- Advertisement -

Шежірелі өңір

300

- Advertisement -

Аудан аумағының топырағына, шоқы бастарындағы белдеулерге қарағанда осы өңірдің үш рет су астында қалғаны сезіледі. Тас болып қатып қалған теңіз, өзендерді мекен еткен тіршілік қалдықтары кездеседі. Папоротник өсімдіктердің жұмсақ денелі іздері тасқа таңба болып түсіп қалған. Тас, қола, темір дәуірлерінің атауларына қарай негізгі құралдар тастан, қола, мыс пен темірден жасалған. Сол заманнан мыс, қоладан жасалған қару ұштары бүгінге дейін жеткен. Ал Бүркітті маңынан тасқа басылып қалған баланың ізі табылған. Саудакент ауылындағы қорымнан темірден жасалған семсер табылуы да әртүрлі ойға жетелейді.

Сырға толы Сарысу

Бір заманда бұл жердің ауа райы Үндістандағыдай субтропикалық болған. Сондықтан да даму үрдісі болғаны анық. Страустар, ірі мүйізді мамонт тұқымды аңдар осы өңірді мекендеген. Үшбастан қолтырауынның тістері, бизонның бас сүйегінің астыңғы жағы табылуы осыны дәлелдейді. Аудан аумағымен шектесіп жатқан Бетпақдалада бұдан миллиондаған жылдардан бұрын тіршілік еткен, тұрағын өзгертпей келе жатқан өзге өңірлерде кездесе бермейтін қалқанқұлақ тышқан сол дәуірдің жәдігері іспеттес. Табиғатпен бірге қоғам да әрдайым даму үстінде болған.

Ортағасырлық Саудакент қаласы мен Шоқай датқа кесенесінен бөлек Үшбас, Ақтөбе, Арыстанды, Досбол елді мекендерінде бекіністік қамал, Ақтоғай, Түркістан, Қызылдихан ауылдарының маңында таскеліншек мүсіні мен тастағы жазулар сақталған. Ел Тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері табылып, алайда зерттеліп, есепке алынбай жатқан тарихи орындар да аз емес. «Үкілісайдағы» үңгір, «Тесік тас», Жаңаарық ауылдық аймағындағы «Талдыбұлақ» үңгірі, Ұ.Сыздықбайұлы, Түркістан ауылдарының маңындағы тастағы суреттер мен үлкен қорған, «Сорбұлақтағы» қорғандар, «Күлтөбедегі» күйген кірпіштен қаланған жерасты арығы, қысқа семсер табылған қорымды зерттеу алдағы күндердің еншісінде.

Асқар таулардан басын алып, қазақ даласын қақ жара ағатын қай өзеннің де сыйырқұйымшақтанып барып, құм шабырларына тарамдалып барып сіңіп түгесулер, суын әбден сарқып түскен жері – түгіскені болады. Еліміздің өңірінде сонымен байланысты жер атаулары да көптеп кездеседі. Мысалы, Сарысудың Түгіскені, Жаңаарқаның Жеңісінде Ақкүйіктің Түгіскені Жаңақорғанда іргелі «Түгіскен» аталатын кеңшар да болған. Жемнің түгіскені – Байғанин ауданында. Басқа майда түгіскен аталатын жерлер де жетеді. Ал Таластың Асаның Түгіскенінде осы аттас ауыл да бар. Сарысу ауданының аумағындағы бұл ауыл бүгінде «Тоғызкент» деп аталады. Ауыл атауының бұлайша аталуын құптайтындар да, құптамайтындар да болды. Айналып келгенде бұл маңның Түгіскен деп те, Тоғызкент деп те аталуына тарихи негіз бар. Олай болатыны… Орта ғасырдың XI-XII жүзжылдықтарында оңтүстік өңірде, Дешті Қыпшақ даласында атақты Інжу өзені (Сырдарияның көне атауы) Хорезм алабының өн бойына нәр беріп жатыпты… Осы Інжу өзенінің солтүстік шығысындағы кең жазық «Түгіскен алқабы» деген дерек бар. Ондағы «Жібек жолы», «Хан жолы» және «Жау жол» бастары Түгіскенде түйіскен ірілі- уақты тоғыз қорған, кенттер болған. Олар атақты Отырар мен оның серіктері Жауһар, Бесік, Оқсыз, Балтакөл, Келінтөбе, Мейрамқала, Құмкент, Қарааспан кенттері еді. Заманалар зұлматымен осы қорған- кенттер жермен-жексен етілді. Тоғыз бірдей кенттің көнеден жеткен бүгінгі ескерткішіндей Түгіскен ауылы атауының Тоғызкентке өзгертілуі тарихқа сонша қиянат емес.

Саудакент ауылынан отыз шақырым жерде Құмкент аталатын тағы бір ортағасырлық қаланың орны бар. Онда 1941 жылы Ә.Марғұлан, 1947 жылы академик А.Бернштамның археологиялық экспедициялары зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қаланың орны дөңгелек болып келіп, биіктігі 20 метрге жуықтайды. Диаметрі 400 метр болады. Қаланы айнала қоршаған түрлі биіктегі қамалдардың қалдығы көзге анық шалынады. Шаһардың айналасын қоршай 2-3 километрлік қашықтықтарда салынған құрылыс орындарының қалдықтары кездеседі. Қала халқы жер өңдеу, бау-бақша егу жұмыстарымен айналысқан. Тұрғындардың бір бөлігі қолөнер, қыш-құмыра жасаумен машықтанған. Қала өз заманында Ұлы Жібек жолының үлкен бір тармағына орналасқан қалалардың бірі болғандықтан, оның атағы алысқа кеткен. Оның үстіне Құмкенттің бүкіл тыныс-тіршілігі іргедегі Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі орналасқан жерден ағып жатқан Жылыбұлақ өзенімен тығыз байланысты болды.

Исі мұсылман қауымы асқан әулие санайтын, тіпті қазақ халқының ауыз әдебиетінде жиі көрініс беретін әулие кесенесі Құмкент ауылынан бар-жоғы алты-ақ шақырым жерде. Әулие басына Қарахан дәуірінде еңселі күмбез тұрғызған деседі. Шежіренің айтуына қарағанда, ерте кезде күмбез ішінде қобыз, ертоқым, жүген сияқты заттар сақталып келіпті. Сонымен қатар онда аттың, қошқардың, буарының бастары, тас қайрақ пен жады тастар қойылған. Шашты Әзізді халық мұсылман әулиесі деп есептесе де, әлгіндей заттардың күмбез ішінен орын алуына қарағанда ертедегі адамдардың табыну дәстүрінің ескі тәңірлік сипатқа жақын болғанын білдірсе керек. Уақыт өте келе күмбез қирап, ана жылы құмкенттік кәсіпкер жігіт қайта тұрғызғаны есімізде. Сонау ықылым заманнан күні бүгінге дейін кесенеден әулиеден жанына шипа іздеген, бір перзентке зар болған, Алладан медет тілеген халық нөпірі басылған емес.

Аудан аумағынан қол созым жердегі Құмкент қаласы мен Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, Баба Ата шаһары Сарысу ауданымен бір өңірде жатыр. Кейіннен аймақтық бөлініске орай, бүгінде Түркістан аталатын облысқа қарағанымен ескіден жеткен тарихи жәдігерлерді аудан тарихынан сызып тастауға болмайды.

Бағзы заманда бұл өңірде адамдар қалай өмір сүрді? Сарысу ауданының бұрынғы әкімі Серғали Айдапкелов пен белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин «Шежірелі Сарысу» кітабында аудан аумағындағы ертедегі тіршілікті былай суреттейді:

…Табиғи-климаттық жағдай ертедегі адамдардың өмір сүруіне қолайлы болған. Оған Үшбас, Шабақты төңірегінен табылған археологиялық жәдігерлер дәлел бола алады. Адамдар отты тұтыну әдісін меңгеріп, оны өшірмей ұзақ сақтау әдісін білген. Олар қарапайым тасқұралды пайдалана отырып, аң аулаумен айналысқан. Палеолит дәуірінен кейін осы заманғы адамдар тарих сахнасына келді. Тас өңдеудің жетілдірілген әдістерін үйренген. Тастан қырғыш, кескіш, жонғыш пышақ, біз, сүңгі секілді құралдарды жасайды. Найзаның үшкір басын, кетпен жасауды үйренген. Осы кезде әйелдерді пір тұту, оларға табынушылық дәстүрі қалыптасты. Оларды өмірге ұрпақ әкелуші, отбасының берекесін сақтаушы деп қадір тұтты. Бұл дәуірдегі адамдар тұрағын ғалымдар Ащысайдан, Үсіктастан, Бүркіттіден, Соркөлден, тағы басқа да жерлерден тапқан. Адамдар бұл кезде бір орында жылдар бойы тұра беруге қалыптаса бастайды. Олар уақыттың көп бөлігін аң аулауға, балық ұстауға арнайды. Өсімдіктен азықтық қор жинайды.

 Отызыншы жылдардың ойраны

Бұл өңірде алғаш рет 1926 жылы Жайылмадағы бұрынғы Бабақұл молланың мешітінде, одан кейін Саудакентте, Талдыбұлақта, Үшбаста бастауыш мектептер ашылды. Екі болыс та ол кезде бүгінгі Түркістан облысының Шаян ауданына қарайтын. 1927 жылы Қазан мерекесінен кейін Саудакентте, Жайылмада комсомол жиындары өтіп, ұйымдары құрылды. Осы жылдары шаруалар серіктестіктерге біріге бастайды. 1929 жылы болыстар, серіктестіктер Талас ауданына қосылады. Саудакент учаскесі ашылып, оған үш ауылдық кеңес қарайды. 30-шы ауылдық кеңесті К.Жапабайұлы, 31-ші ауылдық кеңесті Ж.Ахатов, 32-ші ауылдық кеңесті Е.Пернебаев басқарады.

Тарихқа «Сарысу көтерілісі» болып енген көтеріліс былай басталады. 1929 жылдың алғашқы айы жергілікті халық үшін өте ауыр тиді. Қақаған қыспен қатар ел жаймен санаса бермейтін жергілікті белсенділер момақан шаруаның арқасын аяздан бетер қарыды. Салықтың неше түрі көбейді. «Оны орындамасаңдар, сотталасыңдар, итжеккенге айдаласыңдар» деп, бастарына әңгіртаяқ орнатты. Ақыры халықтың наразылығы күн санап өрши түсті. Осылайша ел әрі-сәрі күйге түсіп жатқанда, «Созақ көтерілісі» бұрқ етті. Осы көтеріліс «Сарысу көтерілісінің» шығуына ауданда дем берді. Ел ішінде дүрбелең басталысымен ауыл аймақты тонаған көтерілісшілердің ызғарынан қорыққан басшылар бас сауғалап, жан-жаққа қашып кетеді.

Көп ұзамай екі көтеріліс те Шымкенттен келген жазалаушы отрядтың күшімен басылып, ұйымдастырушылар атып өлтіріледі. Қақтығыс кезінде Сарысу ГПУ-ның өкілі Тыныштықбаев оққа ұшады. «Сарысу көтерілісіне» қатысқан 100-ден аса адам тұтқындалып, түрлі мерзімге сотталды. Біразы сол кеткеннен елге қайтып оралған жоқ.

Талас аудандық партия комитеті мен аудандық кеңес елді отырықшылдыққа айналдыру жөніндегі партия саясатын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында Байқадам Қашқынбаевты Саудакентке құрылыс жұмысын басқаруға жібереді. Ол күш-көлік жинап, жергілікті тұрғындарды ұйымдастырып, құрылыс жұмыстарын бастап кетеді. Алайда жергілікті өкіметке үрке қараған бай-құлақтар ел ішінде белсенділерге, серіктестік басшылары мен коммунистерге қастандық жасауды ұйымдастырумен болады. Алғашқы нысанаға 30-шы ауылдық кеңестің төрағасы Көшек Жапабайұлын алады. Ол 1930 жылдың жазында бай баласының қолынан қаза тапты. Екі жылдан кейін «Аңқай» бандасының қолынан Байқадам Қашқынбаев мерт болды.

Төменгі Шу бойында да тарихи орындар көп. Бұл туралы белгілі қаламгер Бергентай Нұрмаханұлы «Карлаг» Шуға қалай келді?» деген еңбегінде:

–… Енді қарап отырсақ, шежірешіл де көнекөздердің әңгімесіне арқау болған көптеген тарихи орындар құм төбешіктерге айналып, сыр бүгіп қалып барады. Ат сабылтып келіп дерттілер түнеп жататын Сағыр қалпе әулие мазары, ұлы қобызшы Ықыластың күмбезі, аудандағы бірінші бастауыш мектеп, дүкен, аудан орталығының орны, Өксікбай байдың ағаш үйі, 1918 жылы ақтардың тоз-тоз болған әскерлерінің қолынан қырғынға ұшыраған Коволев бастаған балықшылар серіктестігінің 14 мүшесінің бейіті және сөз еткелі отырған «Карлагтың» Шудағы орталығының орны мен жұрттары бәрі-бәрі бір ауданның бүкіл тарихының жиынтық шежіресіндей мұңайып жатыр, – дейді. Одан әрі ол Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жеңіс ауылында «Карлагта» он жылын өткізген, тоқсан жасты алқымдап қалған Темешәлі Барболовпен жолығып, әңгімешіл қарттың лагерьдің Төменгі Шу бойына қалай келгені жөнінде мағлұмат алғанын жазады.

…Соғыстан кейінгі жылдары Арқада екі жыл қатарынан қуаңшылық болған. Бұл кезде «халық жауы» науқанымен түрмеге жабылған дертті-мұңлықтармен Темекең де «Карлагта» ауыр күндерін өткізіп жатты. Тұтқындардың көпшілігі «Гигант» деп аталатын шаруашылықта мал бағады. Байлардан тәркіленген төрт түлік мал тегін жұмыс күшімен жылдан жылға көбейіп, өсіп, шаруасы шалқып жатқан «Гигант» көп пайда келтіріп жатқан тұс. Міне, осы 1946 жылы жылдағыдай жайқалған шабындық та, оратын шөп те болмай ел сарсаңға түседі. Ойы онға, санасы санға кетеді. Басшылар дегбірі кетіп, Арқа қысының үрейі түн ұйқыларын төрт бөліп жатқан сәтін пайдаланған Темешәлі ұрымтал жайды жібермей:

– Бетпақдала мен Мойынқұмның арасында Шу деген алқап бар. Ол менің туып өскен жерім. Ит тұмсығы батпайтын білеу қамыс, малға пана, қора әрі азық. Малды сақтап қалудың бірден бір жолы малды сонда апарып паналату керек, – дейді. Түрме басшылығында «халық жауының» бұл ұсынысы көп талқыланып, зерттеледі. Ақыры комиссия құрып, оның өзін жол басшы етіп белгілеп, Шуға аттандырады. Темекең Бетпақ асып, көшетін жергілікті ауылдардың шеген құдықтарын нысаналап, Шуға дейінгі көш жолын белгілейді. Өксікбай байдың ағаш үйін «Карлаг» орталығы етіп қайтады, – дейді.

Сол Шу бойындағы Жайлаукөл ауылы туралы қазақтың белгілі композиторы Илья Жақанов «Жайлаукөл кештері» атты атақты әнін жазды.

Жаңатастың тарихы осылай басталған

Аудан тарихы туралы сөз қозғағанда Жаңатасқа оралмай өте алмаймыз. Аудан орталығы деген мәртебесінен бөлек, Сарысу аумағынан орын тепкен жас қаланың экономикасының көтерілуіне, аудан халқының әл-ауқатының артуына тигізген шарапаты аз емес екені дүйім жұртқа белгілі. Жаңатас қаласының Құрметті азаматы, қарт ұстаз, шежіреші қария Тілепберген Маманұлы кеншілер қаласының қысқаша тарихын былайша баяндайды:

–Қаратау қыраттары иінінің солтүстік шығысындағы ойпаңдау шағын алқапты алып жатқан өзен де осы атауға ие. Өзен суы кей жерлерде іркіліп көгеріп ағатындықтан жұрт оны «Көксу» деп те атаған. Қаратау қыраттарының етегіндегі сай-саладан өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін «Тоғызбай», «Текебай», «Ақбұлақ» бұлақтары «Бүркітті» өзеніне құйып келіпті. Өзен су ағынды бұлақтар қосылған соң, кісіге өткел бермейтін арнасының бойында Нұрбай, Әбіш, Керімбек деген кісілердің су диірмендері болған. Өн бойы сыңсыған тал-дарақ, қоңыраулы шеңгелдер мен шиеден көрінбейтін. «Дегерес» шоқысы мен өзен бойындағы биік жартастарға бүркіт ұя салады екен. Ой ожырайы аталатын рудың құсбегілері белдеріне арқан байлап, бастарын қатерге тіге жүріп, құс патшасының балапандарын алып жүріпті. Кейін осында келіп баулитын болған. Содан осы жер «Бүркітті» аталыпты дейді. Рас та шығар. Әйтеуір «Бүркітті» атауы бұрыннан келе жатыр. «Бүркітті» кеңес өкіметі орнағанға дейін Ұлы жүздің Байтығай руының Тоғызбай, Текебай деген кісілерінің қыс қыстайтын мекені болса керек. Олардың қыс-қыстаулары мен үй-жайларының орны беріге дейін сақталғанын өзіміз де көрдік. Бүгінде ұрпақтары Жаңатас, Қаратау қалаларында тұрып жатыр.

Саудакенттегі құрылыс негізінен осы «Бүркітті» бойындағы тал-теректерден, «Қанай», «Білтебай», «Талдыбұлақтағы» сыңсыған ағаштардан тұрғызылды. «Бүркіттіде» әлгі үш диірменшімен қоса Тұрабай, Әлмақан, Бидайбек деген кісілерден бөлек елуінші жылдарға дейін ел болмады. 1938 жылдан «Бүгіл» өзенінің бойында болып келген геологтар 1954 жылдың көктемінде осында қоныс аудара бастайды. Олар алғашқыда «Кен барлау тобы», кейіннен «Бүркітті кен барлау партиясы» атанды. «Ащысай», «Байжансай» кен орындарында еңбек еткен кеншілер зейнеткерлікке шыққан соң, осы жаққа көш бетін түзейді. Бір-екі жылдың төңірегінде геологтар қалашығындағы тұрғындар саны мыңнан асты. 1955 жылы бастауыш мектеп ашылды. 1965 жылы «Бүркіттіге» теміржол жеткізілді. Бас-аяғы оншақты жыл ішінде «Бүркітті» кісі танымастай өзгерді. 1969 жылы Жаңатас атанып, қала мәртебесін алды.

Ынтымақ пен бірлік бар жерде

Журналист, ақын Әлсейіт Әлмен марқұм «Қаратау – ата мекен, құтты қоныс» атты еңбегінде:

«…Қаратау өңірінде қазан төңкерісіне дейін Дулат пен Ыстының Сүлгетай, Қоңыр және Жырымсыз аталарының Сүлгетай, Қаракөл болыстары өмір сүріп келген. Бұл болыстар Шымкент уезіне қараған. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында бұл өңірге де кеңес өкіметінің ықпалы күшейе бастаған еді. Жаңа жүйе Сарысу ауданын Арқадан Қаратау өңіріне көшіріп, қоныстануымен нығая түсті. Әрине, көшпелі өмір сүріп, тек мал бағумен айналысқан, оның үстіне кеңестік жүйенің алғашқы кездегі түрлі құйтырқылығы мен қиғаш саясатына төтеп бере алмаған, аштыққа ұрынған, төрт түлік малынан жұрдай болған, жүдеп-жадаған ағайындарды табиғаты қолайлы, жері бай, өзен-көлі мол орынға орналасқан, мал өсіріп, суармалы егіншілікті кәсіп еткен, отырықшылдыққа бейім ел-жұрт бөтенсімей, тосырқамай қарсы алды. Жаңа жағдайға бейімделіп кетуге көмектесті. Отырықшы өмір кешуге, егіншілікке қалыптасуына ықпал етті.

Уақыт қиындығын бірге бөлісті, бір нанды бөліп жеп, ең алдымен өз еңбектерімен аштықты жеңе білді. Бірге егін салды, бірге жүріп төрт түлік мал өсірді. Кеңес өкіметінің саясатына, коммунистік партияның бағытына бірге сенді, өздерінің болашақтарын сонымен байланыстырды. Сөйтіп, ауданымыздың қазіргі біртұтас халқы отызыншы жылдардан бастап, күні бүгінге дейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесіп еңбек етіп, бірлесіп өмір сүріп келеді. Осы кезеңде адамдардың әлденеше ұрпағы ауысты, бірақ туысқандық, бірлік, ынтымақ сол күйінде қалып келеді. Бір кездері Батыстан Арқаға, Арқадан Бетпақты қиып өтіп, Қаратауға үдере көшкен елдің ұрпақтары өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қаратау өлкесінде қарсы алған ағайындармен бірлесіп, жетпіс жылдан астам ынтымақты өмір сүріп келеді. Бұл тарих – үлкен тарих, ұрпақтар әлі талай еске алатын, оқитын, санадан өткізетін, саралайтын тарих», – дейді.

ТҮЙІНСӨЗ

Ауданның небір «тар жол, тайғақ кешуі» сияқты билік басындағы ел басқарған азаматтардың да тағдыры оңай болмаған. Отызыншы жылдардың ойраны аудан тізгінін ұстаған кейбір азаматтарды да айналып өткен жоқ. Солардың бірі – Нұрыш Даниров еді. Есіл ердің Сарысу еліне жасаған айрықша қамқорлығын, жақсылығын көнекөз қариялар аңыз қылып айтатын…

Шежірелі де, киелі мекендегі ауданды 95 жылда талай азаматтар басқарды. Олар шалғай өңірдегі жасампаз жұртты еңбекке жұмылдырып, ауданның өсіп-өркендеуі жолында өлшеусіз еңбек етті. Олардың әрқайсысының еңбегі жеке-жеке кітапқа жүк болады. Отызыншы жылдардың ойранын, соғыс салған зобалаңды, соғыстан кейінгі ауыр жылдарды, «кемелденген социализмді», «қайта құруды» барша қазақ елі сияқты сарысулықтар да бастарынан өткізіп, азаттықтың арайлап атқан ақ таңын көрді. Бір қоғамнан екіншісіне өткендегі кездеспей қоймайтын қиыншылықты сезінді, ұрандап өткен отыз жылды да…

Аудан тарихын жазуда өмірден өткен және бүгінде арамызда аман-сау жүрген жергілікті қаламгерлер Төкен Мақашев, Дулат Шалқарбаев, Тілепберген Маманов, Пернебай Дүйсенбин, Бейбіт Қойшыбаев, Әлсейіт Әлмен, Бергентай Нұрмаханұлы, Мейрамбек Төлепберген сынды алдыңғы толқын қаламгерлердің еңбегін атап көрсеткен орынды болар. Ауданның шежіресін, қамтылмай жатқан тұстарын толықтыру, бүгіп жатқан сырларын ашу кейінгі жас тарихшы қаламгерлерге аманат.

 

 Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support