Жаңалықтар

Президент Парламент Сенатының отырысына қатысты

Президент Парламент Сенатының отырысына қатысты

Мемлекет басшысы Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйлеп, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жоғары палата депутаттарының бір бөлігі сайланғанына және өзінің Жарлығымен бірнеше сенатор тағайындалғанына тоқталды. Президенттің пайымынша, осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды. Сенат депутаттарының арасында әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. Осылайша, Сенат түрлі санаттағы қоғам өкілдерін барынша қамтыды.

Мемлекет басшысы елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түскенін айтып, бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастыратынын айтты. Сондай-ақ елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру екенін еске салып, ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Ал жақында ғана басталған Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы екенін жеткізді.

Президент саясаткерлердің жаңа буынын қалыптастырып, оларды елге таныту аса маңызды іс екенін айтты. Оның пікірінше, еліміздегі партиялардың көпшілігі мемлекетшілдік ұстаным бар және алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Әртүрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты мызғымайтынын атап өтіп, сынның негізсіз болмауы тиіс екенін және оның нақты фактілерге сүйенуі қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы сайлаудың елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек екенін атап өтіп, үміткерлерді қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болуға шақырды.

Президенттің пікірінше, қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал сенім – аса маңызды құндылық. Қасым-Жомарт Тоқаев қиындықтың бәрін ел бірлігінің арқасында жеңіп келе жатқанымызға тоқталып, бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуға шақырды.

Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.

Жасырын дауыс беру нәтижесінде Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды.