Мәдениет

Айтматовтың ауылына өнер сапары

Айтматовтың ауылына өнер сапары

«Қазақ-қырғыз бір туған». Оның дәлелі – қазақ пен қырғыз халқы төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас, түп тамыры бір бұтақтан таралған туыс ел. Қазақ пен қырғыздың тіліндегі, ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпындағы ұқсастықтар – осындай тереңнен келе жатқан тамырластықты, туыстықты ұғындырады. Қазақ Алатауы мен Қырғыз Алатауы арасында ежелден бері-ақ, өзара алмасқан жыр көші, өнер көші еш толастамаған. Тау тұлғалар – Абай мен Манастың, ақын-жыраулар Сүйінбай мен Қатағанның, жыр алыптары Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Осмонқұлдың, заңғар жазушылар Мұхтар мен Шыңғыстың араларындағы рухани достық – екі ел арасындағы туыстық пен бауырмалдықты тереңдетіп жалғастырып, бүгінге әкелген дәнекер достық көпірі екені тарихи шындық.

Қырғыздың халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтің 95 жылдық мерейтойы аясында қырғыз-қазақ достығын нығайту мақсатында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Қырғыз мемлекетінің Талас қаласындағы К.Медетбеков атындағы облыстық музыкалық драма театрында Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» спектаклін сахналады. Қазақ-қырғыз мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі арасындағы ежелден келе жатқан жақындық, туыстық байланысты қазақтың ірі зерттеуші-ғалымы Шоқан Уәлихановтың терең зерттегенін де біз мақтанышпен айта аламыз. Қазақ пен қырғыздың ауыздан-ауызға көшіп, бүгінге жеткен фольклорлық жырлары – «Манас» пен «Алпамыс» эпостарының өзара үндестігі екі елдің рухани туыстығының айғағы. Шыңғыс Айтматовтай әлем таныған ірі тұлға, классик жазушының қазақ өмірімен, дүниесімен байланысты шығармалары өте көп. Айтматовтың көптеген шығармалары облысымыздың театр сахнасында әр кездері тұрақты қойылып келеді. Қырғыз бауырлар мен Талас шаһары басшылығы Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының өнер сапарын ерекше бауырмалдық танытып, жоғары ықыласпен күтіп алды, мәдени орындарға саяхаттар да ұйымдастырды. Атап айтқанда, Тоқпанов театрының шығармашылық ұжымы «Манас эпосы» және Шыңғыс Айтматовтың музей-үйлеріне экскурсия жасады. Қазақ пен қырғыздай туыс халықтың мәдениеті, әдебиеті, өнері арасында мәңгілік достық көпірін салып кеткен Шыңғыс Айтматовтай тау тұлға – біздің де тарихымызбен, мәдениетімізбен, әдебиетімізбен, өнерімізбен бірге мәңгі жасаса береді. Ұлы тұлғаның 95 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар Қырғыз елінде одан әрі өз жалғасын табады.  

Есет ДОСАЛЫ