- Advertisement -

Байзақ ауданының даму жоспарының орындалу барысы талқыланды

83

- Advertisement -

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен Байзақ ауданының активінде ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарының орындалу барысы талқыланды.

Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп,  алдағы жоспарлар туралы да баяндады.

Оның айтуынша, ауданда өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 7 миллиард 233,5 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 64 миллиард 724,9 миллион, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 8 миллиард 350,2 миллион теңгені құраған. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ауданда жалпы құны 2621,4 миллион теңгені құрайтын 243 жоба қаржыландырылған.

Былтыр ауданда негізгі капиталға салынған инвестициялар 30 миллиард 503,6 миллион, есепті кезеңде бөлшек сауда айналымы 18 миллиард 927 миллион теңгені құраған. Өткен жылы аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 96,  елді мекен көшелерінің жағдайы 92,3 пайызға жеткізілді. Аудандағы 43 елді мекен толықтай көгілдір отынға қосылған. Ал 43 елді мекеннің 30-ы таза ауыз сумен қамтылған. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 2 миллиард 113,7 миллион теңгеге 20 жоба жүзеге асырылған.

Баяндамашы сонымен қатар ауданда атқарылатын басқа да жобалар мен бағдарламаларға тоқталып өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров баяндамада айтылған мәселелерді талдай келіп, бірқатар кемшіліктерді сынға алды.

— Баяндамада өткен жылы атқарылған біраз жұмыс айтылды. Алайда, аудан әкімдігіне қарасты кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің жұмысын күшейте түсу – маңызды. Мәселен, ауданда 1207 кәсіпкерлік субектісі өз жұмысын тоқтатқан. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өткен жылы бірде-бір жоба іске асырылмаған, — деді Нұржан Календеров.

Аталған бөлім басшысы қойылған сұрақтарға толыққанды жауап бере алмады.

Сондай-ақ, жиында Байзақ ауданы әкімінің орынбасарлары Дәуір Дәулетов, Болат Сағынбеков өз салалары бойынша жұмыстарды баяндады. Белгілі болғандай «Асарлатып үй салу» жобасына төрт ауылдық округ қатыспаған. Жастармен жасалған қылмыс 18 пайызды құраған. Жайылым, каналдар бойынша да ауданда мәселе жоқ емес.

Нұржан Календеров аудан әкімінің орынбасарларына бұл жұмысты бақылауға алуды тапсырды.

Бұдан бөлек, кейбір бөлімдер мен ауылдық округ әкімдерінің есебін тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

— Біз ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жүргізген талдау барысында олардың бірқатарының облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарының қанша бағыттан тұратындығынан хабарсыз. Яғни, облыстың даму жоспарында көзделген жобалар кейбір ауылдық округтерде әлі күнге қолға алынбаған. Атап айтсам, аудандағы 18 ауылдық округтің 10-да бірде-бір жоба іске асырылмаған. Жоспарды өздеріңіз ұсынып, орындай алмай отырсыздар. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан, біздің даму жоспарымызда көзделген барлық бағдарламалар мен жобалардың мақсаты – халықты жұмыспен қамту, — дей келе Нұржан Календеров жүйелі жұмыс, қойылған тапсырмаларды орындау – мемлекеттік қызметкерлердің міндеті екенін еске салды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support