- Advertisement -

Игілікті іс те, жүйелі жоспар да жетерлік

85

- Advertisement -

Асыраушы сала алға басуда

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да өркендеу байқалады. Мүйізді ірі қара мен қой-ешкіден өсім бар. Ауданға 90 жылқы, 1725 уақ мал, 16 мүйізді ірі қара «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы алынса, 25 жылқы мен 500 уақ малға «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қол жеткізіп отыр. Өткен жылы 368 миллион теңгеге 84 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Өткен жылы аудандағы жалпы егістік жер 20086 гектарды құраған. Оның ішінде 14195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ауданда жылыжай ісі де жанданып келеді. Жылыжай өндірісі Қаратау қаласында және Үшарал, Ойық, Кеңес ауылдық округтерінде жүзеге асып отыр.

Өткен жылы 250 гектардан астам көлеміндегі егістікке тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі қолданылды. Оның ішінде Бостандық ауылдық округінің белсенді жұмыстарын атап өтуге болады. Мәселен, «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығы өткен жылы 77 миллион теңгеге инвестициялық жоба жасап, жаңбырлатып суару құрал-жабдықтарын сатып алды. Қазіргі таңда 50 гектар көпжылдық шөпті осынау тәсілмен суаруда. Тамшылатып суару әдісін «Зерхат» шаруа қожалығы 70, «Жаңалық» шаруа қожалығы 30 гектар алқапқа қолдануда.

Аудан бойынша мал азығы үшін 146 мың тонна ірі сабақты шөп және 13,5 мың тонна жем дайындалуы қажет. Бұл ретте жоспар орындалып, малдың қыстан күйлі шығуы назарға алынған.

Өнеркәсіп өрге басып келеді

Өткен жылы аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 35632,0 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,5 пайызға артты. 2023 жылы аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 36000,0 миллион теңгеге жоспарланды. Өткен жылы өңдеу өнеркәсіп өндірісінің көлемі 19867,8 миллион теңгені құрады, нақты көлем индексі 101,0 пайыз күтілуде.

Кәсіпорындарды талдайтын болсақ, «Талас Инвестмент Компании» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 13592 тонна сульфат аммоний өндіріп, ақшалай 17608,6 миллион теңгені құрады. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда ақшалай 3085,7 миллион теңгеге артық, ал заттай цианид натрий 100 тоннаға артық орындалған. «Қаратау Про» ЖШС 1168 тонна карбонат кальций, 68150 тонна мәрмәр ұнтағын өндірген. «Амангелді газ» ЖШС 188,8 миллион текшеметр табиғи газ және 9,5 мың тонна газ конденсатын өндіріп, өнім көлемі ақшалай 13210,1 миллион теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық орындалған.

«Шолақтау» ЖШС 72,7 мың тонна ұсақталған фосфат шикізатын өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда 115,8 пайызға орындалды.

«Амангелді ГӨЗ» ЖШС 3,0 мың тонна газ және 7,2 мың тонна дистилятор өндіріп, ақшалай 1257,9 миллион теңгені құрады.

Аудан бойынша кәсіпорындар арасында еңбек жанжалдарын, даулар мен шиеленістерін болдырмауға бағытталған шаралар қабылдау бойынша тиісті түсінік беру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорындар арасында айлық жалақы бойынша жұмысшылар алдында қарыз жоқ екен. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 168 кәсіпорын, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында айлық жалақы 10-30 пайызға көтерілген.

Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасының орындалуы бойынша бірінші және екінші бесжылдығында жалпы құны 374811,7 миллион теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба жоспарланып, 18211,7 миллион теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылды.

Ауданда 2022-2025 жылдарға 49,8 миллиард теңгенің 7 ірі жобасы жоспарланған. Онда 617 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жергілікті жерге салық мөлшері 570,0 миллион теңгені құрайды. Өңдеу өнеркәсібі бойынша 44,3 миллиард теңгенің 4 жобасы, оның ішінде химия саласында 43,2 миллиард теңгеге 3 жоба.

Ал «жасыл экономика» саласы бойынша 5487,0 миллион теңгенің 3 жобасы жоспарланып, биылғы жылы іске асырылады.

Мәселен, «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақсаты жылына өндіретін өнімді 15,0 мың тоннадан 30,0 мың тоннаға арттыру. Жалпы инвестиция 25438,0 миллион теңгені құрайды. Жаңадан ашылатын жұмыс орны 300 адамдық деп жоспарланған. Іске асырылатын мерзімі– 2023-2025 жылдары.

«Каратау ПРО» ЖШС жылына өндіретін өнімді 110,0 мың тоннадан 190,0 мың тоннаға арттыруды көздейді. Жалпы инвестиция 1085,0 миллион теңгені құрайды. Жаңадан ашылатын жұмыс орны 25 адам. Іске асырылатын мерзімі 2023-2024 жылдары.

«Азия хим» ЖШС жылына 150,0 мың тонна минералды тыңайтқышын өндіреді. Жалпы инвестиция 15000,0 миллион теңгені құрайды. Жаңадан ашылатын жұмыс орны 250 адам. Іске асырылатын мерзімі – 2023-2024 жылдары.

«Karatau Chemicals» ЖШС жылына 25,0 мың тонна пиросулфитнатрий өндіруді қолға алған. Жалпы инвестиция 2800,0 миллион теңгені құрайды. Жаңадан ашылатын жұмыс орны 30 адам. Іске асырылатын мерзімі – 2023-2025 жылдары.

Ал «жасыл экономика» саласы бойынша 5487,0 миллион теңгенің 3 жобасы жоспарланып, биылғы жылы іске асырылады.

Жобалық құны 1829,1 миллион теңге болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Новатэкс» ЖШС-нің құрылысына Қызыләуіт ауылдық округінен жер телімі бөлінген. Жалпы қуаты 4,5 мВт болатын 3 қондырғы орнатылды. Жоба іске асырылып, 4 адам жұмыспен қамтылады.

Жобалық құны 1829,1 миллион теңге болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында

«Шеңгелді» ЖШС-нің құрылысына Қызыләуіт ауылдық округінен жер телімі бөлініп, жалпы қуаты 4,5 мВт болатын 3 қондырғы орнатылды. Жоба іске асырылып, 4 адам жұмыспен қамтылады.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 12 айда барлығы 3652,9 миллион теңгені құрайтын 136 жобаға қаржылай қолдау шаралары көрсетілген. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 3062,0 миллион теңге болатын 83 жоба, «Атамекен» қаржы ұйымы арқылы 41,5 миллион теңге болатын 9 жоба, «Казагролизинг» қаржы ұйымы арқылы 105 миллион теңгенің 7 жобасы, «Іскер» бағдарламасы аясында 41,5 миллион теңгенің 11 жобасы, «Агробизнес» бағдарламасы аясында 309,7 миллион теңгенің 19 жобасы және «Аулие Ата» НС арқылы 84,2 миллион теңгенің 7 жобасы несиеге қол жеткізіп отыр. Жалпы, бүгінде «Жол картасы» аясында қарастырылған қаражат толығымен игерілген.

Ажары ашылған Аққұм

Аққұм ауылдық округінде 223 отбасы бар,1452 адам тіркелген. Ауылда барлық үйге ауыз су, газ құбыры тартылған, 4 көшеде жаңадан көше жарықтары орнатылған. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша барлық көшеге асфальт төселіпті. Ауыл тұрғындары мал, егін шаруашылығымен айналысады. 59 шаруа қожалығы бар. Шаруалар соңғы төрт жылда үкіметтік бағдарламалармен мал, трактор, басқа ауыл шаруашылығы жерлерін игере бастағаны қуантады. Былтырғы жылы ауылға су келетін Оң жамбас, Аққұм каналдары «ҚазСушар» арқылы тазаланып, «Жамбыл», «Жамбас» каналдары да тазалаудан өтіпті. Сондықтан ағын су тапшылығы бола қоймаған екен. Жеке тұрғындар да жаз бойы үй іргесіне үш рет су алып отыр. Жаз бойы сауын сиырдан басқа малдар өріске шығарылады. Ауылдағы мемлекеттік мекемелердің барлығы күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлердің күшімен «Асар» бағдарламасы аясында 2020-2021 жылдары жаңадан тұрғын үй салса, 2022 жылы жағдайы төмен жалғыз басты ананың ескі үйі шатырынан бастап күрделі жөндеуден өткізіп беріпті. Ауыл әкімдігі, ауылдық ақсақалдар алқасы жастармен тығыз байланыста жұмыс істейді. «Округтегі елдің ауызбіршілігі, ынтымағы жаман емес. Шаруа қожалықтар жаңашыл қадамдарға да ұмтылып отырады. Оларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жыл сайын жұмысы жүріп тұрған шаруа қожалық жетекшілері жағдайы төмен 2 отбасына 100 түктен шөп қайырымдылық көмектер көрсетеді. Барлық қоғамдық жұмыста да қашанда белсендіміз. Алдағы уақытта да жақсы жоспарларымыз көп», дейді аталған округ әкімі Болат Ошақбаев.

Жақсы іске жұмылған ауыл

Тұрғындары еңбекшіл, тұрмысы берекелді ауылдың бірі – Ойық ауылы. Бұл ауылдың тарихы да тым әріден тамыр тартады. Бұл топырақ Әнуарбек Тәжімбетов, Сейілбек Әбдиев, Смағұл Молдабеков, Уәли Кенжебеков, Рахманәлі Жантайбеков, Бердібек Жолдасбеков, Аманбай Мамыралиев, Артельбек Қуанышбеков, Нұрқаш Сағатов секілді басшы азаматтарды бесігінде құндақтауымен де ерекше. Бұл күнде бәрі бақилық болса да, осы кісілер бір үлкен ауылдың көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан ат үстіндегі азаматтар еді.

Бүгінгі таңда да бұл ауылдың сүттей ұйыған берекесі кеткен жоқ. Нарықтың сан түрлі сынақтары келсе де мойымай, аудан экономикасының ілгері басуына өз үлестерін қосып келеді. Ауылдық округте үш елді мекен, онда 2912 тұрғын бар. Ауылда 4 мектеп, 1 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт, мәдениет үйі, 1 балабақша, 1 шағын орталық, 1 аула спорт клубы, 1 мешіт, 1 балалар жасөспірімдер орталығы, пошта бөлімшесі мен клубтар тұрғындарға қызмет етеді. Ауылдық округте 47 шаруа қожалық, 40160 уақ мал, 2760 ірі қара, 1330 жылқы, 350 бас түйе бар.

Соңғы жылдары аталған округ әкімі болып Нұржан Мұхтаров деген жергілікті азамат сайланған. Ол әкім болған күнінен бастап, іске кірісіп кетіпті. Бұрыннан осы ауылда өскендіктен, округтің барлық жұмысы бұған таныс. Округтің әкімі әуелі қарапайым тұрғындардың қорасындағы малға жем-шөптің жеткілікті болуын назарға алып отырады. Осылайша 10 көмекке мұқтаж отбасына 48 рулон және 240 түк шөп тегін түсіріліп берілді. Өзге аулалардың да шөбінің жеткілікті болуы қадағалануда. Аталған сауапты іске «Орыс сәтек» шаруа қожалығының төрағасы Есімхан Жексенбаев, «Бейбіт» шаруа қожалығының төрағасы Болатжан Дуанбек, «Мұса» шаруа қожалығының төрағасы Мұса Ахметов, «Береке» шаруа қожалығының төрағасы Төленді Әлімханов, «Шалқар» шаруа қожалығының төрағасы Жаңабек Шалқарбаев, «Бөрібай» шаруа қожалығының төрағасы Нұрғазы Ақылбаев сүбелі үлестерін қосыпты. Сондай-ақ кәсіпкер Лесбек Жаншораев қандай іске де қол ұшын созуға дайын тұратын азамат көрінеді. Ал осы округтегі Болатбек Тілепбергенов деген жігіт ауласындағы 7 сотық жерін жылыжайға айналдырып, қияр, қызанақ егіп, жылына 7-8 тонна таза өнім алып отырған еңбеккеш азамат.

Бұл ауыл ішімдік сатпайтын үлгілі ауыл ретінде де ерекше. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманберді алдыңғы толқынды игі істерге жұмылдыруда аянып қалған емес. Сауапты жұмыстарға, жастар тәрбиесіне ерекше үлес қосып жүрген Ділдәкүл Қабылбекова, Төкен Атамқұлов, Әшкен Мұсаев, Мырзатай Құранбеков, Бидаулет Жуасбаев, Балтабай Әлімбеков секілді қариялардың еңбегі де атап өтерлік.

– Тұрғындар сенім артқан соң, үдеден шығу – міндет. Түрлі бағдарламалар мен пилоттық жобаларды дамыту өзекті. Үш мыңға жуық тұрғындарға қызмет көрсету жеңіл емес. Ауыл жастарын жаңашыл істерге бағыттау, ауыл мектебі мен мекемелерін сапалы кадрлармен қамту күн тәртібіндегі маңызды іс. Округ мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға қолайлы. Суды үнемді пайдалану да назарымызда болады», дейді Ойық ауылдық округінің әкімі Нұржан Мұхтарұлы.

 

 Дайындаған Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support