- Advertisement -

Алаш зиялысының ағартушылық идеялары

207

- Advertisement -

Еліміз егемендікке ие болғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесі, оның оқуы мен білім алу мәселесі, қоғамымыздың басты проблемаларының бірі болып саналуда. Ықылым заманнан бері ұрпақ тәрбиесі күн тәртібінен түспегені де белгілі. Ерте дәуірде өмір сүріп, тәлім-тәрбие мәселелеріне айрықша көңіл бөліп, мәңгі ескірмейтін мәнді сөздерін болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырған ұлы бабаларымыздың нақылдары мен фәлсапалық ойлары қазір де өзекті. Олардың өлеңдеріндегі тәлімдік мәні зор – елжандылық, өз халқының салт-дәстүрін сақтау, үлкенді сыйлау, патриоттық – батырлық туралы айтқан нақылдары бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше.

Өткен ғасырдың 30 жылдары қазақтың ғылыми педагогикасының іргетасын қалауға үлес қосқандардың бірі – Мағжан Жұмабаев еді. Ол өз еңбектерінде қазақ педагогикасының дербес, өзіндік нақышы бар, бала тәрбиесінде ұлттық қағидалардың жетекші орын алатындығын көрсетті. Мағжан ұлттың ұлт, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуы үшін, ең бірінші керегі ұлт тілі мен ұлт мектебі болу қажеттілігін алғаш айтқандардың бірі еді. Жалпы, 1920-1930 жылдары Мағжан Жұмабаев педагогика саласында көп еңбектенген жылдар болып саналады. Себебі, осы жылдары «Бастауыш мектепте ана тілі», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы», «Педагогика», «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз», «Бала тәрбиелеу жолдары», «Сауатты бол» сынды оқу әдістемелік дүниелерді жазған. Әсіресе 1922 жылы жарық көрген «Педагогика» атты тұңғыш оқулығы елімізде ғана емес бүкіл Орта Азия елдеріндегі үлкен жаңалық болды. Өкінішке қарай, Қазақстанда жазықсыз жазаға ұшырап, қуғындалушылар қатарында М.Жұмабаев есімі де аталып, мәдениет тарихынан уақытша болса да, сызылып тасталғаны белгілі. Ал олардың есімдері егемендік алғаннан кейін ғана қайта оралып, нәтижесінде М.Жұмабаевтың педагогикалық ілімдері Б.Кенжебаев, Х.Абдуллин, Ж.Бектұров, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, А.Жұмабаева тағы басқалардың еңбектерінде көрініс тапты. Алайда олардың зерттеу нысаны көбіне Мағжанның әдеби-поэзиялық туындылары мен шығармашылық өміріне арналып, аталмыш еңбегіне жалпы шолу жасаумен ғана шектеліп келді.

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты және өзге оқулықтарында ұлттық педагогиканы психологиямен байланыстыра оқыту мәселесіне аса назар аударып, бала тәрбиелеудің және олармен қарым-қатынас жасаудың педагогикалық-психологиялық негіздерін ашып берген. Пәндерді оқытуда қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескеру, оны сабақта пайдалану, дамыта оқыту, бала қиялын өсіру, өзіндік ойлау үрдісін жетілдіруге ерекше назар аударған. Және Мағжан тәрбиені кең мағыналы ұғым деп қарастырған. Мұнда ол тек Еуропалық тәрбие ғылымына еліктемей, Шығыс елдерінің тәрбие ғылымдарын қазақ халқының тәрбие туралы ой-пікірімен тоғыстырған. Ол: «Тәрбиенің мақсаты адамды, сол адамның ұлтын, бүкіл адамзат қауымын бақытты ету» дей отырып, жеке адамның бақытын ұлт, одан қалса бүкіл адамзаттың бақытты болуымен байланыстыра қарастырды. Ол тәрбие түрлерінің ішінен ақыл, дене, сұлулық және құлық тәрбиелеріне айрықша назар аудара отырып, оларға біршама кеңірек талдаулар жасап, әрқайсысын жеке-жеке қарастырған. Оның «Педагогика» атты оқулығы біріншіден, ұлттық тәлім ғылымына тыңнан жол салуымен ерекшеленсе, екіншіден, халықтық тәлімді ғылыми педагогикамен ұштастыру үлгісін көрсетті, үшіншіден, ұлттық педагогика – психология да ғылыми тілді қалыптастыруға бастама болды.

М.Жұмабаевтың әдістемелік сипатта жазған еңбегінің бірі – «Бастауыш мектепте ана тілі» оқулығы. Оның бұл мұрасы 1923 жылы Ташкентте жарық көрген. Бұл еңбекті оқу барысында Мағжанның қазақ тілінің табиғатын жетік білетін лингвист және үлкен әдіскер екенін байқауға болады. Сонымен қатар мектептің 4 жылдық болуын құптай келе, ондағы ана тілінің орны мен оны оқытудың әдіс-тәсілдерін ұсынды. Кейбір дыбыстардың дұрыс жазылып, оқылуына назар аудару қажеттілігіне көңіл бөледі. Ойын арқылы тіл дамытуды баланың жас кезінен бастауды ұсынады. Жалпы, қазір тіл мәселесінде айтылып жүрген ойлар көп. Батыс елдерінде тілге үйрету ересектерге болсын, балаларға болсын көбіне осы ойын арқылы үйрену тәсілін бүгінгі күні әбден қолдануға болады. Мағжан дамыта оқытудың кейбір элементтерін сол кездің өзінде-ақ білген. Баланың ойлау қабілетінің дамуы қиялмен тікелей байланысты деп көрсеткен. Сондықтан ана тіліне үйретуде болсын, жалпы оқытуда болсын, М.Жұмабаевтың ұстаған идеясы – баланың өз бетінше білім алу дағдысын ұштау үшін қиялын өркендету. Сөйтіп, Мағжан Жұмабаевтың дамыта оқыту және тәрбиелеу туралы кейбір ойлары К.Ушинский, Г.А.Цукерман, Л.С.Выготскийлермен үндесе келе, бүгінгі заманның озық идеяларымен қабысып жатқанында көреміз. Ол өзінің ұстаздық озық ойларын «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз», «Сауатты бол», «Бала тәрбиелеу жолдары» сынды еңбектерінде дамыта түскен.

Сонымен қатар Мағжан өлеңдері арқылы оқушылардың тіл, әдебиет, тарих пәндері мен түрлі өнер салаларына қызығушылығын арттыруға болады. Мәселен, Мағжан еңбектерінде кездесетін ерте дәуірдегі тұран, түрік атаулары, Қорқыт, Қойлыбай, Батыр Баян тұлғалары арқылы қазақ халқының ежелден бергі тарихы, наным-сенімі, музыкасы, азаттық жолындағы күресі, тарихи оқиғаларға байланысты белгілі тұлғалар туралы мағлұматтарын қолданып, Мағжан шығармаларына салынған пейзаж көріністері арқылы оқушылармен әңгімелесу, талданған тақырыпқа байланысты суреттер салуға болады.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ халқының басындағы әлеуметтік өзгерістер Мағжанның ағартушылық, әдебиет майданындағы күресін шыңдап, тұлғаны тәрбиелеуде шығармаларындағы педагогикалық идеялардың туындауына негіз болды.

Сан жылдар бойы жабулы келген тарихи тұлғамыздың тағылымын тану, тереңіне үңілу аздаған жылдарда бітіре салатын оңай шаруа емес, десек те біз Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен өнегесін, оның әдеби-педагогикалық мол мұрасын жүйелі түрде оқу-тәрбие ісіне енгізіп, жас жеткіншектерді тәрбиелеуде қолдансақ, олардың жан-сезіміне Отанға, ел-жұртқа деген сүйіспеншілік, ұлтжандылық, ұлы адами құндылықтарды қалыптастыратынымызды ұмытпағанымыз жөн.

 

Ұлжан АБДРАИМОВА,

№1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Құлан ауылы, Т.Рысқұлов ауданым

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support