- Advertisement -

Қолдау да, мүмкіндік те бар

15

- Advertisement -

Жүк тасымалы аймақта енді-енді жанданып келе жатқан саланың бірі. Дегенмен бұл кәсіп кез келген кәсіпкер үшін күрделілігімен ерекшеленеді. Өйткені жауапкершілігі жоғары. Біреудің затын, көкөнісі мен жеміс-жидегін, тағы басқа да өнімін діттеген жеріне жеткізіп беру, сонымен бірге оның сапасы мен балғындығын сақтай отырып жеткізу кез келген кәсіпкердің қолынан келе бермесі анық. Бұл жауапты кәсіптен нәсібін көріп жүрген жанның бірі – түрік мәдени орталығының мүшесі, жеке кәсіпкер Мұса Мирсалов.

Ол мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен бұл кәсібін 2006 жылдан бері жүргізіп келеді. «Біздің жүк тасымалдау ісімен айналысып келе жатқанымызға 17 жылға жуықтады. Кәсіпті бастапқыда бір жүк көлігімен бастаған едік. Негізінен, облысымызда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен, өндіріс ошақтарымен байланыста жұмыс істейміз. Олардың өнімін тиісті жеріне жеткізіп беру үшін кез келген аймақтағы компаниялардан тапсырыс қабылдаймыз», дейді ол.

Мұса кәсібін кеңейту үшін тағы бір жүк көлігін алуды жоспарлап жүрген. Негізі нарықта жаңа жүк көліктерінің бағасы әжептәуір қымбат тұрады екен. Бұл қадамға итермелеген соңғы жылдары облыстағы жүк тасымалына деген сұраныстың артуы себеп болыпты.

– Қазіргі таңда отандық өнім өндірушілерге халықаралық нарыққа жол ашылды. Кәсіпкерлер өнімін көрші елдерге де еш кедергісіз шығара алады. Сонымен бірге республикамыздың қайсыбір түкпіріне болса да өнімін жеткізуге мүмкіндігі бар. Осындай кезде арнайы қондырғылармен, тоңазытқышпен жабдықталған жүк көліктерінің көмегіне жүгінеді. Біз тапсырыс берушінің айтқан жеріне жүгін жеткізіп беруде өз қызметімізді ұсынамыз. Тапсырыстың артуына байланысты және жүк тасымалы бойынша қызмет аясын кеңейту мақсатында тағы бір жүк көлігін сатып алу қажет болды. Сол үшін облыстағы «Даму» қорына жүгініп, солардың көмегімен мақсатыма қол жеткіздім, – дейді Мұса Мирсалов.

«Даму» қорынан тиісті кеңес пен қолдау алған жеке кәсіпкер құжатын жинап, «Халық Банкі» акционерлік қоғамына қордың кепілдендіруімен құжатын өткізеді. Сөйтіп, оның өтінішінің мақұлдануы үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемесін субсидиялап, кепілдік берген. Кәсіпкерге берілген сыйақының жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құраған. Банк оның өтінішін мақұлдаған соң кәсіпкер ойындағы жүк көлігін сатып алады. «Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды. Қолдау барда, мүмкіндік барда бизнесті кеңейту үшін жұмыс істеу керек», дейді Мұса Мирсалов.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support