Жаңалықтар

Азаматтар өзін-өзі депутаттыққа ұсына алады

Азаматтар өзін-өзі депутаттыққа ұсына алады

Кеше облыстық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен аумақтық және округтік сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары қатысты.

Жиынды ашқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов елімізде өткізілетін сайлау науқанының маңыздылығы мен оны ұйымдастырып, өткізудің жауапкершілігіне жан-жақты тоқталып өтті. – Биылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу үшін облыста 12 аумақтық, 194 округтік және 499 учаскелік сайлау комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелерінің жалпы саны 4825 адамды құрайды. Облыста алдағы сайлауға шамамен 720 мың сайлаушы қатысады деп күтілуде. Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша жүргізіледі. Жалпы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Конституциялық заңда бекітілген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады. Олардың 69-ы, яғни 70 пайызы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан және 29-ы, немесе 30 пайызы бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде сайланады, – деді Серғали Өмірзақұлы. Жиында «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың ұсынылу мен тіркелу тәртібі туралы» облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов баяндама жасады. Баяндамашы алдымен Мәжіліс депутаттарының сайлауы бойынша айтып өтті. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен облыстың әкімшілік-аумақтық бірлігі мен сайлаушылар саны ескеріле отырып Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша екі сайлау округі құрылды. №1сайлау округінің орталығы – Тараз қаласы. Бірінші округтің құрамына Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Талас аудандары еніп отыр. Ондағы сайлау учаскесінің саны – 235, сайлаушылар саны 367 245 адамды құрайды. №2 сайлау округінің орталығы Рысқұлов ауданының Құлан ауылында орналасқан. Бұл округтің құрамына Сарысу, Мойынқұм, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай аудандары еніп отыр. Ондағы сайлау учаскесінің саны – 264, сайлаушылар саны – 353 914. Бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен немесе саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің кандидатты ұсынуы тиісті округтік сайлау комиссиясына азаматтың ұсынуға келісімі туралы өтінішімен бірге, жоғары басшы орган хаттамасынан үзінді көшірмені, сонымен қатар ұсыну құқығын растайтын жарғыдан үзінді көшірмені жіберу арқылы жүргізіледі. Мәслихаттар депутаттарының сайлауы бойынша да баяндаған Талғат Салқанұлы облыстық мәслихат барабар (пропорционалдық) өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланатын облыстық мәслихаттың депутаттарын (18 депутаттық мандат) сайлау кезінде біртұтас сайлау округі тиісінше облыстың бүкіл аумағын қамтитын болғандықтан, бір сайлау округі құрылғанын айтты. Бұл функцияны облыстық сайлау комиссиясы атқарады. Сайлау туралы заңның 103-бабының 3-тармағына сәйкес, саяси партиялар өздерінің мүшелері болып табылмайтын адамдарды партиялық тізімдерге енгізуге құқылы емес. Облыс бойынша бір мандаттық (мажоритарлық) жүйемен сайлау өткізу үшін 192 сайлау округі құрылды. Оның 18-і – облыстық, 27-сі – қалалық, 147-сі – аудандық округ. Бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі. Саяси партиядан мәслихат депутаттығына сайлау үшін партиялық тізімге енгізілген адам бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылуға құқылы емес. Бұдан кейін «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын ақпараттандыру және сайлауалды үгіт жұмыстарын ұйымдастыру туралы» облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева баяндады. «Сайлау алдындағы үгіт – сайлаушылардың белгілі бір кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткі болу мақсатындағы қызмет. Үгіт жұмыстары тіркеу аяқталған соң, 2023 жылғы 18 ақпанда сағат 18.00-ден кейін басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күні, яғни 2023 жылғы 18 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады», – деген Сара Қабылбекқызы сайлау алдындағы үгіт үш жолмен: бұқаралық ақпарат құралдары, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу, баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылатынын айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн платформаларды пайдаланушылар 2023 жылғы 14 ақпаннан кешіктірмей кандидаттардың үгіт материалдарын жариялау үшін эфир мен баспа алаңын беру мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді жариялауға, сондай-ақ ұсынуға тиіс. Жиында облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембеков сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеудің кейбір мәселелері туралы хабарлама жасады. Жиын соңында округтік сайлау комиссиялары орналасқан үй-жайларды материалдық-техникалық жарақтандыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы баяндаған облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев сайлау науқанын сапалы ұйымдастырып өткізу үшін бірінші кезекте округтік сайлау комиссияларын, сондай-ақ сайлау учаскелерін «Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру» жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы №21/183 қаулысымен бекітілген нұсқаулыққа сәйкес жабдықталуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Қазіргі таңда округтік сайлау комиссиялары өздерінің жұмыстарына кіріскен. Олардың орналасқан үй-жайлары материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілген. Оның ішінде телефон, интернет байланыстары, қажетті техникамен және ақпараттық-әдістемелік материалдармен қамтылған. Кеңейтілген отырысты қорытындылаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов алдағы маңызды саяси науқанның ойдағыдай өтуі алғашқы күннен атқарылатын жұмыстарға тікелей байланысты екенін айтып, аумақтық және округтік сайлау комиссиялары төрағаларынан сайлауды ұйымдастыру және өткізу барысында жауапкершіліктің болуы қатаң талап етілетінін қадап айтты.