- Advertisement -

Туризмді тірілтуге не қажет?

157

- Advertisement -

Туризм – ешқашан сарқылмайтын таптырмас табыс көзі. Әлемдегі жалпы өнімнің – 11, сауданың – 30, халықаралық инвестицияның 10 және жаһандық еңбек нарығының 8 пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған да осы туризм саласы. Қазақ хандығының алтын қазығына дейін сақталған қасиетті Тараз шаһары туризмнің басты бойтұмары десек, артық айтқандық болмас. Сөз жүзінде солай. Ал іс жүзінде ше? Көне шаһарда туризмді ілгерілетуге бағытталған шаралардың шынайы нәтижесі қандай?

Төрт аудан неге белсенділік танытпай отыр?

Саланы ілгерілетуге бағытталған шаралар жылда ұйымдастырылып-ақ жатыр. Мүмкіндіктерді пайдаға асыруда мүлт кетпеуге мамандар талпынып келеді. Осы бағытта жылдар бойы атқарылып келе жатқан жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз. Тек керуеннің бүгінгі бағыты қандай, қай жаққа бетбұрыс жасау керек, біз осыны саралап көрдік.

Ең алдымен, өңірдегі шараларға тоқталып өтсек. Былтырдан бері облыста ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Онда жүзеге асырылуда. Онда 4 негізгі бағыт көрсетілген, оның ішінде туризм саласына қатыстысы 3 -бағыт. Бұл бағытта туризм саласы бойынша 4 көрсеткіш қарастырылған. Олар: «Ішкі туристер санын ұлғайту», «Шетелден келетін туристер санын ұлғайту», «Бөлме қоры санын ұлғайту» және «Туризм саласының негізгі капиталына салынатын инвестициялар көлемін арттыру». Облыс әкімдігіне қарасты туризм басқармасының мәліметінше, «Ішкі туристер санын ұлғайту» көрсеткішінің 2022 жылға бекітілген жоспарлы мәні 132 мың адамды құраған. 2022 жылдың 3-тоқсанының қорытындысына сәйкес, ішкі туризм бойынша облысқа келушілер саны 97805 адамды құрапты. 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Тараз қаласы мен аудандар бойынша бұл көрсеткішке тек Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандары ғана қол жеткізген, ал Байзақ, Қордай, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында «Ішкі туристер санын ұлғайту» көрсеткішінің жоспарлы мәні орындалмапты.

 Қонақ үйлер тіркеу жұмыстарын дұрыс жолға қоймаған

Шынтуайтында, облыс аумағында, қалада жылдан жылға қонақ үйлердің саны артып келеді. Олардың келім-кетім адамы да аз емес. Десек те, басым көпшілігі келушілерді дұрыс тіркемейтін көрінеді.

– Қонақ үйлерде жүргізілетін тіркеу жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ең алдымен қонақ үйлермен нақты статистикалық есептілікті қалыптастыру бойынша және олардың мекемелеріне дұрыс есеп беруі бойынша жұмыстарды жандандыруы қажет, – дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков.

Мысалы, Байзақ ауданында орналасқан «Тау Дос» және «Отырар» қонақ үйлерінде өткен жылы 305 шетелдік турист есепке алынбаған. Бұл да сол қонақ үйлер жұмысының ретсіздігіне келіп тіреледі.

Әкімдікпен жүргізілген жұмыс барысында Тараз қаласы аумағында орналасқан, статистика мекемелерінде тіркеуден өтпеген және статистикалық есептілікті өткізбей жүрген 28 қонақ үй анықталған.

Ал «Туризм саласының негізгі капиталына салынатын инвестициялар көлемін арттыру» көрсеткішінің 2022 жылға белгіленген жоспарлы мәні 10 миллиард 250 миллион теңге көлемінде бекітілген. Жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 15 миллиард 14 миллион теңгені құрап, жылдық жоспарлы көрсеткіш 146,5 пайызға орындалыпты.

Саланы ілгерілету төрт бағытта жүргізілмек

Алдағы уақытта облысымыздың туризм саласын дамыту негізгі 4 бағыт бойынша жүргізілетін болады. Атап айтқанда, туристік бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету, туристік инфрақұрылымды дамыту, туризм саласына инвестиция тарту, жарнамалық-имидждік саясатты жүзеге асыру.

– Бүгінгі таңда 4 позиция бойынша жергілікті атқарушы органдармен субсидия беріледі. Атап айтқанда, бизнес өкілдері туристік қызмет нысандарының құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының 10 пайыз көлеміндегі бір бөлігі өтеледі. Осы мемлекеттік қолдау шарасына сәйкес келетін Тараз қаласынан 7 жоба, Жамбыл ауданынан 1 жоба және Жуалы ауданынан 1 жоба анықталып отыр. Сондай-ақ туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған туристік автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25 пайызы қайтарылады. Республикалық автомобиль жолдары бойында жол бойындағы сервис объектілерінің құрылысы жүргізілетін болса, ол объектілердің сметалық құнының да 10 пайыз мөлшері туристік бизнес субъектілеріне қайтарылады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында, туристер үшін тартымды аумақтарда және оларға алып баратын жолдарда орналасқан абаттандырылған жеке тұрған дәретханаларды күтіп-ұстауға кететін бизнес

өкілдері шығындарының бір бөлігі айына 83 300 теңге көлемінде субсидияланады. Бұл бағыт бойынша өткен жылы Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі аудандарындағы туристік бизнес субъектілерінен 6 өтінім түсіп, мемлекеттік қолдау шаралары басталып кетті, – дейді салалық басқарма басшысы.

Инфрақұрылым мәселесі қашан толық шешіледі?

Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін өңіріміздегі тарихи маңызы жоғары, туристердің сұранысындағы жерлерге алып баратын жолдардың жоқтығы сан мәрте сөз болып, жауыр болған мәселе.

– Өңірімізге келетін туристер санын арттыру үшін ең алдымен олардың сұранысын қанағаттандыратын қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұл бағыттағы негізгі мәселе – туристік инфрақұрылымды дамыту шараларын іске асыру. Осы уақытқа дейін «Ақыртас», «Әулие бастау», «Тау Самалы», «Тамды», «Тау қымыз», «Баркуаб», «Қаралма» тау-шаңғы кешені сияқты туристік нысандарға алып баратын автожол құрылыстары жүргізілген. Көп жылдар бойы ауыз су тапшы болып отырған «Ақыртас» сарай кешені биыл ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жамбыл ауданында, Тараз-Қаратау автожолының 45 шақырымында орналасқан «Таскөл» демалыс орталығында электр көзі болмаған еді, қазір электр желісін жүргізу жұмыстары атқарылуда. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген «Баласағұн» қалашығына алып баратын автожол құрылысын жүргізу де жоспарланып отыр. Алғашқы кезектегі міндеттердің бірі – қазіргі заман талабына сай туристік инфрақұрылымды дамыту болғандықтан, арнайы құрылған жұмыс тобының шешімімен 3 335 тарихи-мәдени нысан мен табиғи орындардың ішінен облыстың туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатын, туристік тартымдылығы жоғары 65 нысан іріктеліп алынған, – дейді бұл туралы Біржан Күзембеков.

Өз сөзінде басқарма басшысы аталған мәселені шешу бойынша өңірдің туристік саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасының әзірленгенін де алға тартып отыр. Оған қоса, жалпы соммасы 11 миллиард 155 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3 кезеңі, «Қаралма» тау-шаңғы кешені, «Көксай» туристік демалыс орталығы, «Ақ жол» этно-туристік кешені, «Таскөл» демалыс орталығы, «Алмалы ресорт» демалыс аймағы жобаларын іске асыру нәтижесінде 130 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Балалар туризмінің болашағы қандай?

Өткен жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында мектеп оқушыларына арналған география, тарих және химия пәндері бойынша «Өмір сабақтары» пилоттық жобасы жүзеге асқан. Іс-шара барысында Тараз қаласының тарихына және табиғатына байланысты табиғат аясында танымдық сабақтары ұйымдастырылыпты. Бұл іс-шараға 200-ден астам мектеп оқушысы қатысқан. Аталған пилоттық жоба мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қызығушылығын тудырып, туризм басқармасы ағымдағы жылы осы іс-шараға қамтылған оқушылар санын 2 мыңға жеткіземіз деп жоспарлап отыр. Сонымен қатар сала мамандарының мәліметінше, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста туристерді ақпараттандыру жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр екен. Олар ағымдағы жылы туристер көп шоғырланатын орындар – «Мart» сауда орталығы мен «Әулие Ата» әуежайында туристерге толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары шоғырланған, бірегей туристік ақпараттық терминалдар орналастыру жұмыстары жүргізілетінін айтуда. Бұл терминалдар арқылы әлеуетті туристерге облыстағы қонақ үйлер, тамақтану орындары, көлік субъектілері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат бір терезе принципі бойынша ұсынылмақ. Және қазіргі таңда облыстың қонақ үйлерінде туристерді есепке алуға мүмкіндік беретін «E-QONAQ» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы 206 қонақ үйдің 70-іне аталған жүйе енгізіліпті.

Дүниежүзілік мәртебе бізге не береді?

Өткен жылдың 1 қазанында киелі Тараз шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізіліп, Қазақстандағы алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе бізге несімен құнды?

– Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізудегі басты мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту. Сол себепті мемлекет тарапынан қолөнершілік пен қолөнер мұрасын өмірге әкелген кәсіпкерлерге қолдау көрсету, оларға өз туындыларын сатуға мүмкіндік тудыратындай жағдай жасау, қолөнершiлердiң мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ете отырып, атадан қалған асыл мұраны жандандыру алғы шарттардың бірі. Бүгінгі таңда осындай орасан зор туристік әлеуеті бар, тасын түртсе тарихы көрінетін Тараз шаһары «Қазақстандағы тарихи туризм орталығы» мәртебесіне лайықты түрде ие болуға барлық мүмкіндігі бар, – дейді басқарма басшысы.

 Туризм тек сөз жүзінде ғана дамымауы керек

Рас, туризмді дамыту тек қана сол салаға жауапты басқарманың ғана мәселесі емес. Сондықтан біз осы салада кадр даярлап жүрген маманның да пікірін білуді жөн көрдік.

– Таяуда Тараз қаласына Германия мен Турциядан туристер келді. Шыны керек, меймандардың біздің қаламызға деген қызығушылықтары өте жоғары болды. Өкінішке қарай, біз оларды сұраған жерлеріне алып баруымыз қиынға соқты. Біріншіден, лайықты көлігіміз болмады, екіншіден, жолдың жайы көңіл көншітпеді. Бізде туризмді дамыту тек сөз жүзінде ғана айтылып жүр. Іс жүзінде нәтижеміз айтарлықтай емес. Біз көптеген шетелдік туристермен пікір алмасып тұрамыз. Барлығының айтары бір, олар бізде табиғи, тарихи ресурстардың барлығына қызығады, бірақ инфрақұрылымның жоқтығына қынжылады, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті туризм және сервис кафедрасының доценті Дарья Аташева.

Туризм деген – жайлылық. Егер жағдайыңыз жайлы болмаса, сервис болмаса сіз еш жерде демалып жарытпайсыз. Дарья Орынханқызының айтуынша, бізде комфорт, сервис түрлері де ақсап тұр. Оған қоса, бізде әлі күнге дейін маманданған гидтер тапшы. Өңірдегі туристік фирмалар өздері үшін гидтерді дайындайды. Бірақ кәсіби тұрғыда гидтер дайындалмайды. «Туристік фирмалармен бірлесіп маман даярлайын десек, оларға мемлекет тарапынан субсидия бөлінбейді. Мәселен, біз университет қабырғасында мейрамхана ісі бойынша студенттерді оқытамыз. Олар диплом алғаннан кейін басқа қалаларға, тіпті шетелдерге кетіп жатыр. Себебі бізде жалақы төмен. Одан бөлек, бізге келіп оқитын студенттердің қарасы да жылдан жылға азайып келеді. Себебі біздің салада мемлекеттік гранттар жоқтың қасы. Көптеген студенттеріміз басқа мамандықтардың грантына қызығып ауысып кетіп жатыр. Біз тек саланың ұйымдастырушы, менеджер мамандарын ғана даярлаймыз. Ал жеке-жеке үйретуге оқу жүйесінде көңіл бөлінбеген. Қанша жерден туризмді дамытамыз деп ұрандатқанымызбен, жағдай осындай. Әйтпесе бізде қаншама жәдігерлер, құндылықтар бар. Агротуризм, экотуризмді де бөліп-бөліп, жеке-жеке дамытуға болар еді. Ал шетелдіктер өздерінде жоқ болса да, сол жоқтан барды жасап, ұтымды үйлестіре біледі. Ал біз өзімізде барын лайықты пайдалана алмай отырмыз», – дейді Дарья Аташева.

Түйін:

Қорыта айтқанда, өңір туризмінің тасын өрге домалату үшін әлі де теңіздей тер төгуіміз қажет. Бірақ жан-жақтылыққа басымдық берген абзал. Өңірде әлі күнге дейін кейбір нысандарға алып барар жол тұрмақ, бағыттаушы ақпараттық тақтайшалар да жоқ. Тарихи қалашықтардың аумағына жылқы бағып, мал қамап жүргендерді де талай мәрте жазған болатынбыз. Өңірдің тарихи құндылықтары бәрімізге ортақ олжа. Олжа ортақ болғаннан кейін, мәселе де ортақ.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support