- Advertisement -

Әлеуметтік төлемдер әлеуеттің жағдайына оң ықпал етеді

57

- Advertisement -

Биыл зейнетақы, жәрдемақы сынды әлеуметтік төлемдер мен өзге де әлеуметтік көмек түрлеріне көптеген өзгерістер енгізілгені белгілі. Өткен жылдың желтоқсан айында Президент Қ.Тоқаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойып, осы жылдың қаңтарынан бастап кейбір әлеуметтік және базалық көрсеткіштер өзгеріп отыр. Сала мамандары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асыратын зейнетақы, жәрдемақы және ең төменгі жалақының өсуі, ең төменгі күнкөріс деңгейінің көтерілуі сынды шаралар осы жылдың өзінде-ақ азаматтардың әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді дейді. Осы орайда Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековпен сұхбаттасып, қолға алынған шараларды егжей-тегжейлі білген едік.

– Аслан Ұланұы, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде заңнамада қандай өзгерістер қарастырылған?

– Биылдан бастап енгізілген жаңалықтардың ішінде мыналарды атап өтуге болады: алдағы 5 жылда әйелдердің 61 жасында зейнетке шығуы, зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшерін ұлғайту, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін есептеу тәртібін өзгерту, бала күтімі бойынша жәрдемақыны бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайту және «Отбасының цифрлық картасы».

– Бұл өзгерістерді нақтырақ, яғни қаржылай түсіндіріп беріңізші. Сонда халықтың ақшалай табысы қалай артады?

– Биылдан бастап республикада ең төменгі жалақының мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрайды. Базалық зейнетақының, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және ең төменгі зейнетақы төлемінің мөлшері күнкөріс деңгейіне байланысты 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұлғайды.

2023 жылы айлық есептік көрсеткіш ұлғайып, 3450 теңгені құрады. Ол жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін, сондай-ақ айыппұлдар, салықтар және басқа төлемдерді қолдану үшін қолданылады.

– Зейне тақы мөлшері әр зейнеткерде әртүрлі деңгейде артты. Ол қандай тәсілмен есептеліп отыр?

– Жыл басынан бері қалыптасқан зейнеткерлер үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10,5 пайызға артты.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Яғни ақшалай мәнде зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ең жоғары табыс 2022 жылы 146,3 мың теңгеден 2023 жылы 189,8 мың теңгеге дейін ұлғайды, бұл, сайып келгенде, олардың ұлғаюына қарай зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді.

Ағымдағы жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңгені құрайды. Айта кету керек, бұл жерде 1998 жылға дейін толық жұмыс өтілі бар қазақстандықтар үшін жасына байланысты зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері көзделеді: ерлер үшін – 25 жыл және әйелдер үшін – 20 жыл. Егер зейнеткердің еңбек өтілі аз болса, онда зейнетақының ең төменгі мөлшері оның мәніне пропорционалды түрде азаяды.

– Ал базалық зейнетақы төлемі өсті ме?

– Базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсуін, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оның ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54 пайыздан 60 пайызға дейін есептеу тәртібінің өзгеруін ескере отырып өсті.

Ол қазір ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына тең немесе 24 341 теңге (2023 жылы – 40 567 теңге). 2022 жылы ол күнкөріс деңгейінің 54 пайызы немесе 20 191 теңгені құрады. Ал 10 жылдан астам еңбек өтілінің әрбір толық жылы үшін төлем 2 пайызға артады.

– Мүгедектігі бойынша зейнетке шыққан азаматтар қанша алады?

– Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектік бойынша төлемдерде өсті. Мәселен, жеті жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар мүгедектік топтарына бөлінбейді, олардың барлығына ай сайын 1,4 күнкөріс деңгейі мөлшерінде төлем төленеді, бұл өткен жылы 56 794 теңгені құрады. Үшінші мүгедектік тобының жетіден он сегіз жасқа дейінгі балаларына бірдей мөлшерде төленеді. Екінші топ үшін төлемдер 64 502 теңге, бірінші –77 889 теңгені құрайды.

Бірінші және екінші топтағы бала кезінен мүгедектігі бар адамдар үшін осындай жәрдемақы мөлшері көзделген. Үшінші топ үшін ай сайынғы төлем 48 681 теңгеге тең.

Бірінші топтағы жалпы аурудан мүгедектігі бар ересектерге арналған жәрдемақы мөлшері 77 889 теңге болса, екінші топ үшін 62 068 теңге, ал үшінші топ үшін 42 190 теңге төленеді.

Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы туралы да айтып өтсеңіз.

– Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алуға қайтыс болған адамның асырауындағы еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері құқылы. Бұл әрине – балалары.

Егер асыраушы қайтыс болғаннан кейін отбасының бір ғана еңбекке жарамсыз мүшесі қалса, онда оған берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері 34 888 теңгені құрайды.

Егер асырауындағы екі адам болса, онда 60 445 теңге, үшеуіне –75 049 теңге, төртеуге – 79 512 теңге, бесеуіне – 82 352 теңге болса, алты және одан да көп балаға 85 597 теңге төленеді.

Жетім балаларға ата-анасының екеуі де жоғалған жағдайда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша бір айлық жәрдемақы әр балаға 47 870 теңге, отбасының қалған еңбекке жарамсыз мүшелеріне –21 907 теңге мөлшерінде, бірақ барлығына 103 852 теңгеден аспайтын мөлшерде жәрдемақы тағайындалады.

– Балалы болған отбасыларға мемлекеттік қолдау қалай өзгерді?

– Мемлекеттік бюджеттен алғашқы жәрдемақы баланың туылуына байланысты төленеді. Алғашқы үш балада бір мезгілдік жәрдемақы 131 100 теңгеге тең. Төртінші және одан кейінгі балаларға 217 350 теңге тағайындалады.

Осы төлеммен бірге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын (жұмыс істемейтін) әйелдерге бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы ресімделеді. Оның мөлшері балалардың кезектілігіне және айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне де байланысты.

Бірінші балаға айына 19 872 теңге, екіншісіне 23 495 теңге, үшіншісіне 27 083 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 30 705 теңге төленеді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыс істейтін әйелдерге бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер олардың мөлшері айлық есептік көрсеткішке емес, олардың орташа айлық жалақысына байланысты.

Мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасыларды қолдау үшін Қазақстанда кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.

Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты да өсті:

Төрт баласы бар отбасыларға ай сайын 55 304 теңге, бес баласы барларға – 69 138 теңге, алтауымен – 82 973 теңге, жеті баласы барларға – 96 807 теңге, сегізінші және одан көп баланың әрқайсысына 13 800 теңгеден беріледі.

Сондай-ақ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайыз арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделген.

– Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары туралы не айта аласыз? Өздеріңіз білетіндей, оларды енгізу 2018 жылдан кейінге қалдырылды…

– Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу 2014 жылы Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту жөніндегі тұжырымдамада көзделген, ал 2015 жылы заңмен бекітілген. Шынында да жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталуы керек еді. Алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жоспарланып отырғанын ескере отырып, осы түзетулерді қолданысқа енгізу мерзімі 2020 жылға ауыстырылды. 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды, соған сәйкес жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2023 жылға ауыстырылды.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын салық алымдарымен салыстыруға болмайды, зейнетақы жарналары мен салық алымдарының олардың пайдасына төленетін жеке тұлғаларға қатысты даралануындағы негізгі айырмашылығы.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, әрине, қазақстандықтардың, болашақ зейнеткерлердің әл-ауқатын арттыру мақсатында енгізіледі. Атап айтқанда, бұл ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйеде өтілі шамалы азаматтарға қатысты.

Бүгінде, баршаға мәлім, зейнетақымен қамсыздандыруға тек қызметкерлер мен мемлекеттің өзі қатысады. Бұған жұмыс берушілер 5 пайыз кәсіби зейнетақы жарналарын төлейтін 600 мыңнан астам адамнан тұратын зиянды өндірістердің қызметкерлері жатады.

МЗЖ енгізу зейнетақы жүйесін дамыту жөніндегі басқа шаралармен қатар алушылардың еңбек өтіліне барабар лайықты зейнетақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы шеңберінде 2024 жылдан бастап, 2024 жылы 1,5 пайыз жарна мөлшерлемесінен 2025 жылдан 2,5 пайыз, 2026 жылдан – 3,5 пайыз, 2027 жылдан – 4,5 пайыз және 2028 жылдан 5 пайыз жарнаны кезең-кезеңімен енгізу көзделеді.

– «Отбасының цифрлық картасы» туралы айтып беріңізші.

– Бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,5 миллион азаматы (шамамен 6,3 миллион отбасы) туралы ақпарат жиналды. Отбасының цифрлық картасы «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған. Ол арқылы мемлекеттік органдардың дерекқорлары қолжетімді. Онда отбасы құрамы мен табыс деңгейінен бастап несиелерінің болуына дейін әртүрлі ақпарат қамтылады. Осы ақпараттың көмегімен Отбасының цифрлық картасы материалдық көмекке мұқтаж және оны алуға құқығы бар отбасыларды анықтай алады. Мұндай отбасы анықталғаннан кейін жүйе әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS- хабарлама жібереді.

Алушы оған тек келісіммен жауап беруі керек, содан кейін оған тиісті төлем тағайындалады, ал ақша банктік шотқа түседі. Есте сақтау маңызды: мұндай SMS хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келуі мүмкін. Егер хабарлама кез келген басқа нөмірден келсе, оған ешқандай жағдайда жауап беруге болмайды. Қазақстандықтар тағы бір маңызды жайтты ескеруі керек: Отбасының цифрлық картасы мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірлермен ғана жұмыс істейді. Егер жүйеде нөмір болмаса, онда осылайша жәрдемақы алу мүмкін емес.

– Сұхбатыңызға рақмет. Мәліметтеріңіз азаматтардың игілігіне жарайды деген сенімдеміз.

 

 Сұхбаттасқан Маржан РАҚАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support