- Advertisement -

Арызқой елге айналмаудың амалы қайсы?

62

- Advertisement -

Айдың-күннің аманында Тойгүл есімді көршіміз Анар атты көршімізбен келіспей, сот залынан бір-ақ шықты. Қоғамдық тәртіпті бұзыпты. «Бес баласы төбемді тесетін болды» деген қоңсымыз сағат түнгі он бірде ұйықтай қоймаған әр күнін «жіпке тізген» ғой. Тойгүл қанша туласа да тоқетерінде 78 мың теңге төлеп, әрең құтылды. Мәселе ақшасында емес, көршіміздің жазған арызында еді. Бақсақ, жағамызды ұстатқан жағдай тек оның ғана басынан өтпепті. Басы іске шатылып, сот жағалап жүрген «ыбырайлар» көп екен.

Заң ғылымының заңғары атанған Тайыр Күлтелеевтің «Қазақтың қылмыстық- ғұрып құқығы» деген кітабында Ресейдің 120 мың шаруасының өз еліндегі сот бюрократиясынан қашып, дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін айтады. Осыған қарап-ақ, біздегі дала заңының, билер сотының салмағын бағамдай берсек болады.

Өкінішке қарай, бұл ымырашылықтың ұшқыны қалмаған қоғамымызда әрбіріміз әлгіндей соттың есігін ашуға мәжбүр болып қалдық. Статистикаға сенсек, еліміздің әрбір төртінші азаматы дауласып жүр. 3 миллионға жуық арыз сотта жатыр. Екінші тарапты қосқанда, алты миллиондай азамат соттың есігінде жүр. Облысымыз бойынша жыл басындағы 20 күннің өзінде облыс соттарына 1644 іс түсіпті. Оның мыңға жуығы азаматтық істер екен.

Қасіреті сол, арыз-шағымның дені неке бұзу, алимент өндіру, қырғиқабақ көршілердің дауы, одан қалды жер мен мүлікке таластан туындаған. Расында, бір ауыз сөзге тоқтаған, өзгені де тоқтата білген мәмілегер халық бүгінде неге даукес болып кетті? Қара халықтың жоқтан өзгені сылтауратып, бірін-бірі сотқа сүйреуіне не себеп?

Жоқшылық па, тоқшылық па?

Соңғы кездері арадағы болмашы дауды бітіммен емес, сот алдына шығарып, айқай-шумен шешкісі келетіндер тым көбейген. Дені қу қағаздың құнына келісе алмаудан туындайды екен. Оның ішінде көршілердің тыныштығы мен жоғары қабаттағы пәтерден аққан судың әсерінен төмендегі үйдің бүлінуі сынды тұрмыстық келіспеушіліктер көп. Ең жаманы, сот залына дейін жеткен ас үйдің әңгімесі судьяларды апталап әлекке салады.

Әлеуметтанушылар болса, мұның бірінші себебі халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлығынан деп отыр. Сананы тұрмыс билеген заманда бұл дұрыс та шығар. «Мысалы, біреудің үйінің төбесінен су ақты. Бәлкім оны жөндеуге кететін ақша оның екі айлық жалақысы шығар. Ол сотқа жүгінбес бұрын, жөндеудің құнын сұрайды. Оған көнбеген жағдайда сотқа арыз жазады. Сондықтан мұндай процестің тағы бір артықшылығы, халықтың құқықтық сауатының арта бастағанын көрсетеді. Заңға деген сенімнің қалыптасуының көрінісі», дейді әлеуметтанушы Алмас Жүсіп. Бірақ мұның екінші ұшы да бар. Өйткені соттың соңы шағымданушының есебіне шешілмеуі де мүмкін. Іске нүкте қойылғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Жеке тірлікті ысырып қойып, бар уақытын соған арнайды. Сондықтан ол – үлкен шығын. Мемлекеттік баж салығын төлейді. Сот шығынын өтейді. Осылай жүріп, шаршағаныңа тұрмайтын соттың жеңісі адамға неге керек? «Бұл жерде адамдарға психологиялық көмек қажет. Мұндай жағдайда адамдар кейде ақшаны да, арды да ойламайды. Керісінше, екеуара ұрыстың соңында «Көресің ғой, мен сені бәрібір сотта жеңемін» деген менмендік, тәкаппарлық тұрады. Менің ойымша, оларды көбіне осында әкеп жүрген осындай қасиеттері», дейді психолог Ерлан Бошай.

Медиация мәселені шеше ме?

Жыл басынан бері сотта қаралған істердің 60 пайызы, яғни 933-і азаматтық істер екен. Мұндай жүктеменің ай сайын көбеюі сапаның әлсіреуіне әкеп соғады. Айына 100-ден астам іс қарайтын судьяға кейде конвейер секілді жұмыс істеуге тура келеді. Адам тағдырының конвейеріне айналып отырған олардың да базынасы жетерлік. Сотқа жүгінгендердің екінші тарабы көбіне наразы болады екен. Олар келіспейді. Сот кейінге қалады. «Дауды тек сот қана шешеді» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ олай емес. Сөйтіп сағыздай созылған соттың дауы тез аяқтала қоймайды. Судьялар күніне 7-8 істі ғана қарауы керек, ал одан екі есе істі қарап отыр. Еуропа елдерінде дау-дамайдың 80 пайыздайы сотсыз, бітіммен аяқталады. Дұрысы, мәмілеге келу, медиацияға жүгіну. Расында да, даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Өйткені істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да түсінікті.

Елімізде ең алғаш 2011 жылы медиация туралы заң қабылданды. Көп тарихшы «бұл бізге шетелден келген» деді. Шетелден келген атау болғанымен, шын мәнісінде, өзіміздің билердің қызметі екені рас. Мысалы, дала заңында түрме болған жоқ. Сот тіпті болмаған. Мәселенің бәрін ауыл ақсақалдары, беделді кісілер шешіп отырған. Қазір осы медиацияға арналған арнайы заң жұмыс істеп жатса да, нәтижесіз. Соттың есігін жағалап жүрген халық қарасы көп. «Бітімге келу – қазақ даласының салт-санасы мен мәдениетінде бар тәжірибе. Сондықтан дауларды соттан тыс реттеу институттарын енгізу – қоғам талабы. Дауды сотқа жеткізбей шешу жолдарын кеңірек қолдану қажет. Мысалы, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру, коммуналдық төлемдер бойынша берешекті өндіру үшін міндетті түрде сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Мұндай төлемдерді нотариустың атқарушылық жазбалары арқылы да өндіріп алуға болады. Ең бастысы, халық санасын өзгерту қажет. Оларға кез келген дауды бітіммен аяқтаудың артықшылығын түсіндірген маңызды», дейді сот саласының ардагері Айман Ермекова.

«Дау мұраты – біту»

Сала мамандарының айтуынша, соңғы бес жылда сотқа түсетін арыздардың саны екі есе өскен. Әрбір үшінші неке бұзылады. Ажырасудан алғашқы он мемлекеттің қатарында тұрмыз. Көрші тұрмақ, бірге туған бауырлардың бірін-бірі сотқа сүйреу оқиғалары да жиілеген. Тіпті әкесі мен баласы, анасы мен қызының арасындағы даулардың да сотқа жеткен кездері бар. Осынау «мылтықсыз майдан» бүгін-ертең бітпейтіндей көрінеді. Себеп біреу – сотқа жүгінушілердің қарасы көп. Енді келіп сот жүйесі өкілдерінің өзі арызқой елге айналмаудың амалын жүзеге асыруға көшті. Бұл жерде зиялы қауымның көмегі керек. «Қазақ қоғамының идеологиясына сай, сот билігінің түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды татуластыру болған. «Дау мұраты – біту» деген. Өкінішке қарай, бізде қит етсе, сотқа жүгінуге итермелейтін заңның баптары бар. Біріншіден, оған үлкен өзгеріс керек. Екіншіден, еліміздегі қолға алынып отырған арнайы орталықтар жүйелі жұмысқа кірісу керек. Бұл жерде отбасы институтының рөлі ерекше. Ақсақалдар әдемі қартайып, жастарды тезге салатындай құрметке ие болуы қажет», дейді психолог Ерлан Қуантқанұлы.

P.S: 80-90 жылдары аймағымызда 300-400 азаматтық іс қаралатын, бүгінде бір жылда қаралған азаматтық істер саны 15 мыңнан асып кеткен. Қазіргі статистикалық мәліметтер үрей тудырады. Ел іші даусыз болмайды. Бірақ қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді» деп, билік айтудың ең озық үлгісі бітімгершілік екенін әлдеқашан дәлелдеген. Кезінде халқымыздың әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов секілді зерттеушілер «Қазақтың билер соты – нағыз бітім мен келісім соты» деп таңғала жазыпты. Ал біздің бүгінгі халіміз мынау…

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support