- Advertisement -

Меркіде «Aq jol» газеті атындағы ауыл бар

61

- Advertisement -

Облыс баспасөзінің қара шаңырағы атанған «Aq jol» газетінің 100 жылдығын күні кеше ғана өңір жұртшылығы дүрілдетіп атап өтті. «Кедей еркінен» бергі ғасыр шежіресін құрастырған Тұрсынхан Толқынбайұлы ағамыз Меркіде газеттің атымен аталатын ауыл бар екенін де жазды.

Біз де тарихи басылымның атын иеленген ауылға іссапарға шықтық. Баратын бағытымыз Меркі ауылының шалғай оңтүстігіндегі Тәтті ауылдық округіне қарасты бұрынғы «Ленин жолы», қазіргі «Ақ жол» ауылы болған соң, жолымызға себепші әрі осы ауылдың атының өзгеруіне тікелей қатысы болған газетіміздің Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы байырғы меншікті тілшісі Сейсен Қожеке ағамызды жолсерік етіп ерте шықтық. Ол кісі осыдан 22 жыл бұрын ауылдың атының «Ақ жол» деп аталуына ұйытқы болған, 1987-2010 жылдары сол ауыл мектебінде директор қызметін атқарған Жұмахан Жантелиевті ерте шықты.

Меркі мен Тәттінің арасы 40 шақырым, ал, оның ар жағындағы «Ақ жол» ауылына дейін тағы да 12 шақырым бар. Сонымен әңгімені әуелі қарт журналист өзі бастады.

– Жұмеке, екі мыңыншы жылдың басы болар тәрізі, – деп сөзін сабақтаған ол сапарласына қарап, – «Ленин жолдағы» байламаны топан су алып кету қаупі бар деген соң бір топ мамандарға ілесіп тоғандарды аралап шыққан едік. Өзі сонау, Аспарадан бастап жаңағы ауылға дейін алты байлама бар екен. Көктем келіп еріген қар суымен бірге өзен суы да көбейіп, ауылдарға кәдімгідей қауіп төндіріп тұрған мезгіл болатын. Ең үлкен қатер «Ленин жол» ауылына төніп тұрғанын сол жолы анық байқадық. Аспарадан бергі барлық тоғанның суы осы ауылдың тұсына жиналған ба деген ой бәрімізді мазалады. Су мамандары байламаның ауыл бетіндегі топырағына, тіпті темір-бетонды шегенге сызат түскенін, егер шұғыл бір шара қолданбаса байлама астында отырған төрт жүз үйлі ауыл мен оның астындағы он шақырым жердегі стратегиялық маңызы бар теміржол торабын су шайып кету қаупі бар екенін жасырмады. Алайда ауыл халқы әбіржіп дүрліккенімен аудан басшылары жылы орындарынан жылжи қоймады. Осы жайбарақаттықты жай түскендей етіп жазып, облыстық газетте дабыл қақтым, сын мақала жаздым. Ол кезде облыс әкімі Бөрібай Жексембин еді. Дереу шұғыл шара қолданып, су тасқынына қарсы техникаларды әлгі ауыл тұсына жіберді. Кейін сол тоғанды күрделі жөндеуден өткізу туралы қаулы шығартып, артынша облыс әкімінің өзі де «Ленин жол» ауылына келді.

Осы жолы екі аудандағы меншікті тілші болған соң мен де облыс әкімімен бірге ауылды аралап көрдім. Иә, «Меркі-Шу» тасжолынан осы елді мекенге бұрылатын соқпақ жолды көргенде облыс басшысы әжептәуір ренжіді. Сегіз шақырым жолдың сол кезде ми батпағы шығып жатқан. Б.Жексембин бірден Тәтті ауылының әкімі Қамқабай Есенәлиевке ескерту жасады. Алпыс оқушыға арналған аядай ғана мектеп пен жарқанаттың ұясындай клубты көріп әбіржіп тұрған өңір басшысына ауылдың ақсақалы Жақан Әбжапаров ақсақал мен ауыл кәриелері Нүсіпжан Құлажанов пен Қыпшақбай Тоғысбаевтар ақыл-кеңесін айтып: «…бәрінен де тоғанымызды оңдап, бір қатерден алып қалғаныңызға рақметімізді айтамыз. Ал ауыл мектебін мына Жақан қартымыз өз қаражатына жөндеп бергелі отыр» деп жұбату айтқан.

Содан кейін осы ауылдан сең қозғалғандай болды. Бәрі де мына Жұмахан сияқты жігіттердің жұмыла көтерген жүгінің арқасы, – деп Сейсен ағамыз Ж.Жантелиевті арқасынан қағып қойды. Сөздің реті келгенде ауылдың аты қалай қойылғанын сұрап білдім.

– Ауылдың атына келетін болсақ, бұл бастаманы көтерген «Ақ жол» газетінің сол кездегі меншікті тілшісі Сейсен Қожеке болатын. Өзіңіз білесіз, ол кезде «Ленин жолы» деген сөздің лексиконымыздан алына бастаған кезі. Дегенмен осы саяси мәні мен мағынасы бар іске ауылымыздың Нүсіпжан Құлажанов, Қыпшақбай Тоғысбаев, Талғат Әлімжанов сынды ұстаздары бір кісідей атсалысты, тіпті жұрттан қол жинады. Мектепке Жауғаш батырдың атын бергізуге да солар құлшына кірісті. Марқұм Жақан ақсақалдың ұлы Мақсұт та бір кезде осы мектепке директор болған. Жақан ақсақал ұлының әруағы разы болсын деді ме, мектептің күрделі жөндеуін өз мойнына алса, немересі Нұркелді Әлханұлы мектептің алдына Жауғаш батырдың бюстін қойды. Сол жылдары мен білетінім ауылдың атақты механизатор-комбайншысы Алпан Кендірбаев екі аяғынан жарақат алып үйінде жұмысқа жарамай жатып қалған. Оған сол кезде қоларба ауадай қажет болатын. Облыстық газет тілшісі С.Қожеке осы кемшін тұсты тура тауып газетке жазды. Кейін ол аудандық зейнетақы бөлімінің басшысы Қ.Иманалиев екеуі бірге келіп, механизаторға қоларба әкеліп тапсырды. Қазір ол кісі өмірден озған. Айтайын дегенім, сол жылдары облыстық «Ақ жол» газеті ауылға шефтік көмек көрсетіп, жұрттың көкейтесті мәселелерін тауып жаза білді. Бәлкім, сондықтан болар ауыл халқы облыстық газетті ұмытқан жоқ. Содан бері де 22 жылдың жүзі болып қалыпты. Жақында мен ауылға барып ауылдың не үшін «Ақ жол» деп аталғанын әркім-әркімдерден сұрай бастадым. Иә, жастар жағы бұл атаудың не үшін берілгенін тура айтып бере алмады. Ал жасы ұлғайған, зейнеттегі Батиха Молдашева, Шәриякүл Байбатшаева сынды мұғалімдер бұл атауды ұмытпапты – деді Жұмахан аға.

Үкідей ұйысқан шилі қойнаудағы 357 түтіні бар елді мекенге де келіп жеттік. Ауылға баратын асфальт жол да, жөндеу көрген мектеп пен клуб та, тіпті 2011 жылы салынған медпункт та бар екен. Бұрын бұл ауылда ұялы телефон байланысы ұстамайды екен, ал, қазір байланыс мұнарасы орнатылыпты. 2019 жылы «Туған жерге туың тік» акциясы өткізіліп, ауылдағы кітапхана қоры толығып, елді мекенді көріктендіру, абаттандыру қолға алыныпты. Ал 2021 жылы Байсейітовтер әулеті «Дүйсен ата» мешітін салып беріпті. Қазір ауылда көгілдір отын да, үш бірдей телемұнара да бар.

Ауыл халқының негізгі күнкөрісі мал мен егін өсіру болған соң мұндағы жұрт шаруа қожалықтарына сүйенеді. Мәселен, Нұргелді Әбжапаровтың, Таңатар Анарбековтың, Қоныс Жаманбаевтың және Көктал Бердіқұловтың шаруа қожалықтары ауылдастарына үнемі көмек қолын созып отырады екен. Алдағы жылы ауылға 100 орындық мектеп үйін және 60 орындық клуб салу туралы аудан басшылары да уәде берсе керек.

Біз өзіміздің «Aq jol» газетінің атын алып отырған ауылға шефтік көмек көрсетуді одан әрі қарай да жалғастырып, қордаланған мәселелерді облыстық баспасөз бетінде жариялап тұрсақ деп ойлаймыз. Ол үшін газетіміздің 100 жылдық мерейтойы аясында осы ауылда тұрғындармен кездесу өткіздік. Оған мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары көп жиналды. Мектеп директоры Жанар Өсербаева, орынбасары Гауһар Маралбаева, тарих пәнінің мұғалімі Ғани Спанқұлов, психолог Қайрат Бегайдаров, дене тәрбиесінің мұғалімі Жанболат Өмірқұловтар, ауыл тұрғындары Сатыбалды Асылбаев, Талғат Әлімжанов, кітапханашы Мархабат Омарова тағы басқалар қатысты.

«Ақ жол» ауылының бүгінгі таңда шешілмей тұрған бір-ақ мәселесі бар. Ол – ауыл тұсынан салынып жатқан республикалық маңызы бар тас жолдың ауылға бұрылатын тұсынан салынатын көпір құрылысының аяқсыз, бітпей тұрғаны. Шалғай елді мекеннің тұрғындары үшін Меркіге қатынайтын автобус та жоқ. Сондықтан халық жолақысы мың теңге ары, мың теңге бері болатын ауыл таксилеріне жүгінуге мәжбүр.

Бәрін айт та, бірін айт, біз Меркінің бір шалғай түкпірінде жатқан төл газетіміздің атын алып, сол мекенде тұрып жатқан халықпен жүздесіп, оларды да газетіміздің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап қайттық.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support