Саясат

Мемлекет басшысы Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты

Мемлекет басшысы Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты

Президент Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Allur автомобиль зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорын жұмысы таныстырылып, алдағы жоспары баяндалды. Зауыт басшылығының айтуынша, былтыр 614,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы зауыт құны 21,5 миллиард теңге болатын өнім экспорттады. Кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Allur автомобиль зауытының жаңадан іске қосылған желісі Kia Sportage моделіне арналған. CKD – шанақтарды дәнекерлеу, бояу және құрастыру жөніндегі технологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын шағын торапты автомобиль өндірісі. Ол үшін арнайы цехтар ашылған. Kia өндірісінің осы технологиялары Орталық Азия мен ТМД бойынша Қазақстанда ғана орналасқан. Президент зауытты аралау барысында жас жұмысшылармен әңгімелесіп, оларға қолдау білдірді.

Зауыт өкілдері биыл Kia Cerato шығаратын CKD желісін іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Сондықтан компания техникалық бағыттағы оқу орындарымен тұрақты жұмыс жүргізуді бастаған. Осы ретте кәсіпорын басшылығы техникалық оқу орындарының студенттері мен түлектеріне арналған 250 орындық кампус үлгісіндегі жаңа заманауи жатақхана құрылысының басталғанын мәлімдеді. Kia Corporation президенті және бас директоры Хо Сун Сон бейнебайланыс арқылы шараға қатысып, автомобиль жасау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығының маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жүзеге асырылып жатқан 3 жоба мен болашақта қолға алынатын басқа да инвестициялық бастамалар туралы баяндады. Орындалып жатқан жобалардың алғашқысы – темір құю цехының құрылысы. Биыл іске қосылатын кәсіпорында 300 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оның құны – 78,2 миллиард теңге. Жылына 45 мың тонна құйма құятын жоба инновациялық өнім көлемін 8 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүзеге асырылып жатқан екінші жоба – жүк көліктерінің бөлшектерін шығаратын зауыттың құрылысы. Кәсіпорын 2 жылдан соң іске қосылады. 360 адамға тұрақты жұмыс орын ұсынатын жобаның құны – 82,5 миллиард теңге.