Президент Лисаков қаласындағы «Алақай» орталығының жұмысымен танысып, жастармен кездесті
Президент Лисаков қаласындағы «Алақай» орталығының жұмысымен танысып, жастармен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға жұмыс сапары барысында Лисаков қаласындағы балаларға арналған «Алақай» отбасылық демалыс орталығына барды. Мұнда балаларға арналған батут орталығы, тұз шахтасы, сондай-ақ әртүрлі ойын-сауық, демалыс орындары қарастырылған. Орталық директоры Любовь Захарова ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп келе жатқанын және өзінің жеке кәсібін 2014 жылы 180 балаға арналған жекеменшік «Балақай» балабақшасын ашудан бастағанын айтты. Қазір «Алақай» орталығы жанынан аквапарк құрылысы жүріп жатқанын, келешекте өрмелеу алаңы, жазғы лагерь секілді жобаларды жүзеге асырғысы келетінін жеткізді. Мемлекет басшысы кәсіпкердің ойын құптайтынын айтып, кәсібіне табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы білім беру жүйесінде адал еңбек етіп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосқаны үшін Любовь Захарованы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады. Президентке Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов таяу жылдары Қостанай қаласында Үстел теннисі орталығы, ал сегіз ауылда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу жоспарланып отырғанын баяндады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орталықта Қостанай облысының белсенді жастарымен әңгімелесті. Лисаков қаласындағы №4 мектептің 11-сынып оқушысы, жүзуден Қазақстанның спорт шебері Дмитрий Энес Президентке жетістіктері мен арманы туралы айтты .
«Sanaly urpaq-2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрбек Әбдібеков азаматтық қоғамның дамуына айрықша көңіл бөлгені үшін Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өзекті мәселелер көтеріп, шешім қабылдау процесіне белсенді араласа бастағанын мәлімдеді. «Serviсe trаde Company» ЖШС директоры Сергей Старков бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламасы аясында екі түрлі кәсіп ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтығанын атап өтті. Ол таяуда іске қосылған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз микрокредиттеу бағдарламасы жастар үшін айтарлықтай қолдау екенін, егер ниет болса, шағын елді мекендерде де шаруаны дөңгелетіп, ірі жобалар жасауға болатынын айтты.
Мемлекет басшысы елімізде осындай еңбекқор, ұқыпты, білімді жастардың көп болғанын қалайтынын атап өтіп, мемлекет жастар саясаты мен азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.