- Advertisement -

3 мыңнан аса жұмыскердің құқығы қорғалған

74

- Advertisement -

Былтыр өңірімізде еңбек заңнамасын бұзудың 223 дерегі анықталған. Ал тексерістердің қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 7 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты. Бұдан бөлек, есепті кезеңде қабылданған шаралардың нәтижесінде 3 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен жиында кеңінен айтылды. Басқосу барысында облыстық еңбек инспекциясы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебі тыңдалды.

Жиында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов облыс аумағында 15,4 мың жаңа жұмыс орны құрылғанын жеткізді. Еркін Егембердіұлы былтырдан бастап халықты жұмыспен қамту мәселелері кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жемісті жүзеге асып жатқанын атап өтті.

– Президент былтыр әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осыған байланысты облыс аумағында жаңа жұмыс орнын құрудың жоспары 6,2 мың болды. Атап өтерлігі, былтырдан бастап халықты жұмыспен қамту мәселелері кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жемісті жүзеге асуда. Нәтижесінде 75 565 жамбылдық азамат белсенді шараларға тартылды, – деді Еркін Келесов.

Бұдан кейін облыстық еңбек инспекциясының басшысы Жарылқасын Айтақов өңірде еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған жұмыстар тұрақты назарда екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, көлеңкелі экономикамен күресу нәтижесінде 7 мыңнан астам қызметкердің еңбек қатынастары қалпына келтірілген. «Есепті кезеңде басқарманың еңбек инспекторлары жеке және заңды тұлғалардың бас-аяғы 763 арыз-шағымын қарады. Арнайы тексеріс жүргізіліп, еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілерге 7 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, қабылданған шаралардың нәтижесінде 14 кәсіпорында 852 миллион теңгенің қарызы жабылып, 3 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды. Сонымен қатар көлеңкелі экономикамен күресу нәтижесінде 1770 жұмыс берушідегі 7 мыңнан астам қызметкердің еңбек қатынастары қалпына келтірілді. Оның ішінде, 666 адам тойханада жұмыс істейтін болса, 3996 азамат түрлі қызмет көрсету орталықтарының жұмыскерлері. Ал 2654 адам ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Қорыта айтқанда, өңірде еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде әрі тұрақты бақылауда», – деді Жарылқасын Әбдіғапарұлы.

Жиын соңында Нұржан Сәбитұлы облыс басшылығы тарапынан еңбек қатынастары саласын бақылау әрі қызметкерлердің құқығын қорғау мен қауіпсіздік мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отырғанын баса айтты. Сонымен қатар қарапайым халық мемлекет ұсынған әлеуметтік бағдарламалардың игілігін көру қажеттігін де жеткізді. Нұржан Календеров жұмысты жүйелеуде басқарма қызметкерлерінің жауапкершілігін көтеруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support