- Advertisement -

Шешен кісі сөз бастар…

888

- Advertisement -

Елімізде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төралқасының қаулысымен Ережесі бекітілген «Дәнекер» жобасы жүзеге асырылуда. Осы бағытта облыстық ардагерлер кеңесі мен кеңес жанындағы ақсақалдар алқасы атқарып отырған жұмыстар басқа өңірлерге үлгі болуда.

Медиацияны бітімгершілікке әкелетін жол деп білетін аймақ ардагерлері жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Шешендік өнер – асыл қазына» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді. Қоғам өміріне қатысты үлкен мәселелерді қамтыған жиынға аймақ, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, ұстаздар, білім мекемелері мен заң саласының қызметкерлері, студенттер қатысты.

Шешендік өнер ақындық өнермен аталас. Сондықтан бұл қасиетті де Жаратқан Иеміз кім көрінгенге оп-оңай бере бермесі белгілі. Дегенмен Тәңірдің қалауымен тылсымнан қанға даритын осынау киелі өнерді тынбай оқу, үйрену, көру, игеру арқылы меңгеруге болады. Бұған ежелгі грек ойшылы Демосфеннің өмір жолы айқын дәлел.

Ел аузында «Цицерон сөйлегенде халық көзіне жас алған, ал, Демосфен сөйлегенде олар үйіне жетіп, шешеннің айтқанын істегенше асыққан» деген сөз бар. Демосфен алғаш шаршы топқа шыққанда күлкіге қалып, жұрт оны ортадан қуып шыққан. Бірақ ішкі рухы мықты жан морт сынбай, керісінше, «мен қалай да шешен болам, жұртқа сөзімді тыңдатам» деп алдына мақсат қойып, жігерін қамшылаған. Тілі келмейтін «р» әрпін ол қарсы алдына күшікті қойып, соның ызасын келтіріп, ырылдағанына қарап үйренген. Сөйлейін десе қимылдап көтеріліп, селкілдеп кете беретін бір жақ иығын жоғарыдан қадалатын қылыш байлау арқылы жөнге келтірген. Ал кекештенбей, даусын еркін шығару үшін теңіз жағасына барып, тілінің астына малта тастарды толтырып, толқыған теңіз шуылымен жарыса сөйлеген. Дау-дамайларды шешуде шешендік сөзді пайдаланудың зор ықпалы болатындығын осы Демосфеннің өмірінен көруге болады.

Осындай тарих беттерін парақтай отырып, ұрпағымызды шешендік өнерге баулуда, әлбетте, өз ана тіліміздің киесіне арқа сүйемесек болмайды. Ол үшін ең алдымен, шешендік өнердің қайнар көзі біздің ұлтымыздан да бастау алатынын мақтаныш етуіміз керек. Майқы, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Есей билер бастаған Байсерке, Шағырай, Байдалы, Сырым шешендер дала академиясының аспанына туралықтың туырлығын тігіп, әділдіктің ақ туын қадап, қара қылды қақ жарғанын жұрт көкейіне тоқытқаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ежелден келе жатқан мұндай аталы дәстүріміз – шешендік өнерді қайта қалпына келтіруге жағдай туғызып, жаңа талап, жаңа мақсат-мұратқа сай игілігімізге айналдырып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне, жарқын болашақ, кедергісіз келешек мүддесіне пайдалануымыз ауадай қажет. Келелі кездесуде қозғалған ой мен пікірлер осы тілекке ұштастырылды.

Облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов «Шешендік – асыл өнер», облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов «Көркем сөйлеу – жүйрік ойдың жемісі», Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы «Бөлтірік шешен Әлменұлы – Қазақтың биі», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Сәулет Шормақова «Халық ауыз әдебиетіндегі шешендік өнер», Жуалы аудандық Билер кеңесінің мүшесі Дәулетжан Байдалиев «Төле би – заманындағы белгілі батырлар мен би-шешендердің, хандардың ақылшысы», Мойынқұм аудандық Билер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев «Қылышбай би – шешен», облыстық Билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек «Бөлтірік шешен – қазақтың мақтанышы» атты тақырыптарды кеңінен ашып, баяндамалар жасады.

Облыстық соттың судьясы Дәулет Тасыбаев татуластыру рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық жайлы, сот қызметі мен ақсақалдар алқасы және Билер кеңесінің арасындағы байланысты тиімді ұйымдастырудың жолын нұсқады.

Тыңдаушылар, қатысушылар арасында пікір алмасулар мен талқылауларға ұласқан қызықты әрі тағылымды басқосуды Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиев жүргізіп отырды. Жиынды облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылады.

Жиын соңында «Үздік би – 2022» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың бұл жолғы бірінші орыны Сейітхан Жұмашев бастаған Жуалы аудандық Ардагерлер кеңесіне бұйырды. Жуалылық Шора Ысқақов ақсақал облыстың «Үздік биі» атанды.

 

Үміт БИТЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support