Қайыс өңдеп, қамшы өрген Руслан
Қайыс өңдеп, қамшы өрген Руслан
Қордай ауданындағы Қарасай батыр ауылының тұрғыны Руслан Арынбаев қамшы жасауды бала кезден меңгерген. Соңғы 5 жылда ата кәсіпті меңгерген тұрғын 4 өрімнен 12 өрімге дейінгі қамшыны жасайды. Шебердің айтуынша, сабына кез келген тал-дарақ жарамайды. Тек күзде шабылған тобылғыны пайдаланады. Оның өзін Алматы облысы мен Қырғызстаннан алдырады екен. Руслан қамшыдан өзге, ер-тұрман мен тоқым, жүген, мұрындықты да жасайды. Алтын қолды ұстаға алыс-жақын ауылдардан тапсырыс беретіндер көп. Бұрын қайысты тері комбинатынан алса, қазір өзі илеп бастаған. Ауыл тұрғынының еңбегін елеп, жергілікті билік қайтарымсыз грант берген. Қажетті құрал-сайманын түгендеген қолөнерші енді кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. – Қамшыға терісін өзім өңдесем, илесем деген үміт болып отыр. Бір-екі рет жасап көрдім, бірақ кішкене кемшіліктер болып тұр. Қолдан жасалған қайысымыздың өзі керемет. Олар суға төзімді, терге бой бермейтін, оңайлықпен үзілмейді де, – дейді Қарасай батыр ауылының тұрғыны Руслан Арынбаев.