- Advertisement -

Не ішіп жүр балаңыз, тамағына қараңыз

69

- Advertisement -

Дұрыс тамақтанбау мен жарамсыз азық-түлік жүйесінің салдарынан қаншама бала зардап шегуде. Мұны ЮНИСЕФ айтып отыр. Әлем бойынша 200 миллион бала тойып тамақ ішпейді. Бес жасқа дейінгі әрбір үшінші баланың артық салмағы бар. Ең өкініштісі, бұл статистикаға біздің еліміз де үлес қосып отыр. Мұның соңы мидың баяу дамуына, оқу қабілетінің төмендеуіне, нашар иммунитетке, инфекцияға жоғары шалдыққыштыққа, тіпті кейбір жағдайларда өлімге әкелуі де мүмкін екен.

Балалар есейген сайын, оларға ықпал ететін зиянды тамақтанудың әсері – алаңдатарлық жағдай. Ол негізінен жөнсіз маркетинг пен жарнамалардың көбеюінен, шектен тыс өңделген өнімдердің молдығынан, сонымен қатар фастфуд пен тәтті сусындарға қолжетімділіктің артуынан болып отыр.

«Б алалардың тамақтан у мәселесі Қазақстанда ушығып барады. Егер балалардың семіруі мен нәрлі, пайдалы тамақтар жетіспеушілігінің өсу үрдісі дәл осылай жалғаса беретін болса, онда 2050 жылы туылған балалар бүгінгі балаларға қарағанда аз өмір сүреді және семіздік адам өлімінің негізгі екі себебінің бірі болады деп болжауға болады. Балалардың дұрыс тамақтанбауы қоғамның әлеуетін шектейді. Сондықтан ерте жастағы балалардың тамақтануын жақсарту денсаулық сақтау, мектепке дейінгі және мектептегі білім беру қызметінің басты міндеті болуы керек. Бұл тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ажырамас бөлігі», – деді ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі үйлестірушісі Қанат Суханбердиев.

Расында да, еліміздегі балалардың бүгінгі тамақтану жағдайы алаңдарлықтай. Әсіресе семіздік диагнозы бар балалар саны өсуде. Статистикаға сенсек, Қазақстандағы 9 жасқа дейінгі әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегуде. 5 жасқа дейінгі әрбір он баланың біреуі семіздікке шалдыққан. 6 айға толмаған сәбилердің жартысынан азы ғана, яғни тек 38 пайызы емшек сүтімен емізіледі. Мектеп жасындағы балалар қант қосылған алкогольсіз сусындарды үнемі пайдаланады екен. Балалардың жартысына жуығы мұндай сусындарды апта сайын ішеді. Нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы артық салмақ пен семіздіктің деңгейі өсуде.

Қазақ тағамтану академиясының ғылыми қызметкері Айгүл Қожахметованың айтуынша, баланың дұрыс тамақтануы зейіні мен есте сақтау қабілетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мектеп жасындағы баланың сабақта жұмсайтын энергия шығыны дене белсенділігі жоқ күндері 300- 400 ккал, ал сабақтан кейінгі үйірме, қосымша сабақ болса ол қосымша энергия шығынын қажетсінеді. «Қазіргі заманауи мектеп бағдарламасы қосымша оқуды, ақпараттық ізденуді, қосымша факультативтік сабақтарды талап етеді. Сонда төменгі сынып оқушылары 1500- 1800 ккал құрайтын құнарлы тамақ ішуі қажет. Жоғары сынып балаларына 1800-2400 ккал шамасында тамақ арқылы қуат түсуі керек. Одан бөлек, мектептегі бақылау, тестілеу, ҰБТ-ға дайындық, төменгі сыныптан бастап дайындық жүргізетін мектептер бар. Мұндай жағдайдың барлығы қосымша уақыт, қосымша энергия шығындалуына әкеледі. Ол энергияны бала ішіп-жеген тамағының ыдырауымен қорытылуынан түскен қуаттан алады. Ендеше баланың жанар- жағармайы – тамақ», дейді Айгүл Қожахметова.

Мектеп асханасы демекші, бұл мәселе дәл қазір елімізде әлі оң шешімін тапқан жоқ. Мектеп асханалары мәзір дайындап, пайдалы тағам әзірлемес бұрын тиісті органдар ұсынған және сертификаттаған азық-түлікті сатып алу керек. Оның үстіне, бала деген сан түрлі азық-түлікті пайдалануы қажет. Күнделікті рационда міндетті түрде ет, сүт, нан, жарма, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы шарт. Кей тағамдарды (балық, жұмыртқа, қаймақ, ірімшік және басқа да ашымал сүт өнімдері) күн сайын жеу міндетті емес, бірақ бір апта көлемінде 2-3 рет тұтынуға тиіс. «Бүгінде мектептегі сапасыз және бей-берекет тамақтандыру жүйесі анық көзге ұрып тұрады. Осыдан кейін қалайша оқушылардың денсаулығын ойлап, алаңдамайсың?! Мектеп тамағын зерттеу кезінде жыл сайын сол бір фактілерді анықтаймыз. Мәзірді көбінде баланың биологиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажеттілігін емес,  азық-түліктің бағасын ескере отырып жасайды. Ол аз болғандай, кей кәсіпкерлер әлі күнге дейін кем өлшеп, ақшадан жеп, басқаша айтқанда, баланы тонап отыр. Тамақтан жырып, баланың несібесіне ортақтасып отырған мұндай кәсіпкерлерді тоқтататын уақыт жетті», дейді «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закарьянов.

Расында да, бізде әлі күнге дейін балаларды тамақтандырудың нормативті құжаттары, мектеп тамағының ғылыми негізделген стандарттары жоқ. Міне, мектеп асханасын жалға алып отырғандар осыны ұтымды пайдаланып отыр. Мектеп тамағының басым бөлігінің тұрмыстық қалдыққа айналуы да сондықтан.

Баласы мектеп асханасында тамақтанатын көптеген ата-ана түскі асқа деп ақша береді, ал балалар ол ақшаны шоколадты бәліштерге, тәтті сусынға жұмсайды. «Хотдог секілді жартылай дайын өнімді балалардың 86 пайызы күнделікті тұтынады екен. 18 пайызы газды сусындарды күнделікті ішеді. Бұл тағамдарды үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке жүйесі аурулары, қан аздық, қан айналым жүйесінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Расында да, бүгінде бұл аурулар балаларда жиі кездесетін болды», дейді №1 қалалық емхананың учаскелік терапевт дәрігері Сания Сайлаубек.

P.S. Балалардың 50 пайызында ішек жолдарымен байланысты аурулар бар. Қазақстан бойынша жүргізілген медициналық-демографиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, балалар арасындағы қан аздық (анемия) деңгейі 70 пайыздан асып түскен. Соңғы бес жылда балалардың түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 25 пайызға артқан. Жағдайдың бұлай ушығуына әсер етуші негізгі фактор – оның тамағына қатысты екенін ұмытпасақ екен.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support