Денсаулық

Сергелдеңге салған серіктестік

Сергелдеңге салған серіктестік

Т.Рысқұлов ауданындағы қос мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының межеленген уақытта аяқталмағаны жайлы бұған дейін де айтылған болатын. Жұмыстың кешігуінің салдарынан жаңа оқу жылының алғашқы айларында балалар басқа білім беру мекемесінде оқуға мәжбүр болды. Бұл оқушылар мен ата-аналарға, тіпті ұстаздарға да қиындық туғызды. Олар жағдайларын айтып, республикалық ақпарат құралдарына дейін шағымданған соң, жергілікті атқарушы органдар көптеп-көмектесіп, шала істелген жұмыстың кем-кетігін түзеп, оқушылар өз мектептеріне оралды. Алайда әлі де аяқталмаған жұмыстар баршылық. Ал өз міндетіндегі жұмысты толыққанды аяқтамаған мердігерге нендей шара қолданылып жатыр? Осы сауалға жауап іздеп, әрі аталған мектептердің қазіргі жай-күйін көзбен көрмекке ауданға арнайы барған едік. Әуелі тапсырыс беруші Т.Рысқұлов аудандық білім бөліміне бардық. Бөлім басшысы Майра Базарованың айтуынша, жауапкершілігіне алған жұмысты кешіктірген мердігер компанияны сотқа берген екен. – Біз 2022 жылы Құлан мектеп-гимназиясы мен No2 шағын орталықты орта мектебінің ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу үшін «ЕрК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен «Құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы» шарт жасастық. Жұмыс мердігердің тарапынан баяу жүріп, жоспарланған, уақытынан кешіктірілді. Сол себепті облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап қоюшы ретінде жауапкер «ЕрК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және серіктестіктен тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арызын жолдадық. Содан 11 қаңтарда екі жақты бітімгершілікке шақырды, бірақ біз одан бас тарттық, – деген Майра Айдарбекқызы күрделі жөндеу жүргізілген қос нысанды мердігерден әлі қабылдап алмағандарын айтты. Аяқталмаған жұмыстарға келетін болсақ, әлі күнге Құлан мектеп-гимназиясында қауіпсіздік дабылы және бейнебақылау құрылғылары орнатылмаған. Ал No2 шағын орталықты орта мектепте үш бөлмелі қосалқы құрылыс әлі аяқталмаған. Бұл жұмысты мердігер компания қазір жүргізіп жатыр. Осылайша, өткен жылы аяқталуға тиіс жұмыстар биыл жалғасуда. Аудандық білім бөлімінің басшысы Құлан мектеп-гимназиясына бұрынғы бейнебақылауды орнатып қойдық дегенді айтқанымен, оның біз мектепке барғанда енді орнатылғалы жатқанын көрдік. – Мектептің күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айының аяғында басталып, 31 тамызда аяқталуы керек еді. Бірақ, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмағандықтан, балаларды уақытша Құлан ауыл шаруашылығы колледжінің ғимаратында оқытуға тура келді. Бұған ата- аналар наразылық білдірді. Содан аудан әкімдігі қалған жұмыстарды бітіруге көмектесіп, 12 желтоқсанда өз мектебімізге келдік. Бірақ, әлі өрт қауіпсіздігі дабылы, бейнебақылау құрылғылары орнатылған жоқ. Сондықтан балаларға арналған жаңа жылдық шараларды жан-жақтан бақылау қойып, әупірімдеп өткіздік. Қанша дегенмен балалар ғой, отшашу қолданып қала ма деген қорқыныш та болды. Бір жерден от тұтанса, лезде хабар беретін дабыл жүйеміз жоқ. Шүкір, бәріміз бірігіп аман-есен өткіздік, – деді мектеп директоры Шакизат Шонатаева бізбен әңгімесінде. Айта кетейік, дәл осы «ЕрК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұдан бұрын да бір ауылдық округте жол жөндеу жобасын жүргізгенде осындай жауапсыздық танытып, ол істің де соңы сотпен аяқталған көрінеді. Балалар алаңсыз білім алуға тиіс мекеменің құрылысын жүргізу – үлкен жауапты іс. Оған мемлекеттен қыруар қаржының бөлінуі де жоғары міндет жүктейді. Солай бола тұра мұндай маңызды жұмыстың бұған дейін де өз ісінде жауапсыздық танытқан мердігерге жүктелгені түсініксіздеу көрінді. Әрине, мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсында тағы да жобаны ұтып алған болар. Дегенмен мердігердің бұрын-соңғы атқарған жұмыстарындағы тиянақсыз әрекеті ескерілмейтіні қызық екен?! Қайткенде де аяқталмаған жұмыстың зардабын оқушылар тартпаса екен дейміз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы