- Advertisement -

Сексеуіл неге сиреді?

140

- Advertisement -

Былтыр ғана облысымыздан анау- мынау емес, 20 тонна сексеуілді ұрлап шықпақшы болған азамат ұсталды. Мына түрімізбен шөл даланың падишасын өзіміз-ақ құртып тынатын сияқтымыз. Шыны керек, аймағымызда жердің тозуы мен шөлейттену проблемалары аса қатты шиеленіскен. Облыс аумағында бұл мәселелер үлкен құмды аймақтары бар Мойынқұм, Шу аудандарында және Бетпақдала жазықтарында
кең қанат жайған. Қолданыстағы заңнамалық мораторийге қарамастан, қазақ даласының символына айналған өсімдіктің жойылып кету қаупі төніп тұр. Міне – мәселе.

Құмды шөлдің қорғанын қолдан құртып отырмыз…

Ел аумағының 4,9 пайызы орманмен қамтылса, оның жартысына жуығы сексеуілге тиесілі. Өкінішке қарай, заңнамалық тыйымдарға қарамастан, ол үйлерді жылыту және тамақ дайындау мақсатында қолды боп отыр. Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, соның үшеуi Қазақстанда өседi екен. Олар: ақ сексеуiл, қара сексеуiл және Зайсан сексеуiлi.

Бүгінде еліміздегі сексеуіл ормандарының ең үлкені біздің облысымызда шоғырланған. Облыстың 4,5 миллион гектар орман қорының 2,2 миллион гектары – осы ағаштың еншісінде. Жыл сайын облыстың орман шаруашылығы мекемелері бес-жеті мың гектарға жуық сексеуіл егеді.

Ілкіде жұрт оны отқа тамызық ретінде пайдаланса, қазір көмірдің жетіспеушілігі мен табиғи газдың барлық аймаққа тұтас тартылмауы себепті отын ретінде қолдана бастады. Бұған ірі қалалардағы кәуап пісіретін орындардың көптеп қолға алынғандығын қосуға болады. Өйткені шоғы ұзаққа дейін табымен, бабымен тұратын отын жалғыз сексеуіл ғана болғандықтан, кәуап пісірушілер көбіне осы ағашты қолданады.

Дәл осы себепті, сексеуіл алқаптарының көлемі мейлінше тарылып, өсімдіктің тұқымы тұздай құрып барады. Сирек өсімдікті қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегінде ара- тұра мәселе көтерілетіні рас. Өкінішке қарай, қандай шараны қолға алсақ та, сексеуілдің саудасына тосқауыл болмай тұр.

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Табиғаттың оны айтуға тілі жоқ…

Көмір мен газға қолы жетпеген ауыл- аймақтардағы ағайын әлі күнге дейін осы өсімдікті отын ретінде пайдаланды. Аяусыз оталған өсімдіктің орны құла түзге айналды. Тіпті кейбір аймақтарда құм көшкінінен жолдар жабылды. Шындығында, сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор. Біріншіден, ол құм көшкіндерін ұстап тұрады. Емдік шипасы өз алдына.

Алайда оның өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс. Бұл бағытта жұмыс аз жүріп жатыр дей алмас едік. Осыған дейін де орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтуға барын салып келді.

Мәселен, 1990 жылдардың басында 54 мың гектар жерге сексеуіл егілсе, 2002 жылы осы үрдіс жалғасын тапқан. 2008- 2014 жылдар аралығында Қазақстан ормандарын сақтау және өсімдік қорын молайту жобасы қолға алынды. Нәтижесінде, Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен 57 мың гектар аумаққа сексеуіл егілген. 2017 жылы орман шаруашылығы мекемелері 10 700 гектар жерге сексеуіл екті. Сексеуілді шабуға 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынды. 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап сексеуілді сатуға тыйым салатын заң да күшіне енді. Одан бері бақандай бес жыл өтсе де, бәрібір қатты ағаштың саудасына тоқтам болмай отыр.

«Бүгінде еліміздің шөлейтті аймақтарында, сондай-ақ Арал теңізі маңында құм көшкінін азайту үшін сексеуіл түптерін отырғызу қарқынды қолға алынды. Сексеуіл қардың тез еруіне тосқауыл болып, топырақта ылғалдықты жақсы сақтайды. Заңдағы өзгерістер, әсіресе кәуап пісірушілер үшін ұнамай отырғаны рас. Өйткені сексеуіл шоғымен піскен кәуаптың дәмі де ерекше.

Қалаларда бір құшағы пәленбай мыңға бағаланатыны да содан», дейді облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасының маманы Абай Тымбаев.

 

Гүлжан РАХМАН

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support