Саясат

Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Президенті жиында сөйлеген сөзінде ел дамуындағы Астананың орны ерекше екенін атап өтті. Қалаға қойылатын талап та жоғары болады және бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе. Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімеуді ескертіп, астананы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндет қойды. Оның айтуынша, Астананың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажет. Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін.

Президент аса маңызды міндеттерге – электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз ету мен қаланы газбен қамту мәселесіне назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, газ желісіне қосылу шығыны азаматтарымыз үшін қымбатқа түсіп жатыр. Құны екі миллион теңгеге дейін барады. Мұндай жағдай барлық аймақта байқалады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, халық үшін газға қосылудың тиімді әрі ашық бағасын бекіту жөнінде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы саласында қордаланған мәселе көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер телімін бөлу жұмыстарының ашық болмауына қатысты өкілетті органдарға арыз-шағым көп түсетінін атап өтті. Әңгіме белгілі құрылыс компанияларына жасалатын «айрықша» жағдай туралы болып отыр. Мемлекет басшысы бұл процестің түгелдей ашық болуы керек екенін айтып, жерді цифрлық сервистер арқылы және конкурс негізінде бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Астананың көлік жүйесін дамыту мәселесіне де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімдігіне LRT-ға қатысты жұмысты  мейлінше тездетіп аяқтауды тапсырды.

Президент Қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, қазір Астанада саябақтар жетіспейді, тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз. Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет.

Сонымен қатар қаланың келбетін сақтап қалу және қаладағы орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кеткені жайында айтылды. Көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтілді.

Президент қаланың абаттандырылу, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ қала ішіндегі қардың уақтылы шығарылмау мәселелерін сынға алды. Оның айтуынша, қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады. Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ.

Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет екенін айтты. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, қаладағы жастармен жұмысты күшейтуі қажет. Сондай-ақ қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп екеніне назар аударды.