Денсаулық

АЛЫсымыз жақындайтын болды

АЛЫсымыз жақындайтын болды

Соның арқасында шағын және орта бизнес те өркендейді

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие...» деп атап көрсетуі Шу өзенін жағалай қоныс тепкен Сарысу және Мойынқұм аудандарының бірнеше ауыл тұрғындарының да еңсесін бір көтеріп тастады. 

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларының талаптарына сай құлан түздегі ауылдар көркейіп, ажарланып жатыр. Облыстық, аудандық маңыздағы жолдар да жөнделу үстінде. Алыс өңірдегі екі ауданға тән бір ғана мәселе – екі облыс арасын жалғайтын жол. ...Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Шу ауылы мен Сарысу ауданының Шығанақ ауылының арасы бар-жоғы 60-ақ шақырым. Шолаққорған-Жуантөбе-Тасты- Шу ауылдарының арасындағы жолға асфальт төселіп, айнадай жалтырап жатыр. Тіпті, Шу ауылы мен екі облыстың шекарасына дейінгі 20 шақырым жол да асфальтталған. Көрші облыстың аумағы аяқталар тұстан Шығанақ ауылына дейінгі жолдың ұзақтығы 40 шақырым. Осы жолға асфальт төселіп, Шығанақтан Ұланбел ауылына дейінгі 100 шақырым жол жөндеуден өтсе, екі ауданның да Шу бойын жайлаған тұрғындарының айы оңынан туады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ұйытқы болуымен «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автожолының күрделі жөндеуден өтіп жатқанын ескерсек, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысынан Астанаға шығатын автокөліктер осы жолмен жүрер еді. Елбасы Жолдауда «Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады» деді. Ұлт көшбасшысының бұл сөзінің маңыздылығын жамбылдықтар сезініп те жатыр. Іргесінен күре жол өтетін ауылдардың ажары артып, тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып жатқаны соның бір айғағы. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолының 495 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Осы халықаралық жолдың бойынан жолаушыларға қызмет көрсететін сегіз сервистік кешен, жүзге жуық ет және сүт өнімдерін өндіретін тауарлы фермалар ашылуда. Оны жол іргесіндегі ауылдардың кәсіпкерлері, шаруалары қолға алуда. Қазақстанның оңтүстігі түгілі, батысынан орталық және солтүстік өңірлеріне автокөлікпен сапар шегетін жолаушылар да, алып жүк көліктері де Шу өзенінің іргесімен өтетін осы төте жолмен қатынайтын болады. Елбасы айтқандай «Ел ішінен тың нарықтар ашылады». Жолаушыларға қызмет көрсететін кафе, автокөлік жөндеу шеберханалары, май құю бекеттері, қонақ үйлер, басқа да қызмет көрсету орындары бой түзейді. Төменгі Шу бойында төрт түлік малдан жер қайысады. Алайда, екі ауданның да шаруалары мыңғыртып мал өсіргенімен, оны сатып, пұл қылуы қиын. Өйткені, облыс орталығы да, басқа қалалар да шалғайда жатыр. Мойынқұм ауданында іcсапарда болғанымызда Құмөзек ауылының тұрғыны Төлеутай Құрманбеков Шу қаласындағы базарға мал апару үшін автокөлік иесіне бір бас ірі қара үшін – 5 мың, бір уақ малға 500 теңге төлейтіндерін, қып-қызыл ақша беріп жеткізген малдарын амал жоқ сұраған бағаға беріп кететіндерін қынжыла айтқаны бар. Сондықтан да малын саудалайтын шаруалар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойынан ашылып жатқан шағын тауарлы фермаларды осы жолдың бойынан да ашады. Егер осы жол Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, қолға алынып, жөнделіп жатса Сарысудың Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Мойынқұмның Ұланбел, Сарыөзек, Қарабөгет, Құмөзек және Қылышбай ауылдарын мекен еткен бейнетқор халық шағын және орта бизнесті ұршықша иіріп әкетеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Сарысу және Мойынқұм аудандары.