Аудан әкімдеріне артылған міндет көп
Аудан әкімдеріне артылған міндет көп
– Жыл басынан әр аптаның сейсенбісінде «Инвестициялық штаб» отырысы өтіп келеді. Осы аралықта 23 кеңес өтіп, онда бірқатар аудан әкімдері мен басқармаларға тапсырмалар берілді. Енді биыл атқаратын жұмыстарымызды жүйелеп алуымыз керек, – деді облыс әкімі. Жиында хабарлама жасаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев жоғарыда айтылған 23 кеңесте 155 тапсырма беріліп, оның бүгінде 115-і орындалғанын айтты. Қалған 40 тапсырма орындалу үстінде. Сондай-ақ кеңесте 66 жоба қаралса, оның 41-і жаңа жобалар. Жүзеге асып жатқан жобалар саны – 25. Құны 1,6 триллион теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асқанда жаңа 2500 жұмыс орны ашылып, салық көлемі 48,4 миллиард теңгеге артады деп күтілуде. Нақтылап айтқанда, қаралған 66 жобаның 13-і шетелдік компаниялардың қатысуымен, 17 жоба нақты қолдау алып, жүзеге асатын жобалар, ал 12-сі перспективалық жобалар. Және 11 жоба коммерциялық ұсыныспен келген жобалар болса, 26 жоба қайта пысықталу үшін қайтарылған. Дегенмен Нұржан Молдиярұлы нақты қолдау тауып, жүзеге асатын 17 жобаның әрқайсысына жеке-жеке тоқтап, оларды жүзеге асыруда кездесетін кедергілер мен жергілікті билік тарапынан шешілмей жатқан мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ 12 перспективалық жобалар бойынша да талқылау жүргізді. – Біз бюджеттен әлеуметтік нысандарға қаралатын қаржы көздері арқылы жаңа жұмыс орындары ашылатынын анық білеміз. Дегенмен жаңа жұмыс орындарын ашуда жеке инвесторлардың да үлесі басым болуы керек. Осы бағытта, осы мақсатта басқармалар мен аудан әкімдері жұмысты ширатқаны жөн, – деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әлі күнге дейін инвесторлар тартуда бәсеңдік танытып отырған жеті аудан әкімінің жұмысын сынға алды.
Ерман ӘБДИЕВ