- Advertisement -

Туған жерді жырлаған талант

332

- Advertisement -

Патриоттық сезім – ең ізгі қасиет. Сол патриоттық сезім, отаншылдық талай аға буынның мемлекетін сүйген жүрегінен бастау алса керек. Бүгінде көпшілік арасында патриоттық шығармашылықты насихаттап жүрген ақынның бірі – Байзақ ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қасқырбай Нарбатыр. Бүгінде көпшілік арасында патриоттық шығармашылықты насихаттап жүрген ақынның бірі.

Қасқырбай Нарбатыр – бүкіл болмысымен ақын. Ақындығымен қатар шыншыл, патриот, үлгілі адам. Оның бойында ақындық пен сазгерлік қатар дамып, үйлесім тапқан. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарда елдің рухын оятып жігерлендіретін шығарма қажеттігін түсінген Қасқырбай ақын тоқсаныншы жылдардың орта шенінде патриоттық ән жазды. Оның сөзін де өзі жазып, шығармасын «Мақтанышым – Отаным!» деп атады.

Биігіне құт қонған шаңырағым,

Мақтан етем, елімнің бағы барын.

Нақ төрінен әлемнің шырқалады,

Мәртебемді көтеріп Әнұраным!, – деп толғанды.

Бірақ бұл ән алғашында жиі орындала қоймапты. Тек ақынның өзі жүрген жерлерінде ғана насихаттап жүріпті. Тек 1999 жылдары «Мақтанышым – Отаным!» аудандық, облыстық сахналарда жиі шырқала бастады. Тіпті 1999 жылы Қожахан Жабағиев Байзақ ауданына әкім болып тағайындалғанда, бірден Қасқырбай Нарбатырды іздейді. Кездесуде аудан басшысы ақынға халық нарықтың жағдайымен арпалысып жүрген уақытта жастарға жалынды дүние керек екенін, сондықтан Байзақ топырағы немесе Сарыкемер туралы жақсы ән жазсаңыз деген ой айтады. Арада біршама уақыт өткенде, 2000 жылы «Сарыкемерім» деген ән өмірге келеді. Бұл туралы Қасқырбай Нарбатыр:

– «Сарыкемерім» әні ауданда кеңінен шырқалып жүрді. Ауданға Астанадан, облыстан игі жақсылар келсе, осы ән шырқалатын. Оның өзі жақсы, әрине. Бірақ туған жерім жайлы бір әнмен шектеліп қалғым келмеді. 2002 жылы «Байзақ жері» деген ән жаздым. Сонымен туған топыраққа арнаған әнім екеу болып, егіз шырқалды. Әлі де үлкен сұранысқа ие. Ал «Мақтанышым – Отаным!» әні қазіргі таңда республикалық эфирлерде жиі шырқалып келеді. Әуелі бұл әнді байзақтық Алмахан Исабаев пен Өнер Нұрбаев бірге шырқап, көпшілікке танытты. Бұдан кейін құрамында Ерлан Ибәділдаев, Бақберген Сметов, Әділет Әбдікерімов бар «Жамбыл» триосы айта бастады. Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Әділет Әбдікерімовтің орындауында да бұл ән сәтті шықты. Ал қазір Әділет Әбдікерімов жеке орындап жүр. Осы әнге әнбаян (клип) түсірді. Соған қарағанда бұл әннің ендігі шырқаушысы Әділет болып тұр. Мен қарсы емеспін. Ән мен әнші бір-бірін тапты, үйлесті деп ойлаймын, – дейді ақын.

Сондай-ақ Қасқырбай Нарбатыр Байзақ ауданындағы №3 Байзақ колледжіне және алты мектепке әнұран жазып беріп, олар да өз білім ошақтарында сәт сайын шырқалып, ұстаздар мен шәкірттердің жүректерін тербеп келеді.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support