- Advertisement -

Көктемгі егіс жұмысына дайынбыз ба?

96

- Advertisement -

Енді аз уақытта дала төсінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталып, егістік жерді тазалау, жырту, тұқым себу, суару жұмыстары рет-ретімен жүргізіліп, мол өнім алуға бағыт ұсталады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында осы жауапты кезеңге қатысты «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық» тақырыбында өткен брифингте жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек биыл аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 14,7 мың гектарға артады деп болжанып отырғанын тілге тиек етті.

Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында облыста дәнді және дәнді бұршақты, майлы, көкөніс-бақша дақылдары және картоп, қант қызылшасын отырғызуға басымдық беріледі. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға ағымдағы жылы 100 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Бұл қаржы шаруаларға субсидия төлеуге, пилоттық жоба мен сүт тауарлы фермаларын құру, көкөніс қоймаларын салу, құс және балық шаруашылығы сияқты жобаларды іске асыруға жұмсалады, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков 2023 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдары 770,7 мың гектар алқапқа орналасатынын айтты.

– Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 90,2 мың тонна тұқымның бүгінгі күнге 68,9 мың тоннасы қолда, ол – 76,4 пайыз. Ал жетіспейтін қант қызылшасы, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері және күнбағыс тұқымы шет мемлекеттерден және Алматы, Қарағанды, Павлодар, Жетісу облыстарынан жеткізіледі. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникалары жегіледі. Көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастау үшін және дизель отынын шаруашылықтарға ертерек тарату үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат ұсынылды.

Қаңтар-мамыр айларына жалпы 15,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны қажет. Отынның бағасы әлі нақтыланған жоқ. Осы жылы облыс бойынша 6 ауданда қант қызылшасын 10400 гектарға егу жоспарланып отыр. Жоспарланған егіс алқабына қажетті тұқым көлемі – 15 600 тонна. Қазір қант қызылшасының агротехникалық іс-шараларын мерзімінде өткізу үшін, қосымша 31 бірлік заманауи қызылша жинайтын комбайн және 162 бірлік тіркемелер мен аспалы құралдарын сатып алу көзделіп отыр, – деді Нұрби Жігітеков.

Бұдан соң жиынға қатысқан ауыл шаруашылығын қаржылай қолдап отырған екі қаржылық институт – «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Жанар Исмаилова- Есжанова мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Бауыржан Тәжібаев өз салаларындағы жаңалықтарымен бөлісті. Жиын соңында спикерлер журналистердің сауалдарына жауап берді.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support