жоба, кепілдік тетігі бойынша 649,8 миллион теңгені құрайтын 116 жоба, жетіспейтін инфрақұрылымды тарту тетігі бойынша 63,3 миллион теңгені құрайтын 1 жоба Аймақтық үйлестіру кеңесінен қолдау тапқан.
Құрылыс жұмысы жоспарға сай жүргізілуде
Меркі ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы 13 нысанның құрылысы жоспарланған болатын. 2 нысан 2021 жылдан өтпелі, 2022 жылғы 13 нысанның құрылысына бюджеттен 1526,9 миллион теңге қаржы бөлінді. Ақтоған ауылындағы 60 гектар, Сарымолдаев ауылындағы 10 гектар, Тұрлыбай батыр ауылында 7 гектар, Мыңқазан ауылында 14 гектар, Аққайнар ауылында 45 гектар, Меркі ауылындағы 77 жəне 32 гектар, Тұрлыбай батыр ауылындағы 7 гектар және бас-аяғы 11 тұрғын алқаптарының жұмыстарына қаражат бөлініп, жұмыс жүргізілген. Мәдениет үйінің құрылыстары, спорттық сауықтыру кешендері бойынша да бірнеше ауылдың мәдениет ошақтары қолға алынған. Жалпы инженерлік-инфрақұрылым бойынша 9 жоба нақтылануда. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аз қамтылған отбасыларына 2022 жылы 9 ауылдық округте 6 тұрғын үй, 3 асхана пайдалануға беру жоспарланған. Биыл «Асар» бағдарламасы аясында соғылатын үйлердің жоспарын бекіту үшін ауылдық округ әкімдеріне былтыр желтоқсан айында арнайы хат жолданып, 10 ауылдық округ әкімдері ұсыныстарын өткізген. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Е.Дауылбаевтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Меркі ауданында Қазақ Дихан, Тұрлыбай батыр, Сыпатай, Мыңқазан, Мыханды, Сарымолдаев ауылдық округі, Ойтал ауылы елді мекендерінің оңайлатылған бас жоспарларына түзетулер енгізу үшін 2023 жылға аудандық бюджеттен 21 005 миллион теңге қаражат бөлу үшін аудандық экономика бөліміне бюджеттік өтінім тапсырылған. Ал 2024 жылға түзетілуге тиіс Ақарал, Кеңес, Аспара, Чалдовар стансасы, Арал қыстақ, Ақермен, Қызыл сай, Жауғаш батыр елді мекендерінің оңтайландырылған бас жоспарларына түзетулер енгізу үшін 27 936 миллион, 2025 жылға Тәтті, Ақжол, Қарасу, Тәтті стансасы, Беларық, Алтын арық, Кентай, Қайындысай, Ақкөз қайнар елді мекендеріне 26 924 миллион теңге қаражат қажет. Меркі ауылында былтыр жеке қаражатынан 5, Сарымолдаев ауылында 4 кәсіпкерлік нысан, Жамбыл ауылында жекеменшік мектеп, Ойтал ауылында жеке қаражатынан 2 кәсіпкерлік нысанның құрылысы аяқталып, қабылдануға берілген.
Ауыл – елдің ажары
Ауданда былтыр жалпы өндірілген өнім көлемі 55 миллиард 900 миллион теңгеге жеткен. Өткен жылы 23739,6 гектар бидай, 27417 гектар арпа, барлығы 51156,6 гектар дәнді масақты дақылдарға орақ салынған. Аталған егіс алқабынан 42494 тонна бидай орташа гектар қайтарымы 17,9 центнер, 50099 тонна арпа орташа гектар қайтарымы 18,27 центнер, барлығы 92593 тонна астық бастырылып, 18,1 центнерді құраған. Былтыр 1354 гектар қант қызылшасына жиын-терін жүргізілген. Сөйтіп, 44100 тонна тәтті түбір қайта өңдеуге өткізіліп, бұл облыс бойынша өткізілген өнімнің 38,9 пайызын құраған. Ауданның қант қызылшасын өндірушілеріне 582 миллион 98 мың теңге субсидия төленген. Мал азығын жинау бойынша 2022-2023 жылдарға мал қыстату науқанына 177600 тонна пішен, 48412 тонна сабан, 5000 тонна сүрлем (силос), 7000 тонна пішендеме (сенаж) дайындалған. Мол өнім алудың бірден-бір жолы ол ауыл шаруашылығы дақылдарын тыңайту болса, 4157 тыңайтқыш алынып, жоспар 100,1 пайызға орындалған. Былтыр аудан бойынша 1170 дана техника тіркелген екен. Сондай-ақ 729,6 миллион теңгеге 130 дана техника сатып алынған. Үкімет тарапынан кепілдендірілген бағамен 3315 тонна жанар-жағармай берілген. «Қазсушар» мекемесі Меркі өндірістік бөлімінің теңгеріміндегі 40 дана каналға «Еуразиялық даму банкі» арқылы қаржы қарастырылып, оның 225 шақырымына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудан бойынша 15 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның алтауы сүт бағытындағы шаруашылықтар. Олар өткен жылы 780,3 тонна сүт өндірген. Ал ет бағытында құрылған 4 кооператив 201 тонна ет өндіріпті. 2019 жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасымен Сұрат ауылдық округі тұрғындарына 519 542 мың теңге несие берілген. Ол қаржыға ауыл тұрғындардың бір бөлігі 3786 бас мал сатып алса, басқасы қияр өсіретін 2 жылыжай салған. Сондай-ақ шырын өндіру кәсібін бастаған азаматтар да бар. Биыл аталған жоба жалғасын тауып, Ақермен ауылдық округінің тұрғындарына 587 032,85 мың теңге қаржы бөлініпті.
Мәдениет – ұлт мәйегі
Былтыр аудандық мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасына жергілікті бюджеттен 19 миллион 287 мың теңге бөлініпті. Мәдени іс-шараларға бөлінген қаржы көлемі – 14 миллион 800 мың теңгені құраған. Халықтық атағы бар 4 өнер ұжымы, атап айтқанда, «Меркі әуендері» ән-би ансамблі, «Меркі» халық театры, «Береке» әжелер тобы мен «Естелік» ардагерлер хоры қызмет көрсетеді. Мұнда заман талабына сай, өткізілетін іс-шаралардың жаңа форматын әзірлеу арқылы ауыл көрермендеріне мәдени қызмет көрсетудің тиімді жолдарын қарастырылып, клуб меңгерушілері мен жетекші маман біліктілігін арттыру курстарына, өнерпаздарды мастер кластарға жіберуді көздеп, аудандық мәдениет үйінің құрылымдарының жұмыс тәсілін заман талабына сай өзгертіп, үйірмелерге, клуб құрылымдарына, студияларға қатысатын өнерлі азаматтардың қызығушылығын арттыру мақсатында іс-шаралардың сапасын жақсартудың тәсілдері қарастырылған. 2023 жылы кітапханалардың жұмысын жетілдіру бойынша ауылдағы ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттап, материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жақсартып, әдістемелік көмек көрсетіп, іс-шараларын әлеуметтік желілер арқылы халыққа кеңінен насихаттау жолында еңбек етуде.
Бетті дайындаған Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН