- Advertisement -

Өркениет көшіндегі Өрнек

36

- Advertisement -

Құрылғанына 70 жыл толған Өрнек ауылы бүгінде өркениеттің көшіндегі ауыл атанды. Өткен жылы ауыл көшелеріне асфальт жабыны төселіп, жарық шамдары орнатылды. Еңселі Мәдениет үйі бой көтерді. Енді, биыл ауылдық дәрігерлік амбулаториялық пунктті жөндеуден өткізу үшін қаражат қаралып отыр. Сонымен қатар ауылда жаңа спорт кешені бой көтеруде.

 Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігімен мешіт салынуда. Ал ауыл тұрғындары үшін атап өтерлік қуанышты жағдай «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» қанатқақты жобасына Өрнек елді мекенінің қосылуы болып отыр. Осының аясында ауыл тұрғындары мал шаруашылығы мен жеке кәсіпкерлікті мықтап қолға алмақ ниетте.

Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде табиғи газ болмаған. Ауыл жұрты аудан әкімінің есебінде жиі көтеретін мәселенің бірі осы болатын. Енді, міне, жаңа жылда ауыл тұрғындары пеш жағу машақатынан құтылып, көгілдір отынның игілігін көруде.

– Өрнектіктер үшін көгілдір отынның игілігін көру көп жыл арман болып келген еді. Міне, ауыл халқы ол күнге де жетіп, аудан басшылығының қолдауымен табиғи газға қосылып отыр. Округте жалпы 420 аула бар. Олардың басым бөлігі газға қосылған. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әсіресе пеш жағып әбігерге түскен тұрғындар көмір жағып, күл шығарудан құтылып отыр, – дейді Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаев.

Ауылдың көгілдір отынға қосылғанына қуанып жүрген қарияның бірі – Қойшан Битабаров.

– Бүгінгі таңда үйімізді көмірмен емес, газбен жылытып отырмыз. Газ кіргелі жанымыз да тынышталды. Әсіресе үйдегі жеңгең мен келіннің жұмыстары әжептәуір жеңілдеді. Осы бір қуанышты сәтті қанша жыл күттік десеңізші. Ең бастысы – ауылға газ келді. Ауылдықтарды қуанышқа бөлеген облыс, аудан басшыларына алғысымызды білдіреміз, – дейді ол.

Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсенбаевтің айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Өрнек ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 360 миллион теңге бөлініпті. Оның құрылыс жұмыстарын «AKBARS STORY LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support