- Advertisement -

Асланбек Артаевтың ерлігін қайталай ала ма?

106

- Advertisement -

Төртжылдықтың басты додасы саналатын жазғы олимпиада ойындары құдды алыптар айқасы іспетті. Өйткені онда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар өнер көрсетеді. Атағы алысқа кеткен күрзі жұдырықты спортшылардан қаймықпай, шеберлік таныту да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қарсыласының қауқарлы соққысына қайрат көрсете алмаған талайлар бармақ тістеп қалады мұндайда.

2004 жыл. Ежелгі Элла елінде олимпиада ойындары өтті. Афинаға беймәлім боксшы санатында аттанған Бақтияр Артаевтың айы осы бәсі басым бәсекеде оңынан туды. Жерлесіміз ақтық кездесуде кубалық Лоренцо Арагонға бас көтертпеді. Бостандық аралының ұланы, керемет боксшы Теофилио Стивенсонның ізбасары қанша жерден екіленіп алға ұмтылғанымен, біздің жігіт мықтылығын дәлелдеді. Артаевтың асығы алшысынан түсті. Нағыз жеңімпаз. Алтын тұғырға көтерілген Бақтияр сынды Алаштың айбынды ұлына өзге жұрт қол соқты. Алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. Оған қоса олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогы да бізге бұйырды.

Жалпы Бақтиярдың бағы жанған айтулы додада оның бабы да келіскен еді. Ол Олег Сайтовты олимпиаданың үш дүркін чемпионы болу мүмкіндігінен айырды. Жекпе-жекті көгілдір экран арқылы тамашалаған жұрт ресейлік комментатордың қазақ баласынан гөрі жерлесіне бұра тартқанын әлі ұмыта қойған жоқ. Десе де, Артаев өзінің бұл спортқа кездейсоқ келмегенін дәлелдеді. Қазақ Әнұраны көкте қалықтады. Содан бері де жиырма жылға жуық уақыт өтіпті…

Рас, әлемде «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 келіде жеңімпаздар дәстүрі одан кейін де жалғасын тапты. Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантеурді төрт раунд бойы әбден діңкелетті. Жылдар бойы шегіне жеткен төзім тиегі ағытылған тұста қазақ боксшысы қарсыласын соққының астына алды. Аяғымен еркін қимылдап, рингтің ортасында ойқастаған Сәрсекбаев жеңімпаз атанды. 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев ағылшын боксшысы Фредди Эванстан айласын асырса, Риода жеңіс Данияр Елеусіновтің еншісіне тиді. Ол өзбектердің «ақ үміті» Шахрам Гиясовтың сілікпесін шығарып, шапшаң қимылдады. Сөйтіп, жеңісті жұлып алды.

Төрт олимпиада, төрт алтын. Өкініштісі, бокстан Қазақстан құрамасы Токиода алғаш рет алтынсыз қайтты. Команда фавориттері алғашқы айналымнан әрі аса алмады. 69 келі дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповке үлкен үміт артылған еді. Себебі біздің ел дәл осы салмақта 2004 жылдан бері алтын алып келген. Бірақ Жүсіпов алғашқы жекпе-жекте ұтылды. Ал жарыс жолын жақсы бастаған жерлесіміз Әбілхан Аманқұл 75 келіде бірінші сайыста өзбек боксшысын жеңгенімен, екінші айналымда бразилиялық Эберт Соусаға есе жіберді. Осылайша төрт жылдықтың басты додасында кем дегенде бір алтын алып келген қазақ боксшылары чемпионсыз оралды.

Келер жылы Париж төрінде ХХХІІІ жазғы олимпиада ойындары өтеді. Басты спорт жарысында бапкерлер кімді таңдайды? Былтыр Азия чемпионы атанған Асланбек Шымбергенов Артаевтың ерлігін қайталай ала ма? Орда бұзар отыз жастағы оғланымыз алдағы мамыр айында Ташкентте өтетін ересектер арасында чемпион атанады деген үміт мол. Айта кетейік, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) өткізетін бұл жарыста олимпиада ойындарына лицензия берілмейді. Ал қыркүйек айында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарында лицензия с арапқа с а лынады. Міне, ұлттық құраманың капитаны Асланбектің өз мықтылығын дәлелдейтін кезең де осы сәт. 71 келіде жұдырықтасатын біздің боксшы ел мерейін асырса деген тілек бар. Уақытында екінші жеңіл салмақта қолғап түйістіріп, «қазақтың снайпері» атанған Марат Мәзімбаев та Асланбектен үміт күтіп отырғанын тілге тиек етті.

– Өздеріңізге белгілі, әр олимпиада ойындарында жамбылдық боксшылар өнер көрсетіп келеді. Бұған дейін Токиода Әбілхан Аманқұл жұдырықтасты. Алайда спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Өкініштісі, Әбілхан жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бірақ бұл жігіттің мықтылығын айта кетуіміз керек. Ол 2017 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Қазіргі таңда кәсіпқой бокста бағын сынап жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін талантты спортшы. Тек сәттілік серік болсын. Ал Асланбекке келер болсақ, біз де бұл жігітке үлкен үміт артып отырмыз. Азия ойындарында лицензия ұтып, Парижде Бақтияр ағасының жеңісті жолын жалғайды деп сенеміз. Қазіргі таңда Асланбек құрамадағы жігіттермен бірге Түркістан облысындағы «Алатау» базасында оқу-жатт ығу жиынын өткізуде. Дайындығы да жаман емес. Жиырма жыл бұйырмаған алтын Парижде уысымызға түседі деп сенеміз, – дейді Жамбыл кәсіпқой бокс клубының басшысы Марат Кененбайұлы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Жақында ғана Мырзағали Айтжанов бокстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері болып қайта тағайындалды. Мырзағали Құланұлы бұған дейін де ұлттық құраманың тізгінін ұстаған болатын. Ол бапкер болған жылдары Қазақстан боксшылары әлем чемпионаттарында 5 алтын медаль жеңіп алды. Осы кезеңде олимпиада ойындарында қос спортшымыз чемпион атанды. Ендеше, Мырзағалидай білікті бапкердің шәкірттері келер жылы да осы жетістіктерді қайталар деген үміт бар. Олимпиада ойындарында 2004 жылдан кейін медаль алуын тоқтатқан «Жамбыл боксы» мектебінің даңқын бәлкім Асланбек қайтарар…

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support