- Advertisement -

Жамбыл қаласы, Пушкин көшесі, No 22 үй

236

- Advertisement -

Белгілі жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының тұңғышы Кемел Тоқаев Жамбыл қаласындағы (бүгінгі Тараз) осы мекенжайға орналасқан облыстық «Сталиндік жол» газетінде 1948 жылы, яғни Жеңістен екі жылдан кейін қызмет еткен.

Бүгінгі Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті ол кезде ҚК(б)П Жамбыл облыстық, қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің «Сталиндік жол» деп аталатын газеті болған.
Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев соғыстан кейінгі жылдары, яғни 1948 жылы, міне, осы газетте журналист болып қызмет еткен. Ол кезде болашақ қаламгер небары 25 жаста еді.

Сарғайған газет тігіндісін ақтарып отырып «Сталиндік жол» газетінің 1948 жылдың 18 тамызы күні жарық көрген нөмірінен (No164 (2479) болашақ жазушының «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын фильмге жазылған кинорецензиясын таптым. Бұл күнгі газетке жауапты редактордың орынбасары Т.Оңғарбаев қол қойыпты.

Ал газеттің 1948 жылғы 24 қазандағы нөміріне (No213 (2524) Кемел Тоқаев «Жас гвардия» деп аталатын фильмге арналған кинорецензиясын жариялапты. Облыстық басылымның сол күнгі нөміріне жауапты редактор ретінде журналист-публицист Ғайса Сармурзин қол қойыпты. Ол Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде 1943-1959 жылдары редактор болған.

Кезінде бұл екі фильм де соғыс тақырыбына арналған көркем фильмдердің үздігі саналған. Сондықтан мұндай дүниелерге ой, пікір айтуға аталмыш фильмдерді шынайы сүйіспеншілікпен тамашалап, ондағы әрбір образдың мінез-құлқына сыни тұрғыдан баға беруге, сондай-ақ режиссер шеберлігін, актерлар ойындарын терең білетін білімділер ғана тәуекел еткен. Жиырма бес жастағы жас журналист әрі соғыс өмірін жақсы білетін майдангер Кемел Тоқаев бұл талаптың үдесінен шыға білген.

Әсіресе белгілі совет жазушысы Александр Фадеевтің «Жас гвардия» романы бойынша түсірілген екі бөлімді әскери-тарихи фильм туралы ол кезде ой айтып, пікір жазуға ешкімнің батылы бара бермейтін. Ол үшін білім, ақыл, парасат, талант керек болатын. Басқа жоғары лауазымдарын айтпағанда, Кеңес Одағы Генералиссимусы И.В.Сталиннің өзі сол кездегі әрбір роман, повестерді оқып, экранға жаңа шыққан фильмдерді көріп, тамашалап отырса, «Жас гвардия» фильмі де сол «халықтар көсеміне» айналған тұлғаның назарынан тыс қалмағаны анық. Сондықтан болар, фильм экранға шыққаннан кейін көп ұзамай, яғни 1948 жылы осы фильмді түсіргені және ондағы рөлдерде жақсы ойнағаны үшін 8 адамға Сталиндік сыйлықтың лауреаты деген атақ берілді.

Оның ішіндегі бесеуі сол кезде Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында оқып жүрген студенттер болатын. Сыйлық иелерінің арасында режиссер Сергей Герасимов пен актриса Нона Мордюкованы айтсақ та жеткілікті шығар.

Ал режиссер Евгений Иванов- Барков түсірген «Алыстағы қалыңдық» киносы 1948 жылы түсіріліп, 2 тамызда Мәскеу қаласында алғашқы премьерасы өтсе, Кемел Тоқаевтың рецензиясы сол жылдың 18 тамызы күні жарияланған екен. Арасы небары 15-16 күн. Бұл, әрине, журналистік жеделдіктің үлгісі.

Сондай-ақ «Сталиндік жол» газетінің 1948 жылғы сандарынан К.Тоқаевтың «Қордайда егін жинау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?» деген мақаласы да жарық көріпті.

Кемел Тоқаев – сол кездегі Талдықорған облысының Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында 1923 жылы 2 қазанда дүниеге келіпті. Ал 1941 жылы жиырма жасқа толар-толмас шағында No226- шы атқыштар дивизиясы сапында, одан кейін 7-ші гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинград, Белоруссия, Украина майдандарына қатысқан. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен екі дүркін марапатталған.
Соғыстан кейін білім майданында да бақ сынап, Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1948 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Оқу орнынан кейінгі қызметі «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакцияларында өтті деп жазылған.

Ал 1966-1977 жылдар аралығында «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомостары» деп аталатын ресми басылымының бас редакторлығы қызметін атқарып, одан кейінгі ғұмырында Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды делінген. Бірақ, өкінішке қарай, қаламгердің өмірбаянында 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде тілші боп еңбек еткені туралы ешқандай дерек айтылмапты.

Тағы бір құнды дерек, сол кездегі Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газеті редакциясының мекенжайы 1948 жылы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) Пушкин көшесіндегі No22 үйге (қазіргі Қапал көшесі) орналасыпты.

Елге есімі белгілі талай талантты
журналистер мен редакторлар шыққан
қара шаңырақ – сол бұрынғы Пушкин көшесіндегі редакция орналасқан үйдің орнына салынған нысанның қасына сол кездегі «Сталиндік жол» газетінде қызмет еткен немесе шығармалары жарияланған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мен жауынгерлік ордендері мен медальдары бар Кемел Тоқаев, Жайық Бектұров, Қалмахан Әбдіқадіров, Сырайыл Керімбаев, Аманғали Сегізбаев, Шона Смаханұлы, Балтабай Адамбаев, Әбжаппар Жылқышиев, Анатолий Ананьев, Рахымбай Құлыбаев, Мыңатай Қыстаубаев және бүгінде қатарымызда жүрген ардагер ағамыз Мүтәліп Ережепбаев сияқты майдангер ақын, жазушы, журналистердің аты-жөндерін жазып, мәрмәр тастан белгі қойылса, олардың ерлік істерін, қаламгерлік қуаттарын, азаматтық мұраттарын ұрпаққа үлгі ету болар еді.

Мысалы, кезінде Кемел Тоқаев емделген Омбы госпиталінің қабырғасына жазушының есім- сойы құрметпен жазылып, ілініп қойылыпты.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

“Жамбыл облысының мемлекеттік архиві”

КММ-нің директоры, жазушы.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support