Мал баққанға бітеді

24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз.

Біздің ұстанған жолымыз, ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Мен де осы жобаның қатысушысының бірімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын бағымды сынап, халықты жұмыспен қамту орталығына қайырылып, солардың қолдауымен шағын несие алып, кәсібімді бастаған едім. Ойға алған жоспарымды жүзеге асыру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының несиелендіруі арқылы мүмкін болды. Солардың көмегімен алған 3 миллион теңгеге 15 бас жылқы алып, жұбайым екеуміз Қамбар ата түлігін бордақылауды бастаған едік. Содан бері де арада бес жыл уақыт өтіпті.

Қазір ауылда жұмыс жоқ, оның үстіне аудан орталығында тұрып осынша жылқы ұстау да оңай шаруа емес. Бізді бұл кәсіппен айналысуға итермелеген – жұмыссыздығымыз. Оның үстіне, қарап отырмай бір кәсіппен айналысу керек деп шештік.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл кәсіп менің бойыма ата-бабамнан дарыған десем артық айтқандығым болмас. Атам Лес Медетбекұлы – Талас ауданына белгілі жылқышы әрі көкпаршы болған кісі. Әкем Әбілғазы да сол ата жолын ұстанған азамат. Анам Бота – бие байлап, қымыз сапырған көпбалалы ана. Келін болып түскен жерім де малшы отбасы болатын. Қайын атам Өмірсейіт те Билікөл өңірінде жылқышы, шопан болып зейнеткерлікке шыққан кісі.

Жастайымнан малдың жайын біліп өстім. Анам бие сауғанда, күбі пісіп, оны-мұны жұмысына көмектесетінмін. Келін болып түскенде енемнен көп нәрсе үйрендім. Қазір үйде бірнеше бие сауып отырмын. Еңбегіміз жанып, тірлігіміз алға басуда.

Кәсіп бастау қашан да оңай шаруа емес. Оған талап қылғандар, алдына мақсат қойғандар ғана жетеді. Аудан орталығына жұбайым Дидар екеуміз көшіп келгенде қорамыз да жоқ еді. Қора салып, мал бордақылап, сонымен қатар бие сауып, қымыз өндіруді де қолға алған болатынмын. Кәсібім жүріп, ісіміз дөңгелеп кетті.

Мен Қаратау қаласындағы кәсіптік- техникалық колледжін тігінші мамандығы бойынша бітіргенмін. Еңбек жолын да сондағы тігін цехында тігінші болып бастадым. Жұмыстан қол үзбей жүріп Әулие-Ата университетіне түсіп, оны 2002 жылы сырттай бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп алдым. Сол жылы жуалылық жігіт – Дидарға тұрмысқа шықтым. Жолдасым сауда- саттықпен айналысқандықтан, біраз жыл сыртта жүрдік. Мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмағандықтан, Алматы қаласында тұрғанымызда «Қанағат» асханасында, одан кейін «Ұлар» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істедім. Содан 2015 жылдары туған жерге қайта оралған соң, үй алып, жұбайым мал бордақылаумен айналысты. Оған демеу болу үшін бастапқыда несие алып, бордақы басын көбейтіп бердім.

Бұрын несие алу да оңай шаруа емес еді. Көбінде кепілдік сұрайтын. Бізде ондай мүмкіндік болмады. Ойға алған мақсатымызға жету үшін жұмыссыз ретінде «Халықты жұмыспен қамту орталығына» тіркелдім. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастырған бизнес курсына қатысып, сертификат алдым. Содан кейін менің жобамды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы қолдап, алты пайызбен несие алуыма септесті. Қайтару мерзімі үш жыл болатын. Оның өзін алты айда бір рет төлейтінбіз. Ол бізге өте тиімді болды. Алған жылқымызды бордақылап, сатып, табыс табуымызға әрі орнына қайта мал алуға мүмкіндік берді. Осы істе бізге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несие менеджері Руслан Рахманбердиевтің көп септігінің тигенін айтқым келеді. Біз ол несиемізді уақтылы жауып, бүгінде бордақы мен сауынды бие санын еселеп, жұмыс істеудеміз.

Алға қойған жоспарымыз да, мақсатымыз да жоқ емес. Ең бастысы – мал басын арттырып, бие байлап, қымыз өндірісін кеңейту. Президентіміз де Жолдауында кәсіп бастағандарға мемлекет тарапынан барынша қолдау болатынын айтуда. Біз де өз еңбегімізбен отбасы бизнесін жандандыруға күш салатын боламыз. Отбасымызда алты ұл-қызымызды жастайынан еңбекке баулып, тәрбиелеудеміз. Ертең олар да қандай биікке көтерілсе де маңдай тер, адал еңбектің бағасын білетін болады деп ойлаймын.

 

Назгүл МЕДЕТБЕКОВА,

кәсіпкер.

Жуалы ауданы

Comments are closed.