- Advertisement -

Жошы ұлысына – 800 жыл

245

- Advertisement -

1223 жылы Шыңғыс хан Батысқа жорығын бастар алдында Сыр бойында Күлтөбеде үлкен құрылтайға шақырады. Оған өзінің ұлдарынан басқа, әскер қолбасшылары, нояндары қатысады. Осы құрылтайда Шыңғыс хан үш үлкен мәселені қозғайды. Біріншісі, келесі жылы Батысқа жорыққа шығу туралы. Екіншісі, жаулап алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп беру туралы.

Үлкен ұлы Жошыға Ертістен Орал тауының Еділ өзенінің төменгі саласына дейінгі жерді, Шағатайға Жетісудан Мәуренахрға дейін, Үгедейге Тарбағатай мен Шығыс Қытайды, кенжесі Төлеге Моғолстанға ие болып қалуды тапсырады.

Үшінші үлкен мәселе – Шыңғыс хан қайтыс болған жағдайда империяның тағына ұлы Үгедей отыратынын хабарлайды. Себебі, Жошы әскербасы, қызуқанды, жорықта жүріп үйренген адам болса, Шағатайдың мінезі шатақ болып келеді. Ал Үгедей салмақты, бірқалыпты, дұрыс шешім қабылдай білетін болғандықтан, империя тағын тапсырады.

Бүгінгі ұлан байтақ қазақ жерінде 1223 жылдың көктемінде «Ұлыс ұлыс» немесе «Жошы ұлысы» деген мемлекет пайда болады. Бұл ұлыстың алғашқы ханы болып Жошы бекітіледі. Алғашында ұлыс орталығы Ертіс бойы болса, кейін Ұлытауға ауысады. Жошы хан бар болғаны 4 жыл билік құрды.

1227 жылы ол мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін, таққа Мөңке хан келеді. Одан соң таққа отырған Батый хан орталықты Жайықтың бойына көшіріп, Бату сарайы деген қала-қамалын соғады. Қаланың әдемілігі, сұлулығы жайында сол жылдары шетелден келген саяхатшылар құнды деректер жазып кеткен. Сарайдың 4 жағындағы мұнарасы алтын жалатылған, алтындай жарқырағаннан кейін «Алтын Орда» деп атайды.

1269 жылы Шыңғыс ұрпақтары, нояндары, моңғол ақсүйектері Талас өзені бойында болған құрылтайда Шағатай мен Үгедейге тиесілі жерлерді «Алтын Ордаға» қосып, тәуелсіз жеке мемлекет құрылғанын жариялайды. Алтын Орда бүкіл Шығыс Еуропа, Русь, Азияны бағындырып, 300 жыл билік жүргізген. Батыйдың өлімінен кейін таққа келген Берке хан, мемлекет жерінің үлкеюіне байланысты, Еділ бойынан Берке деген сарай-қала соқтырады. Ол да атақты, зәулім қала болған деген деректер мен мәліметтер бар.

Бірақ «Алтын Орда» ыдырағаннан кейін Бату да, Берке де жермен-жексен болып, жоқ болып жойылады. Тарихтан жоқ қылу үшін сол кезде орыстың патшалары қалаларды жойып, Бату сарайының орнында қазір «Сарайшық» деген қаланы ғана қалдырған.

Кейін Астрахань, Сібір Хиуа сынды көптеген хандықтар пайда болады. Қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм жерінде қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын тіккен. Қазіргі Тәуелсіз, кең-байтақ қазақ жері, кезінде «Жошы ұлысы» болып аталған мемлекеттің жалғасы. Биыл – 800 жыл. Осы жеріміздің тарихын құрметтеп, насихаттап, жас ұрпағымызға, жастарымызға қалдыру, біздің мемлекет тарапынан, аға буын тарапынан борышымыз деп білемін.

 

Москау НОХРАБЕКОВ,

ардагер журналист.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support