- Advertisement -

Екі жылда ауқымды жұмыстар атқарылды

260

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 19 қаңтардағы No105 Жарлығымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды. Жетінші шақырымдағы Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының жұмыс мерзімі аяқталды. Өздеріңізге белгілі 2021 жылдың қаңтар айында өткен сайлаудан кейін Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттар құрамы 85 пайызға жаңаланды. Оның ішінде 30 – «Nur Otan», 3 – «Ауыл», 3 – «Ақ жол партияларынан сайланды. Әйелдердің үлесі – 25 пайызды құрады. Депутаттық корпустың орта жасы – 48 (бұрынғы шақырылымда – 55 болған).

Мәслихаттың сессиялары 

Екі жылдың ішінде облыстық мәслихаттың жұмысы бекітілген перспективалық жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, 24 сессия, оның ішінде кезектен тыс 16 сессия өткізілді.

Сессиялардың күн тәртібінде негізінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды мәселелері қаралды. Мысалы, «Жамбыл облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы», «Жамбыл облысының басқару схемасы», «Жамбыл облысы аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы» бекітілді.

Сонымен қатар облыстағы нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар», «Облыстың емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасы, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайы және COVID-19 пандемиясы кезіндегі медицина саласына бағытталған қаражаттың тиімді жұмсалуы», «Жамбыл облысында жерлерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді халық қажеттілігіне қарай пайдалануды жоспарлау жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар», «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету барысы» туралы мәселелер облыстық мәслихаттың сессияларының күн тәртібінде қаралды.

Депутаттар сессияларында барлығы 25 негізгі мәселелерді қарап, жалпы саны 270-тен аса шешімдер қабылдады, оның ішінде 38 шешім әділет органдарында тіркеуден өтті.

Сессияларға шығарылған мәселер бойынша депутаттармен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тұрақты комиссиялардың отырысында жан-жақты талқыланып, нақты ұсыныстар берілді.
Жамбыл облыстық мәслихат аппаратына жеке тұлғалардан 97, заңды тұлғалардан 36 өтініш қабылданып, олардың барлығына нақты жауаптар жолданды. Облыстық мәслихат аппаратына әртүрлі тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді қамтыған 1198 хат келіп түсті, оның 1015-і мемлекеттік органдардан, 183-і мемлекеттік емес мекемелерден келді. Келіп түскен хаттардың 353-і назарға алынып, 845-іне тиісті жауаптар берілді.

Халықпен кері байланыс

Сайлаушылардың мәслихат депутаттарына сенімін арттыру, халықпен «кері байланысты» нығайту, осы бағытта жұмысты кешенді және жүйелі түрде ұйымдастыру – өзекті мәселе болды. Осыған байланысты бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар ұйымдастырылды:

Біріншіден, мәслихат депутаттары облысымыздың аудан және қала тұрғындарымен кездесулер өткізді.

Олардың негізгі мақсаты – облыста қалыптасқан ахуалға байланысты халықпен кездесулер өткізіп, тұрғындар арасында шешімін таппай жатқан мәселелерді тыңдап, облыс басшыларына жеткізу. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы туралы халықтың алдында есеп берілді.

Барлық аудандарда мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес және ардагерлер кеңесінің төрағаларымен кездесулер өтті.

Кездесулер барысында «Nur Otan» (бүгін – «AMANAT») партиясы аудандар бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуы жан-жақты қаралды. Осы мәселе бойынша аудан әкімдерінің есептері тыңдалып, орындалған, орындалу үстіндегі және орындалмау қауіпі бар іс-шаралар қаралды. Сонымен бірге кездесулер барысында депутаттың жауапкершілігін арттыру, халықпен кері байланысты орнатуда әлеуметтік жүйелерді белсенді пайдалану, мемлекеттік жергілікті басқару заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер туралы мәселелер талқыланды.

Екіншіден, депутаттардың халықпен «кері байланысты» орнатудың негізгі құралдардың бірі – әлеуметтік жүйелерді кеңінен пайдалану.

Сонымен қатар «Jambyl» телеарнасында «Депутат дидары» атты тележоба депутаттар жұмысын жүйелі насихаттауға, халықпен байланысты нығайтуға зор ықпалын тигізді.

Одан басқа арнайы келісімшарт жасалынып, сессиялар және тұрақты комиссиялардың отырыстарынан «Aitube» каналы арқылы тікелей трансляция жасалынды.

Облыстық мәслихаттың Faceboоk-та жеке парақшасы ашылды. Аталған парақшада блогерлердің депутаттарды белгілеп, қойып жатқан сұрақтарына қарасақ, халық әлі де мәслихат депутаттарының жұмысын мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы мәселелермен шатастыратындығы айқын көрініс беруде.

Депутаттардың халықпен «кері байланысын» дамыту мақсатымен және мәслихат аппараттарының жұмысын жүйелендіру үшін семинарлар ұйымдастырылып, Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихат аппараттары орталықтандырылған GOV.KZ ресми интернет ресурстарына көшіріліп, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің талаптарына сәйкес мәслихат аппараттарының ресми сайтының құрылымы және контенті жетілдіріліп, толықтай жаңғыртылды.

Халықтың қойған мәселелерін шешудің бір жолы – депутаттық сауалдар. Екі жылдың ішінде облыстық мәслихат депутаттары тарапынан әкімге, әкімнің орынбасарларына мемлекеттік органдардың, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына 200-ден астам депутаттық сауалдар жіберілді.

Жіберілген депутаттық сауалдарға тиісті органдардан нақты сапалы жауаптар алу, қойылған мәселелердің шешімін тауып, аяғына дейін жеткізу – депутаттардың және мәслихат аппаратының ерекше назарында болды. Негізгі мақсат – депутаттық сауалдардың саны емес, олардың нақты нәтижесі.

Депутаттардың қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі

Бүгінгі мәслихат депутаттарының құзыреттілігіне, кәсіби даярлығына, білімі мен біліктілігіне жаңа талаптар қойылды. Өздеріңізге белгілі мәслихат депутаттарының кәсіби деңгейі де, депутаттық қызметке даярлығы да әртүрлі. Осыған орай облыстық, қалалық, аудандық барлық мәслихаттарының депутаттары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Жамбыл облыстық филиалының базасында 40 сағаттық біліктілігін арттыру курсынан өтті.

Депутаттардың оқуы келесі тақырыптар бойынша ұйымдастырылды: «Мәслихат депутаттарының құзыреті», «Бюджеттік жоспарлау», «Тиімді коммуникациялар» және т.б.

Оқудың қорытындысымен тыңдаушылардан арнайы сауалнама алынып, барлық депутаттар оның қажеттілігі мен тиімділігін жоғары бағалады.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының бастамасымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер марафоны» деп аталатын жобаны жариялады.

Осы жобаның аясында «Қайырымды мәслихат» марафоны өткізіліп, жалпы 200 миллион теңгеден астам қайырымды және басқа ізгі шаралар ұйымдастырылды. «Таразға тарту» ретінде «Депутаттар аллеясы» жасалынды.

Мәслихат депутаттарының қоғамдық және әлеуметтік белсенділігін арттыруға, олардың халық алдында жауапкершілігін күшейтуге, депутаттың қызметін нақты бағалау мақсатында 2022 жылдан бастап Жамбыл облысы мәслихаты депутаттарының қызметіне КРІ әдістемесі енгізілді. Келешекте ол механизм барлық деңгейдегі мәслихаттарда пайдаланатын болады.

Мәслихаттардың келешегі 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында азаматтық қоғамды дамыту, мәслихаттардың рөлін көтеру және өзге де саяси реформаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелер ерекше назарға алынған болатын.

Соңғы жылдары мәслихаттардың жұмыстарын реттейтін екі негізгі құжат қабылданды.

Біріншіден, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 18 тамыздағы No639 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді.

Екіншіден, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Қабылданған жаңа нормалар барлық деңгейдегі мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыруға, олардың қызметіне жаңа серпін беруге бағытталған.

2022 жылдың мамыр айында Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Ол кездесуде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздіктерді азайту мақсатында бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Нақты айтсақ,

– Жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару (ЖӨБ) органдары өкілеттіліктерінің аражігін ажырату.

– ЖӨБ органдарының мүліктік құқықтарын кеңейту.

– ЖӨБ деңгейінде мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін оңайлату.

– «Халық қатысатын бюджеттің» (ХҚБ) функционалын кеңейту арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыруды енгізу.

– ХҚБ қаражатын бөлу жөніндегі функцияларды мәслихаттарға бекіту.

Ал басталған конституциялық реформаның аясында барлық деңгейдегі мәслихаттардың мемлекеттің саяси жүйесінде атқаратын ролі күшейе түседі.

Мәслихат депутаттарының осы VII-ші шақырылымның мерзімі қысқа болды. Бірақ оған қарамастан қызметі сапалы әрі мазмұнды болды деп ойлаймын.

Депутаттар өңірімізде туындаған мәселелердің ортасында жүріп, халықтың өмір сапасын жақсартуға, қоғам мен биліктің арасындағы байланысты орнатуға өз үлестерін қосты. «Қасіретті қаңтар» оқиғалары кезінде де депутаттар халықтың арасында болды.

Әрине, депутаттардың жұмысында кемшіліктерде болды, біраз сын да айтылды. Олардан қорытынды шығарып, сайлаушылардың сенімін ақтауға нақты жұмыстар жасалынды.

Жамбыл облыстық мәслихатының VII-ші шақырылымының депутаттарына үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да елімізде басталған реформаларды табысты жүзеге асыруда әріптестерім өз үлестерін қосатынына сенемін.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support