Әдебиет

Туған жер түлектері

Туған жер түлектері

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бас кезінде сол кездегі орталық биліктің шешімі бойынша Шу ауданындағы 49 ұжымшар бір-біріне қосылады. Бұрынғы он-он бес түтіннен тұратын колхоздар өзара тізе қосқаннан кейін күш-қуаттары артып, мал басы көбейіп, әртүрлі техника түрлері де толыға түседі. Атап айтқанда, ойдағы Көктөбе ауылына қырдағы Қарауылтөбе ауылы, қатарлас жатқан Ленин ауылына таудағы Кербұлақ ауылы қосылады. Осы төрт ұжымшарды бұрындары Ағаділ Ғалиакпаров, Асанбек Жұрынбаев, Ыдырыс Нұрбеков, Бейсебай Найманбаев және тағы басқалары баянды басқарып, жергілікті ел-жұрттың көсегесін көгертуге, әл-ауқатын жаңартуға, шағын шаруашылықтардың болашағын бекемдеуге аянбаса керек. Өзара татулықпен топтасқан ұжымшарлар Көктөбе колхозы болып атала бастайды. Сонымен көктөбеліктер қоғам дамуына қарышты қадаммен қосылуға бет түзейді.

Көңілде жүрген көп ойларды оқырман қауымға жүйелі жеткізу үшін тарих қойнауына шегініс жасап көрсек. Кешегі күндерді ой толғағынан өткізбесем, бүгінгі күндердің көрікті келбеті көз алдымызға елестер ме еді?! Жоғарыда атап өткен Көктөбе ұжымшары үш Жайсаннан тұрады деп көпті көрген көнекөз қариялардан естігенім бар. Олар: Бала Жайсан, Орта Жайсан және Алыс Жайсан болып аталатын. Сол Алыс Жайсанның жайлауында Төле би Әлібекұлының ХVІІ ғасырдың ортасында дүниеге келгендігін зор мақтанышпен айта аламын. Төле Әлібекұлының туған жері бертін келе тарихи өңірге айналды. Осы киелі жерден өсіп-өнген, әділдіктің қара қылын қақ жарған ол өз дәуірінде атақты Қазыбек, Әйтеке билермен кеңінен келісе отырып қазақ халқының бірлігін нығайтуға, ынтымағын арттыруға Ұлы жүздің төбе биі ретінде үлкен үлес қосты. Туған жердің бірегей түлегі Төле Әлібекұлының туғанына 330 жыл толғандығын Шу елі еліміз егемендік алғаннан кейін, яғни 1993 жылғы мамыр айында Керегетас жайлауында айрықша атап өтті. Сол торқалы той қарсаңында Шу ауданының орталығы – Новотройцк Төле би ауылы болып өзгертілді және ауылға кіреберістегі күрежолдың бойына көреген биіміздің еңселі ескерткіші орнатылды. Он сегізінші ғасырда да атақонысын ардақтаған ата-бабаларымыз көшпенділердің күйін кешіп, төрт түлік малды күтіп-баққан. Ішсе – тамақ, кисе – киім, сатса – пұл болатын мал басын көбейту мақсатында Кербұлақ, Теректі, Отыз үй, Шоқпар, Алтай және басқа да су көздерін тиімді пайдаланған сол өзендердің жағасында қыстауы мен жайлауы орын алған аға ұрпақ өкілдері де ел қатарлы ғибадатты ғұмыр кешіп, ұрпақтарын өсірген. Ел мүддесін қорғай білген болыстар мен билердің қадір-қасиеті артып отырған. Өкінішке қарай, кешегі Кеңес заманында болыстар мен билерді ел қанаушы, қатыгез, мейірімсіз жандар ретінде көрсетіп баққан. Бірақ мұның бәрі шындықпен жанаса бермейді. Әрине, өңірде билік еткен би-болыстардың бәрін бір мақала аясына сыйдыру мүмкін емес. Әйткенмен ауыздан-ауызға тарап, үлгі-өнегесі көпшілікке танылған Құтан Сұлтанбекұлының жағымды жақтарын айта кетуді жөн санаймын. Ол 1833 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Тоқмақ уезі, Кербұлақ деген жерде (қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданы) Сиқым елінің бас биі Сұлтанбек төренің шаңырағында дүниеге келген. Құтан төре 1864 жылдың тамыз айында Сиқым елінің болысы болып тағайындалады. Болыстық қызметті отыз жылдан астам абыройлы атқарған Құтан Сұлтанбекұлын жергілікті жұрттың қас-қабағына қарай білген, әділдіктің ақ жібін аттамаған, жетім-жесірлердің талап-тілектеріне құлақ асқан атпал азамат деп санайды. Ол өмірінің соңына дейін тәлімді, тәрбиелі күндер кешіп, қазіргі Шу ауданы, Кербұлақ өзенінің бойына жерленіп, қабірінің басына арнайы құлпытас қойылған. Бұл дәйектер мен дәлелдер бір топ автордың «Кербұлақ төрелері» атты кітабында айқын көрсетілген. Атам қазақта: «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген қанатты сөз бар. Бұл текке айтылмаған. Неге десеңіз, билер жергілікті дау-дамайларды бұра тартпай, әділ шешіп отырған. Олар «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымды ұстана білген. Мәселен, жетім-жесірлерді жебеу, әлсіздерді қорғау, дүниеқоңыздықты тоқтату, мансапқорлықтың жолын кесу секілді тағы басқа ел мүддесіне қайшы келетін жағымсыз әрекеттерді әшкерелей білген. Осындай аузы дуалы, бітімі бөлек билердің қатарына Мәмбетқұл Құлтанұлын жатқызуға болады. Елдің елдігін сақтауға, оның дәстүрін жалғауға, болашаққа сеніммен қарауға тиімді тәлім-тәрбие бере білген Мәмбетқұлдың ұлы Алтай да әкесіне тартып туып, байыпты би бола білген. Алтай би басқа билерге қарағанда мал-жанды, бақуатты болса керек. Оның үйір-үйір жылқылары Алтай өзеніне келіп су ішкен кезде өзеннен бір сәт су тартылып қалатын көрінеді. Бұл аңыз әңгіме болғанымен, астарында бір шындықтың жатқаны айдай анық. Қолдағы бар деректерге сүйенсек, Сиқым елінің соңғы биі Жамау Жарылқапұлы болыпты. Оның билік жасаған кезеңі ХХ ғасырдың бірінші және екінші онжылдығына тұспа-тұс келеді. Әділдігімен, қарапайымдылығымен ел есінде сақталып қалған Жамау бидің де жақсы жақтары аз болмаған. Жиырмасыншы жылдардың орта шенінде Кеңес үкіметі байлармен қатар, билердің де тізімін алып, олардың дүние-мүлкін, сондай-ақ бар байлығын тартып алуды жаппай бастайды. Бұл науқан Жамау бидің басына да қара бұлт төндіреді. Сол кезде ауыл ақсақалдары мен кедейлері Жамау бидің артық дүниесі жоқтығын ашық айтып, жазалаудан арашалап алып қалады. Өз дәуірінде би-болыстар халыққа қалтқысыз қызмет көрсетудің неше бір тиімді тәсілдерін жүзеге асырғандығы жасырын емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Бәкір Жарылғапұлы. Ол Жамау бидің туған інісі бола тұра, билікке емес, сөз өнерін қадірлеуге бар пейілімен берілген екен. Бәкір ақын той-томалақтарда, алқалы айтыстарда суырыпсалма шешендігімен, келісті көркем ойымен көзге түсіп жүреді. Өзімен айтысқан ақындардың бәрін тізе бүктіріп кететіндігі жайлы Қыдырбай қария беріге дейін айтып жүрді. Сондай-ақ ел аузында әлі күнге дейін есімдері құрметпен аталып келе жатқан жерлестеріміз, ағайынды ақындар Қожамжар мен Иманқұл туралы да айтса аңызға бергісіз әңгімелер көп. Екеуі де той-думанның әрі ақындар айтысының дүлдүлі болған деседі. Бұл ақындар Алатаудың ақ иығы атанған ақын, термеші, композитор Кенен Әзірбаевтың нағашылары екендігін біреу білсе, біреулер білмеуі мүмкін. Осы орайда ақын Атабай Оспанұлы жайлы бұрын-соңды айтылмаған ақиқатты да айтуды жөн көрдім. Ол кісі қордайлық ақын Кенен Әзірбаев пен ұзынағаштық ақын Үмбетәлімен және көрші қырғыз елінің арқалы ақындарымен қатар жүріп, көпшіліктің көңілінен шыға білген. Сызылтып ән салғанда тыңдарманның құлақ құрышын қандыратын. 1934 жылы әйгілі композитор Ахмет Жұбанов Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің құрамына талантты өнерпаздарды қабылдау үшін еліміздің әр түкпірінен әсем дауысты әншілер мен қос ішекті домбыраны шебер тартатын жастарды байқауға шақыртады. Осындай құрметке Атабай әнші де ие болады. Қазылар алқасы оның әншілігі мен ақындығын оң бағаласа да, ұлттық музыкалық аспаптардың ешқайсысын ойнай алмайтындығын ескеріп, байқау талабы бойынша іріктеуден өтпей қалады. Әйткенмен Атабайдың тума дарын екендігін жергілікті жұрт жақсы біледі. Бұл ретте әйгілі Шыңқожа бидің екінші ұлы, күйші, композитор, суырыпсалма ақын, әнші Әшірәлі хақында айрықша атап айтудың жөні келген сияқты. Алғашқы мүшел жасында ол ойламаған жерден шешек ауруына шалдығады. Аты өшкір бұл аурудың серті: «Өзіңді аламын немесе көзіңді аламын» деп келеді екен. Асқынған аурудың салдарынан Әшірәлі ақын екі көзінен бірдей айырылып, қара түнекте қала береді. Рухы биік, талантты ақын сонда да қол қусырып отырып қалмайды. Қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп, ән-күй шығарумен айналысуға бел байлайды. Туғанына жүз жыл толған Әшірәлі Шыңқожаевтың күйлері мен әндерін жеке кітап етіп баспадан шығарып отырған жамбылдық өнер саласының саңлағы Нүркен Әшіровке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 2021 жылы сәуірде туғанына 100 жыл толған жерлесіміз, өнер саласының профессоры Ұялбай Нүсіповтің да ұлттық өнер саласында алған орны ерекше. Ауыл баласының жастайынан өнерпаз болуға құштарлығы жетелеп, Ұлы Отан соғысы қарсаңында Мәскеу қаласындағы музыкалық училищеден дәріс ала бастайды. Бірақ тұтқиылдан болған сұрапыл соғыс жас таланттың одан әрі білім алуына мүмкіндік бермейді. Өзі сұранып майданға аттанған ағамыз елге жеңіспен оралғаннан кейін Мәскеудегі музыкалық училище мен консерваториясын ойдағыдай тәмамдайды. Содан кейін Алматыдағы өнер және балет театрында, ұлттық консерваториясында қызмет етіп, жас өнерпаздарды даярлайды. Ұзақ жыл бойы оқытушылық кәсіппен айналысады. Осы консерваториядағы кафедра меңгерушісі, факультет деканы сияқты жауапты қызметтердің тізгінін ұстайды. Жоғарыда сұрапыл соғыс жайлы айтып қалдым. Бұл майданға біздің Көктөбе ауылынан екі жүзге тарта ер-азамат аттанған көрінеді. Олардың жартысынан астамы майданда ерен ерлік көрсетіп, қаза тапты. Ауылға аман-есен оралғандарының дені ауыр жарақаттанғандар еді. Дегенмен майдангерлер халық шаруашылығын қалпына келтіруге, ауылды қайта түлетуге аянбай кірісті. Сондай-ақ күн-түн демей, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен еселі еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің жарқын істері де ұрпақтан-ұрпаққа жете беруі қажет. Соғыстан кейінгі жылдарда біздің ауыл азаматтары да ел қатарлы үлкен наградаларға ие болды. Соның бір айғағы, жерлесіміз Ағаділ Ғалиақпаров Чкалов атындағы колхоз басқармасының бастығы бола жүріп, ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай ірі табыстарға қол жеткізгені үшін, ал ауылымыздың аға шопаны Тұрғынбай Саңырақбаев ақтылы қойдан белгілеген межеден артық төл алғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алып, кеуделеріне «Алтын Жұлдыз» орденін тақты. Бір ауылдан екі Еңбек Ерінің шыққандығы ел мерейін асыра түсті. Елуінші жылдардың орта тұсында Көктөбе ұжымшарына Жамбыл есімі берілді. Содан кейін біздің ауыл Жамбыл ауылы, колхоз Жамбыл атындағы, орта мектеп Жамбыл, орталық көше Жамбыл, кейін құрылған өндірістік кооператив Жамбыл атындағы деп жалғаса берді. Жүз жасаған Жамбыл бабамыздың атына ие болғаннан кейін де ауылымыздың айбыны асып, абыройы таси түскендей. Атап айтқанда, жерлесіміз Асанбек Жұрынбаев 1940 жылдан бастап жиырма жыл бойы алдымен Көктөбе, кейін Жамбыл атындағы колхозды басқарды. Айтулы азамат Асекеңнің тұсында шаруашылық экономикасы жедел дамып, атақтары алысқа тарады. Колхозымыз миллионер болғандықтан, шаруашылық қаржысы есебінен 1958 жылы күзде екі қабатты жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ол мектепті салдырып бергені үшін А.Жұрынбаевқа Қазақ КСР Білім беру министрлігінің арнайы төсбелгісі тапсырылған. Ел алдындағы еселі еңбегі үшін «Ленин» және тағы басқа да орден-медальдармен марапатталған. 1961 жылы Жамбыл атындағы ұжымшардың тізгінін Қожамберді Омаров қолға алды. Жаңа басшының жаңа бастамасы жүзеге аса бастады. Бұған Ленин каналынан бастап Байғұтты өзеніне дейінгі аралықта екі көше бойымен жаңа тұрғын үйлер тұрғызғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл үйлерге жүзге тарта жанұялар жайғасып, колхоз жұмысын жандандыруға үлкен үлес қосты. Ендігі бір атап айтар жай, Жамбыл атындағы орта мектептің 1963 жылғы түлектері 11 ұл мен 11 қыз жұптарын жазбай қой шаруашылығында еңбек ететіндігін білдіріп, еліміз бойынша бастама көтерді. Мұсахан Шойбеков басқарған біздің ауыл жастары өз сөздерінде тұрып, қой шаруашылығын дамытуға, одан алынатын өнімдерді молайтуға сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, 1966 жылғы жазда Жамбыл атындағы орта мектептің жанындағы қант қызылшасын өндірумен айналысатын өндірістік бригаданың 15 мүшесі Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, Мәскеу қаласына екі апта бойы туристік сапармен барып қайтқандығы өз алдына бір қуаныш болған-ды. Ауыл шаруашылығы саласына баянды басшылық жасап жүріп, үлкен абыройға бөленген аға ұрпақ өкілдерін қай кезде де құрметтеу – басты парызымыз. Мәселен, Әбдірәсіл Маямеров, Оразымбет Құсайынов, Дәрмен Құндызбеков, Нұрмағанбет Көпбаев, Тұрдәлі Сәрсенбаев, Ермек Байжанов сынды ардагерлеріміздің сол кездегі Отанымыздың жоғарғы наградасы «Ленин» орденімен марапатталғандығы жастар қауымын тың істерге жігерлендіре түсті. Сауыншымыз Нұршай Жапарова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Аға шопан Әбжан Қамшыбаев «Еңбек Даңқы» орденінің ІІ, ІІІ дәрежесімен марапатталды. Ал ауылымызда алғашқы кәсіби электр-монтер болып қызмет еткен Сәтжан Сағадиев кейін аудандық электр қуатын тарату мекемесінде ұзақ жыл қызмет етіп, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Бірнеше шаруашылықты басқарған Жұмахан Оспанов туралы да жылы лебіздер көп. Шаруашылықтың темір ұстасы, маңдайалды механизаторы Бейсебек Бексейітов те Үкімет наградаларынан құр алақан қалған емес. Алпысыншы жылдардың ортасына таман жергілікті композитор Серік Әденов ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, ол «Халық театры» атағын иеленді. Шаңбай Әділбаев, Тұрғын Қапалбаев, Ақтұмақ Мұсабаев, Бикеш Әденова, Гүлзайра Егеубаева және тағы басқа да ауыл таланттары театрымыздың тұғырын биіктетуге өзіндік үлес қосты. Бұл ретте Қадыр Жетпісбаев, Омарсейіт Бірімбетов, Жамбыл Еренталов сынды режиссерлар да өз өнерлерін аяп қалмады. Театрдың шығармашылық ұжымы М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Б.Соқпақбаевтың, Ш.Айтматовтың және тағы да басқа танымал драматургтардың классикалық туындыларын сахналап, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары мен Қырғызстанның көрермендеріне тарту етті. Театр сахнасында Жібек Есқараева, Амангелді Сембин, Күлімхан Оңтаева сынды күміскөмей, жезтаңдай әншілер ән салған. Атақты қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің алдын көріп, дәрісін алған жерлесіміз Төлеуқұл Жүнісәлиев те суретшілік шеберлігімен жұртқа танылды. Ауыл түлегі, әйгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың өнер саласында қол жеткізген биіктері баршылық. Оның бәрін жіпке тізгендей айтып шығуды мақсат етпедім. Ең бастысы, Әбекең қара домбырасын жанына серік ете жүріп, өз жүрегінің үнін халқына тыңдатып келеді. Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Әсет Бейсеуов және тағы басқа да дарынды тұлғалармен шығармашылық одақта болды. Кезінде Елбасының арнайы стипендиясына ие болған Ә.Желдібаевтың алдағы уақытта да өнерсүйер қауымды таңдамалы туындыларымен қуанта беретініне ешбір талас жоқ. Көктөбе ауылының ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның мақтанышына айналған Қадір Жетпісбаев Мәскеуден дәріс алып келгеннен кейін Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында, Алматыдағы республикалық ұйғыр театрында және өмірінің соңына дейін Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында көркемдік жетекші болып қызмет етті. Ұлттық өнерді ұтымды ұлықтай білгендіктен Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Республикалық жабық байқауларда бірнеше рет бас бәйгені қанжығасына байлаған жазушы Қарауылбек Қазиевтің аты аталса да көктөбеліктер қуанышқа бөленеді. Туған ауылы Қарауылбектің туғанына 50, 60, 70 және 80 жас толғандығын арнайы атап өтті. Жамбыл атындағы орта мектептің әр оқушысы Қ.Қазиевтің туындыларын жақсы біледі десек, асыра айтқандық емес. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде емтихан алып отырған оқытушы Рымғали Нұрғалиев: – Ахметжан інім, сен қай жақтан келдің? – деп сұрады. Мен Жамбыл облысының Шу ауданы, Жамбыл атындағы колхоздан келгенімді жай айттым. Байқаймын, оқытушымның жүзі жадырап сала берді. «Сен де біздің ауылдың баласы екенсің ғой» деді. Мен ол кісіні жыға танымайтынымды жасырмадым. – Олай болса, Қарауылбек Қазиевті танисың ба? – деп сұрады Рымғали аға. – Әрине, танимын. Ол – менің нағашым. – Сол нағашың менің курстасым еді. Екеуміз журналистика факультетінде бірге оқығанбыз, – деген еді.   Осыдан кейін ғалым Р.Нұрғалиевті көрсем іш тартып тұратын болдым. Белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев жерлесіміз, жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларымен кеңінен танысқан соң: «Әріптесіміз Әлдихан балалар әдебиетінің классигі екен» деп жоғары баға беріпті. Бұл кезінде айтылған әділ сөз болатын. Әлдихан ағамыз ауыл балаларының тыныс-тіршілігін, ойын-сауықтарын көркем тілмен суреттегенде әрбір оқырманның айызы қанатын. Балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейте жүріп, «Мен апамның баласымын» атты романын қалың оқырманға ұсынады. Ұзақ жылдар бойы облыстық «Ақ жол» газеті редакциясында қызмет ете жүріп, онда он жыл бас редактор болғандығын да айтпай кетуге болмайды. Жазушы ағамыздың есімін ел есінде қалдыру үшін ауылдан, аудан орталығынан немесе Тараз қаласынан бір-бір көшеге аты берілсе екен деген тілегіміз де бар. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы ақын Абай айтқандай, бар саналы ғұмырын, білім мен іс-тәжірибесін ағарту саласына арнаған ұлағатты ұстаздарымыз көптеп саналады. Осы орайда Нұрғиса Толғанбаев, Әбдіахмет Махамбетәбиев, Сәрсенбек Нұрбеков, Шашубай Досмайылов, Тұңғышбек Байқұлов және тағы басқаларының білім беру ісінде әртүрлі жоғары марапаттарға ие болғандығын үлгі етеміз. Қаламы жүйрік журналистердің бір тобы да ауылымыздан түлеп ұшты. Атап айтқанда, Тоқсанбай Жабайылдаев аудандық басылымда қызмет етті, кейін Жамбыл аудандық газетінің редакторы болды. Ал Жақан Қожағұлов аудандық «Шу өңірі» – «Шуская долина» газетінде отыз жылдан аса қызмет етті. «Шу өңірі» газетінің редакторы болған Дихан Әбдиев те қаламы қарымды қаламгер еді. Көп жыл бойы облыстық басылымда қызмет еткен Қуаныш Иембердиев «Ақ жол» газетінің бас редакторы қызметіне дейін жоғарылады. Талантты жазушы, журналист Мұрат Сыздықов та өзінің дарын иесі екендігін жазған дүниелерімен дәлелдей түсті. Ауыл азаматтарының қатарынан зиялы заң қызметкерлері де шықты. Мәселен, Орынбасар Абуев Шу аудандық сотының судьясы, Мойынқұм аудандық сотының төрағасы бола жүріп «Құрмет» орденімен марапатталды, «Қазақстан Жоғарғы сотының ардагері» атанды. Алмасбек Маханбетәбиев Алматы қаласында адвокаттық қызметті абыройлы атқарды. Бірнеше ауданның прокуроры болған Нүркен Айманбетов те сенім биігінен көріне білді. Сара Бекбосынова болса бұл күнде Алматы қаласында судьялық қызмет атқарып жүр. Ауыл абыройын асқақтатқандар қатарында Шу ауданы әкімінің орынбасарлары болған Рахымбай Мәмбетқұлов, Ербол Аймамбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің тізгінін ұстап тұрған Доғдырбай Байбатшаевтар да бар. Аты аталған атпал азаматтардың қатарынан Әлдихан Қалдыбаев Жамбыл облысының, ал он шақтысы Шу ауданының Құрметті азаматтары атанды. Ән мен күй тербеген ауылымыздан саңлақ спортшылар шыққандығын да қуаныш көріп келеміз. Атап айтқанда, бокстан спорт шебері Елеу Жарылғапов талай жарыстарда ел намысын қорғады. Алматы дене шынықтыру институтының түлегі Бақтығұл Жаманқұлов танымал футболшы атанды. Сондай-ақ жергілікті футбол жанкүйерлері «Пеле» деп атап кеткен Шайкөз Еренталов та шебер ойын көрсете білді. Серік Төлейбаев жерлесіміз де республикада спорттың бокс түрін дамытып, Қазақстанның құрама командасына бас бапкер болғандығын әрдайым мақтан тұтамыз. Ағайынды Жанат пен Марат Майшекеевтер күрестің самбо түрінен спорт шебері атағын алып, туған жерінің абыройын асырды.   Көктөбе ауылын одан әрі дамытуға өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей басшының бірі – Болат Рысмендиев. Ол ауылдық мәдениет үйін тұрғызып, көпшіліктің алғысын алды. Қазіргі үш қабатты мектеп ғимаратының құрылысын бастап берді. Сақалды құрылысқа айналған бұл ғимаратты Болат Қанатбайұлы аудан әкімі болған кезде пайдалануға берді. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, Көктөбе ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі көз қуантып, жүрек тебірентеді. Ауылда мектеп, дәрігерлік амбулатория, пошта бөлімшесі, сән салоны, монша және мешіт жұмыс істеуде.  

 Ахметжан ҚОСАҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шу ауданы