Денсаулық

Сексеуіл неге сиреп барады?

Сексеуіл неге сиреп барады?

Көмір қымбаттап, нарық қыспағы жағадан алған жылдары сексеуілге жаудай тигендер оны тамырымен қопарып, тұқымын таппастай құртып жібере жаздағаны бар. Тіпті, сексеуіл сыңсыған аймақтарда бүгінде түбірін де қалдырмай отап кеткендер де жоқ емес. Маман­дардың айтуынша, бүгінде еліміздегі сексеуіл алқаптарының көлемі соңғы жиырма жылда 4 есеге кеміген екен.

Үкіметтің 2010 жылғы №568 қаулысына сәйкес «ҚР аумағында 2018 жылға дейін мемлекеттік орман қорындағы сексеуіл ағаштарын кесуге тыйым салу туралы» қаулысы шығып, «асауға тұсау» салынды. Соған қарамастан қызуы қатты отынға құмартушылар қатары азаяр емес. Шөлейтті аймақтың байлығы саналатын сексеуілдің айнала қоршаған ортаға тигізер пайдасы ұшан-теңіз екені белгілі. Оның әсіресе құм көшкіндерін ұстап тұруға септігі мол, отын ретінде пайдасы одан да көп, тіпті емдік шипасы да бар. Бірақ, сексеуіл ағашының өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сол себептен де өткен ғасырдың 90-шы жылдары тамырымен қоса жұлынған аймақтардағы сексеуіл алқаптарын қалпына келтіру әлі де толық мүмкін болмай келеді. Облысымыз негізі сексеуілі көп аймақ болып саналады. Кезінде оталып кеткен аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары бүгінде іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Облыста бекітілген «Жасыл даму» бағдарламасына сәйкес өңірдің флорасы мен фаунасын сақтау мақсатында ерекше қорғалатын төрт аумақ құрылған. Атап айтсақ, «Андасай» мемлекеттік табиғи қаумалы – 1,0 миллион гектар, «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалы – 17500 гектар, «Қарақоңыз шатқалы мемлекеттік табиғи қаумалы – 3070 гектар, «Жусандала» мемлекеттік қорық аймағы 1649183 гектарды құрайды. Бұдан бөлек облыстық әкімдік бастамасымен жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақты құру мақсатында әрі ғылыми-экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 124 мың гектардан тұратын «Үмбет» учаскесі құрылды. Бүгінде облыста «Ормандарды күзету, қорғау, қорын молайту, жаңадан орман өсіру» бағдарламасы қолға алынған. Соның негізінде сексеуіл ормандарын молайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталмыш бағдарламаға сай биылғы жылы орман қорының шөлейтті аймақтарына 6600 гектар жерге егу, себу жұмыстары жүргізілген. Оның 1400 гектарына шөлге төзімді сексеуіл, қарағаш, жүзген ағаштарының көшеттері отырғызылды. Күзгі түгендеу қорытындысы бойынша орман дақылдарының орташа шығымдылығы – 66 пайыз. Орман қоры жерлерін күзетуде қорықшылардың еңбегі орасан. Бірақ оларға жасалып отырған жағдайды жақсы деп бағалауға болмайды. Мәселен, олардың айлық жалақылары басқа аймақтармен салыстырғанда жылап көрісерліктей. Өзге аймақтағы әріптестерінен екі есе төмен жалақы алады. Осындай басты мәселеден кейін болар жас мамандардың мұнда тұрақтауы қиын. Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың мұнда жұмысқа тұрмағанына он жылдан аса уақыт болыпты. Орман шаруашылығы мамандарының саны жыл өткен сайын кеміп барады. Қорықшы мамандардан бөлек, орман ағаштарының биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны күтіп-баптаудың, өсірудің қыр-сырын білетін мамандар жоқтың қасы. Одан бөлек тағы бір мәселе, орман шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндердің қауіпсіздігі бүгінде басты мәселеге айналып отыр. Заңсыз аң аулап, заңсыз ағаш кесумен айналысатындар қаруы жоқ қорықшылардан қаймықпайтыны да анық. Негізінде орман шаруашылығында істейтін мамандар заң талаптарына сай жұмысқа кіргенде қарумен қамтамасыз етілуі тиіс. Биылғы жылға дейін қорықшыларда 50 дана ғана қызметтік қару болған. Орман қоры аумағын күзететіндер үшін бұл әрине өте аз. Дегенмен, бұл мәселе кеш те болса келесі жылдың еншісінде шешімі табылатын сыңайлы.

Бақтыбек Баялиев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы.