Денсаулық

Баламасы жоқ «База-servis»

Баламасы жоқ «База-servis»

Соңғы жылдары облыста құрылыстың қарқыны артып келеді. Мемлекеттік нысандарды айтпағанның өзінде, жеке үй құрылыстары қалада да, ауылда да бір-бірімен жарысып тұр. Бұған Тараз қаласы мен аудандардың бас жоспарларының бекітіліп, сол бойынша жүргізілген егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстарының септігі тиген шығар. Себебі, елді мекендердің бас жоспарлары негізінде тұрғын үй салу мақсатына мыңдаған гектар жерлер бөлініп, ол учаскелер кезекте тұрған азаматтарға беріліп жатыр. Сондықтан, құрылыстың қарқын алуы заңды құбылыс. 

17 18Дегенмен, құрылыс қарқын алған жерде оған қажетті материалдарға деген сұраныстың да артары сөзсіз. Дәл қазір облыста кірпіш өндірісі иелерінің қолы жүріп тұр. Себебі, ғимарат құрылысына ең көп кететін осы құрылыс материалы құрылыстың нағыз қызған науқанында қат дүниеге айналып-ақ тұрады. Тіпті, айлап кірпішке кезекке тұрғандарды да көргенбіз. Оның үстіне бұрын жұрт табылған кірпішті қанағат тұтса, қазір сапалысын іздейтін деңгейге жеткен. Ал, бұл жәйт саладағы бәсекенің артуына үлкен септігін тигізіп отыр. Бәсекеге қабілетті кірпіш зауыттардың бірі, тіпті бірегейі – «База- servis» ЖШС екеніне жақында көзіміз жетті. Байзақ ауданының Ботамойнақ елді мекені аумағында орналасқан серіктестік бүгінде Оңтүстік Кореяның «Ироум» компаниясының жаңа технологиясы бойынша құрылыс материалдарын шығарып келеді. 2012 жылдың шілде айында іске қосылған кірпіш зауытының жобалық құны 300 миллион теңгені құрапты. Оның 265 миллион теңгесі несие негізінде және 35 миллион теңгесі өз қаражаттары есебінен игерілген. Бұл қаржыға серіктестік зауыттың негізгі құрылыстарын аяқтаған. Бұл ретте мемлекет те қарап қалмапты, зауыт «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 7 пайыз өсіммен «Цесна Банктен» несие алыпты. Оны серіктестік 6 жыл мерзімде қайтаруы тиіс екен. Ал қуаттылығына келетін болсақ, жылына 15 миллионға жуық құрылыс кірпішін өндіруге мүмкіндігі бар. Яғни, оның қаржысын сөйлетсек, жылына 300 миллион теңгенің өнімін бере алады. Сәйкесінше, бюджетке 30 миллион теңге түсім түсіреді. Мұнда әу баста 20 адамға жұмыс ашылады деп жоспарланған екен, қазіргі жұмысшылар саны жиырмадан көп болмаса аз емес. Олар негізінен жергілікті байзақтық жастар. Арасында бірен-саран ересектері көзге шалынады. Шыны керек, мұндай үлкен зауытқа жиырма жұмысшы аздық етпей ме, деген де ой болды бізде. Сөйтсек, оңтүстіккореялық технология бойынша жұмыс істеп тұрған қондырғылар толықтай автоматикаға қосылған екен. Онда тек бір ауысымда төрт оператор ғана бар өндіріс барысын бақылап отырады. Олардан бөлек бір каршик пен жүк тиеуші қосымша жұмыстарды атқара береді. Ал зауыт жұмысы екі ауысымға негізделген. – Бір жақсысы біздің қондырғылар тек қана автоматты жүйемен арнайы бағдарлама арқылы құрылыс кірпіштерін шығарады. Бұл жүйе біріншіден, өнім сапасына кепіл бола алады. Себебі, ондағы арнайы таразы кірпіштер мен құмды блоктардың алғашқы қоспасын дәлме-дәл есеппен әзірлейді. Одан кейін, қалыпқа түскен қоспа нығыздалып, вибрация арқылы тағы да қосымша нығыздала түспек. Одан шыққан дайын құмды кірпіш немесе блок екі жарым сағат бойы бу кабиналарында бумен кептіріледі. Бумен кепкен бұл блоктар мен кірпіштер кез-келген ауа райы жағдайына төтеп бере алады, – дейді осы зауыттағы база меңгерушісі Гүлзира Таубалдиева. Г.Таубалдиева қойма меңгерушілігімен қатар база меңгерушісі ретінде зауыттағы өндіріс барысына қатаң қадағалау жасайды екен. Ондаған жылдан бері облыстағы осы кірпіш өндіру саласында еңбек етіп келе жатқан оған зауыт директоры Рүстем Сейдахмет мұндағы бар шаруаны сеніп тапсырғанға ұқсайды. Себебі, бізбен әңгімелесуге бөлген 10-15 минуттың ішінде ұялы телефоны тыным таппады. Бұл әзірге облысымызда баламасы жоқ зауыттағы жұмыс жағдайы тым қауырт деген сөз. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да база меңгерушісін сөйлетіп көрейік.

– Біз күніне бес мың құмды блок шығаруымыз керек. Сондықтан, мұндағы қондырғылар тәулігіне 12 сағат жұмыс істейді. Түс кезінде ғана бір сағаттық үзіліс береміз, өйткені, аппараттарды ұзақ қинай берген тағы болмайды. Ал бу кабинасынан кеуіп шыққан блоктарды сыртқа жинаймыз. Тұтынушыларымыз өздері келіп алып кетеді, – дейді ол. Мұнда сұранысқа байланысты әр кезде әртүрлі кірпіш немесе блок шығарылады. Дәл қазір зауыт құмды блоктың тегіс түрі мен бір беті бүдірлісін, үй қабырғасын көтеруге арналған кірпіш және бөлмеаралық қабырғаға арналған блоктарды өндіруде. Блоктардың өзі бірнеше түспен боялып шығады. Өнім облыста баламасы жоқ технологиямен шығарылғандықтан, олар өзге шағын құмды блок шығару цехындағы өнімдерден аздап қымбаттау екен. Бірақ, сапасы көңілден шығады. – Бізде тауарды жеткізіп беру қызметі жоқ болғанымен, келіп алып кетіп жатқандарда есеп жоқ. Тіпті, тапсырыс берушілер кейде бір апталық кезекке тұрады. Тұрақты клиенттеріміз тек Тараздың төңірегінде ғана емес, өзге облыстардан да табылып жатыр. Мәселен, қаладан қалаға өзге де жүк түрлерін таситын кейбір алып жүк көліктері бос қайтпау үшін біздің өнімдерді тиеп кетіп жатады. Облыстағы біраз құрылыс фирмаларымен де әріптестік орнап қалды, – дейді зауыт директоры Р.Сейдахмет. Өнімге қажетті ірі құм аудан аумағындағы карьерден алынса, цемент Мыңаралдағы цемент зауытынан аптасына бір рет жетпіс тонналық вагонмен жеткізіліп тұрады екен. Бұған қоса, осыдан бір жарым ай бұрын серіктестік зауыт жанынан шағал мен әртүрлі құм әзірлейтін тас ұсақтаушы қондырғылар орнатқан. Қытайдан алынған бұл қондырғылардың арқасында зауыт біраз шығынды үнемдеген екен. Өйткені, бұған дейін құмды блоктарға қажетті шикізатты карьерден дайын күйінде сатып алып отырған. Қазір шикізатпен өздері өздерін қамтамасыз етуде. Ал, шағалдарды тапсырыс бойынша сатылымға шығарған. Зауыт директоры орналасқан жерлерінің де өте қолайлы екенін айтып қалды. Себебі, зауыт еліміздің батысы мен шығысын жалғап жатқан негізгі темір жол магистралі мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойында орналасқан. Жол – экономиканың күре тамыры екені әлдеқашан дәлелденіп қойған. Сондықтан, өңіріміздің Индустрияландыру картасына кіретін бұл жобаның болашағын болжап, перспективасын айқындау әзірге қиынға соқпайды. Өйткені, мұнда зауыттың жұмысын жандандыруға деген мемлекеттің мүдделілігі көрініп тұр. Тек, істің тетігін тауып үлгерген бұл ұжымға енді, құрылыс саласындағы маркетингті зерттеп, зерделеп, сол бойынша тынбай еңбек ету ғана керек. Оның үстіне, «База- servis» келесі жылы өнім түрлерін көбейту мақсатындағы жұмыстарын да қолға ала бастапты.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.