- Advertisement -

«Қыз әулие» шатқалы

92

- Advertisement -

Жалпы, Қазақстанда «Қыз әулие» деп аталатын жер жиі кездеседі. Олардың бәрі де жаугершілік заманда ер-азаматтармен бірге елі мен жерін қорғау үшін атқа қонып, жанын қиған, халықтың бірлігі мен берекесі сақталуы үшін жанталасқан ержүрек қыздардың ерлігіне байланысты қойылған деп айтылады. Жуалы өлкесіндегі Құлан тауының етегінде орналасқан қасиетті деп саналатын жерлердің бірі «Қыз әулие».

Бұл жерден бұлақ басталып, ол таудың етегіндегі егінді алқаптарды суаруға пайдаланылады. Бұлақтың басталар жері қалың жынысты, аңғарында итмұрын, қара долана, шеттік және тағы да басқа талдар өседі. «Қыз әулиеге» зиярат етіп барған жұрт бұлақтың басындағы талға мата байлап, суын емдікке тұтынып жатады. Қалың жыныстың жоғарғы жағында жақпар тастар бар. Сол тастардың етегінен шағын бұлақ басталады. Ол бұлақ жаздың аптабында алысқа ұзамай тартылып кетеді.

Ел аузында сақталған аңыздарда, осы төңіректе қасына қырық қыз көмекшілерін ерткен бір ханның қызы шатыр тігіп отырыпты және ол қыз әулие болған екен делінсе, ауыл тұрғыны Дербіш қария айтқан екінші бір деректе «Қыз әулие» туралы аңызды былайша баяндайды: «Ілгеріде осы мекенде бір қыз өмір сүрген деседі. Ол жастайынан келешекті болжайтын көріпкелдік қасиетке ие болыпты. Қызға келіп бал аштырып, оның айтқанының дәл келетініне осы маңның тұрғындары тәнті болған екен. Күндердің күнінде осы өңірді жайлап отырған бір байдың табын жылқысы жоғалып кетеді.

Айналаны түгел шолып, ақыры амалы таусылған бай жылқылардың қолды болғандығын сезіп, әлгі қызға келіп бал аштырады. Сонда көріпкел қыз ұзақ ойланбастан: «Сіздің тілегіңізді орындайын, алайда қоятын бір шартым бар. Мен жылқыларды тауып бергеніммен өміріме сол қарақшылардан үлкен қауіп төнгелі тұр. Сондықтан да сіз менің өмірім мен қауіпсіздігімді қорғауыңыз керек», дейді. Тек баюды ғана ойлаған бай ойланбастан қызға келісімін береді. Жылқылары табылып, қарақшылардың қылмысы әшкере болады. Алғашында қызға берген уәдесін берік орындаған бай уақыт өте өзінің күйкі тірлігінің қамымен кетіп, қыздың шарты ұмыт қалады.

Ел-жұрттың алдында ұрлықтары әшкере болып, масқара болған қарақшылар бір ұрымтал қараңғы түнді пайдаланып, қызды буындырып өлтіріп кетеді. Сол уақыттан бастап жердің атауы «Қыз әулие» деп аталып кеткен». Жергілікті тұрғындар осы жерді киелі санап, қиыншылықтарға душар болғандары медет сұрайды, маңында өсіп тұрған қалың жынысты ағаштарын кесіп әкетпей, бұлағын бүлдіруге жол бермей қорғаштап, қасиет тұтады.

 

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support