- Advertisement -

Қантөгіс енді қайталанбасын

74

- Advertisement -

(Жақсыбек Құлекеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» кітабынан туындаған ой)

Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым-экономист Жақсыбек Құлекеевті көпшілікке таныстырудың қажеті жоқ болар. Ол әркез өзінің салмақты ойларын, азаматтық позициясын теледидардан берген салиқалы сұхбаттарында, әлеуметтік желіде және әртүрлі басылымдарда ашық білдіріп отыратын көзі ашық, көкірегі ояу қазіргі уақыттың белсенді қоғам қайраткерлерінің бірі.

Жақсыбек Құлекеев әр жылдары бірнеше министрлікті (Білім және ғылым, Экономика және сауда министрілігін) және компанияларды (Қазақстан теміржолы, «ҚазМұнайГаз») басқарған білікті маман. Таяуда оның «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» (Алматы, «Классика» баспасы, 2022. – 357 бет) деп аталатын кітабы көпшіліктің қолына тиді. Бұл еңбек қайғылы Қаңтар оқиғасы туралы жазылған алғашқы көлемді туынды. Ойлап отырсақ, сол 2022 жылдың басындағы «Қаңтар қантөгісін» өз көзімізбен көрген біздер әлі де ес жия алмай, анау-мынау деп жүргенімізде уақыт зымырандай зулап, бір жыл болып қалыпты.

Елімізде орын алған қасіретті оқиға ел-жұртты қатты есеңгіретіп кеткені жасырын емес. Егер ол басқаша аяқталғанда қандай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды дәл бүгін көзге елестетудің өзі қиын… Қаңтар оқиғасына әлі соңғы нүкте қойылмағаны белгілі. Лаңкестікке қатысқан, кінәлі делініп абақтыға жабылған біраз азаматтар (базбір мәліметтер бойынша 1,5 мыңға жуық) Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың таяудағы Жарлығымен рақымшылық жасалып, бостандыққа шықты. Бірақ, көпшілік арасында желдей ескен қауесет сөз әлі аз емес. Сол Қаңтар оқиғасының келтірген залалы әлі толық орнына келе қойған жоқ, оның жүрек пен санамызға салған «жарасы» әлі жазылған жоқ.

Кітап авторы – экономика ғылымының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеев «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты бұл еңбегін үш бөлімге бөліпті: Қаңтарға дейін, Қаңтарда, Қаңтардан кейін. Алғашқы бөлімінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келу жолы және оның 2-3 жылда атқарған еңбегі мен кездескен қиындықтары туралы баяндалып, билік арасында болған оқиғаларға орынды баға беріледі. Қ.Тоқаевтың президенттік билікке қалай келгені жөнінде мәлімет келтіріле отырып, оның оған дейінгі қызметтік баспалдақтардан (Сыртқы істер министрлігінің беделді тұлғасы, ел дипломаттарының жетекшісі, екі рет Сенаттың Төрағасы, Премьер-Министр) абыроймен өткені баяндалады. Кітапта оның БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғаны, әлемдік аренадағы беделі, салиқалы саясаткер екенін еске түсіреді. Салқынқандылығы мен шыдамдылығы, басқалардың пікірімен санаса білетін, адал, саяси топтардан, түрлі жанжалдан бойын аулақ ұстайтын, менеджерлік қабілеті мен тәжірибелі, қызметте ысылған саясаткер екені де тартымды баяндалған. Өмір көрсетіп отырғандай, Қ.Тоқаев қандай уақыт болмасын, қызбалыққа салынып, билігін пайдаланып кез келген оқиғаға бірден «кесіп», өрескел шешім қабылдамайды. Барлығын ақылмен, сабырмен шешеді. Олар сан жылдар бойы қалыптасқан шартты «қазақ синдромынан» шыға алмай, байлығын сүліктей сорды, ел табысын жүзден сәл-ақ астам санаулы жандар бас пайдаларына жаратты.

Бірақ, Қ.Тоқаев салиқалы позициясы, салқынқандылығы, сабырлығы арқасында аман-есен қиындықтан шыға білді. Бұл – оның сауатты, сардар саясаткер екенінің жарқын көрінісі. Оның қайраткерлігі, іскерлігі, мемлекетшілдігі Қаңтар оқиғасынан кейін ерекше айқындала түсті, батыл, тіпті қатал шешімдерге барды. Президент халыққа Жолдауларында мемлекетімізге біраз жаңа реформалар енгізіп, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салуда. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақтан» идеялары туындап, сол бағытта жоспарлар құрып, іс-шаралар жүргізіп, халықтың үмітін арттырып отыр. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да көптің көңілінен шықты. Бүгіндері әлемдік элита арасында «ел басқаруда Қ.Тоқаев феномені» деген түсінік пайда болып, оны ерекше құбылыс ретінде қабылдауда.

Кітап авторы елдің басынан өткен, базбір кездескен оқиғаларды баяндай отырып, тәжірибелі, прогрессивті маман-экономист ретінде ел экономикасын қалай дұрыс жолға қоюға болатынын зерделеп, тың ұсыныстар береді. Мысалы, ол «мемлекеттік капитализм, экономикадағы бәсекелестік – елді алға бастайтын жалғыз фактор», «мемлекет нарықтық экономикаға араласпауы керек» деген және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары туралы өзінің көзқарасын білдіреді.

«Қаңтарда» деген екінші бөлімде кітап авторы Ж.Құлекеев 2021 жылы орын алған елдегі саяси жағдай барынша шиеленіскенін айта келе, «транзиттік келісімнің» бұзылғанына, Қаңтар қырғынының логикалық себептеріне үңіліп, оқиғаның бүкіл хронологиясы нақты фактілер арқылы баяндалады. Қай жерде, қалай басталғаны, оның тез арада республиканың 7 өңіріндегі 70-ке жуық қала мен елді мекенде өрбуі жазылған. Бейбіт шерулердің қанды бүлік пен лаңкестікке қалай ұласқаны, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбеде автомат, пышақпен қаруланған лаңкестер 111 мемлекеттік нысанға шабуыл жасағаны, олардың отқа оранғаны егжей-тегжейлі айтылған. 400-ге жуық қызметтік көліктің өртенгені, 100-ден аса ірі сауда орны, 1 395 бизнес нысаны мен банк, 7 қару-жарақ дүкені тоналғаны жайлы фактілер мысалға келтіріледі. Мәліметтерге сүйенсек, атыс, қақтығыс пен жарылыс салдарынан 238 адам қаза тауып, 4578 адам жарақат алды. Күштік құрылымдардың бүлікті басуы, адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығын, еліміздің тұтастығын сақтау үшін төтенше жағдай енгізілгені, антитеррорлық операциялардың нәтижесі туралы мәлімет береді.

Сол ел тағдыры қыл үстінде тұрған Қаңтар оқиғасы кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табандылық көрсетіп, батыл шешімдер қабылдады. Ахуалға байланысты дер кезінде керекті мәлімдемелер жасап, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету үшін ҰҚШҰ әскерін көмекке шақырды. Бүлікті ұйымдастырған адамдарға «мемлекетке опасыздық» пен «мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысты» деген айып тағылды. Кітапта қанды қақтығысты, ойранды ұйымдастырғандардың қалай ұсталғаны туралы ресми деректер келтіріледі.

Сонымен қатар кітаптың екінші бөлімінде автор бүлікті ұйымдастырғандар кімдер, олардың артында қандай күштер тұр – осыған қатысты сарапшылар пікірін келтіреді. Олардың көздеген мақсат-мүддесі, шетелдік лаңкестік топтармен байланысы туралы да ой қозғайды. ҰҚШҰ әскерін Қазақстанға шақыруға қатысты халықаралық қоғамдастықтың көзқарасы айтылады.

Әлі есімізде, 2022 жылдың 5 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кенет қалыптасқан аса күрделі және қатерлі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, халыққа басу айтты.

– Баршаңызға тағы да айтарым, іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Ал жастарға айтарым, жарқын болашақтарыңызға балта шаппаңыздар, жақындарыңыз бен туған-туысқандарыңыздың жағдайын ойлаңыздар! Қандай жағдай болса да, мен Елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім,– деп елді сабырға шақырған Қ.Тоқаев халықтың барлық заң аясындағы өтініштері мен талаптары ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатынына сендірді. Ол өз сөзінде азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығына, Қазақстанның тұтастығына қауіп төнгенін білдірді. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде әрі бейбіт тұрғындардың өтінішіне орай сол күннен бастап барынша қатаң әрекет ететінін мәлімдеді. «Маған кейбір «жолдастар» тікұшаққа немесе ұшаққа отырып, Қазақстаннан кетуге ұсыныс жасаған. Мен, әрине, ондайды жоспарлаған жоқпын. Осы жерде аяғына дейін қалуға міндетті екенімді білдім», – деп атап көрсетті Қ.Тоқаев сол қаһарлы күндер туралы телеарналарға берген бір сұхбатында. Шынын айтқанымыз жөн, Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар, арнайы дайындалған топ болғаны, олардың ықпалымен мемлекетімізде белгілі бір қастандық болғанын мойындауымыз керек. Елімізде төңкеріс жасап, қарапайым халықтың қанын төккен, өз халқына сатқындық жасаған мүйізі қарағайдай «серкелер» ұсталып, абақтыға жабылды. Тергеу жұмыстары жалғасып, қасіретті оқиғаның анық-қанығын қазір құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Кітаптың бұл бөлімінде Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Ақтөбе, Талдықорған және де басқа қалаларда болған бүліктер мен тәртіпсіздіктер, қантөгіске ұласқан шабуыл-қақтығыстар егжей-тегжей келтіріліп, көптеген қасіретке толы фактілер мен анықтамалар берілген.

Кітаптың «Қаңтардан кейін» деген үшінші бөлімінде Қаңтар оқиғасынан кейін болған құқық бұзушылықтар жөнінде баяндалған. Қапыда қалған клан, олигархтардың шетелге заңсыз шығарылған қаржылары, олардың қолындағы жеке табиғи монополиялар мен активтерді мемлекетке қайтаруға байланысты жұмыстардың қалай ұйымдастырылғаны туралы ресми деректер келтіріледі.

Иә, ел арасында «Қасіретті Қаңтар» деп аталып кеткен бұл оқиға қазақ халқына үлкен сын болды. Шындықтың шыңына, әділеттілікке қол жеткіземіз деген үмітпен алаңға шыққан қарапайым бейбіт халықты өздерінің залым ойларына пайдаланған қитұрқы, қара ниетті топ көпшілікті қақтығыстарға итеріп, аяусыз текетірестікке, қантөгіске алып барды, мемлекетіміздің тұрғындарына үрей туғызды, бейбіт аспанымызда қара бұлт торлады, ғимараттарды от шалып, біразы күлге айналды, сандаған дүкендер тоналды. Ел болашағы қыл үстінде таразыға түсті. Ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы талқыға түскен тарихи сәтте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дер кезінде орынды, батыл да жігерлі, қатал шешім қабылдап, елді сабырлыққа шақырды. Бейбіт халқымыздың байсалдылығы мен ел басшылығының дұрыс қабылдаған іс-шаралары елдікті сақтап, мемлекетімізді тұрақты қалыпқа қайтарды. Сөйтіп, еліміз бұл ауыр сынақтан дұрыс жол тауып, қалт-құлт етіп тұрған «қылкөпірден» дұрыс өте білді, елдігіміз сақталды.

Ел басшысын биліктен кетіру және оны белгілі бір «демократ-путчистпен» алмастыру мақсатында төңкеріс жасаудың ықтимал сценарийі іске аспады, туымыз жығылмады, содырлар өзінің тиісті тойтарысын алып, тұрақтылық қайта орнады. «Менің ойымша, бұл жоспарланған әрекет болды, бейбіт түрде басталған этаптан бастап өлтіруге, тонауға дейінгі барлық кезең арнайы ұйымдастырылған жоспар. Бұл жерде кәсіби мамандар ойлап тауып, солар орындаған кешенді операция болды. Бейбіт митингілер өтті. Содан кейін олардың орнына жай ғана бұзақы адамдар, сосын 3-ші толқын келді: тонаушылар, қанішерлер, зорлаушылар. Оларды аймақты жақсы білетін содырлар басқарды, ғимараттарға шабуыл жасады», – дейді кітап авторы.

Белгілі экономист Ж.Құлекеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты бұл кітабы саяси әдебиет, талдаулар мен зерттеулерден құрылған мәнісі елеулі еңбек. Тың ойлар мен пікірлер, фактілер мен ресми мәліметтер мол. Еңбекте белгілі саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің, белгілі азаматтардың Қаңтар оқиғасы туралы ой-пікірлері кеңінен пайдаланылған. Олардың және автордың айтқан ұсыныстары мен ойлары қазіргі қоғамымызға, билік иелеріне ой салады.

Бұл кітап қазақ қоғамын дүр сілкіндірген Қаңтар оқиғасының бүге-шігесін айқындаған ерекше еңбек деп білгеніміз жөн. Көпшілікке ұсынылған бұл кітап біраз оқырманның ойын мазалап жүрген көптеген сұрақтарға жауап беріп, кешегі Қаңтар оқиғасы туралы саяси сауаттылығын аша түседі деген пікірдеміз.

Еліміздің басынан өткен қанды оқиғалардың (1986 жылғы Желтоқсан, Жаңаөзен, 2021 жылғы Қаңтар) халық арасында ұмытылмас азабы мен шері бар. Бірақ, дүние тегершігі өз жайымен ары қарай айнала бермек. Уақыт шіркін, шыр айналған ұршықтай алға жетелей бермек. Сондықтан тарих үшін сол күндерді тағы бір еске түсірген жөн. Бұл сындарлы шақтан сабақ алу және оның қайталануына жол бермеу үшін қажет.

Мойындағанымыз жөн, елімізде болған Қаңтар қасіреті халықтың әлеуметтік жағдайының мәз еместігін көрсетті. Басқаша айтқанда, халық бос уәдеден, жемқорлық пен әділетсіздіктен әбден шаршады, жүйкелері сыр берді. Жұмыссыздық пен төмен жалақы, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, ұлттық байлықтың әділ бөлінбеуі, жұмысы нәтижесін бермейтін министрліктердің жалған реформалары, шенеуніктердің жұмысы ашық және әділ болмауы, азық-түліктің негізсіз қымбаттауы, әлеуметтік мәселелердің оңды шешілмеуі, баспана проблемалары және де басқа қоғамдағы келеңсіз істер көптің наразылығын тудырды.

Әрине, Шерағамыздың (Шерхан Мұртазаның) «Прездент біреу, халқы оған тіреу» деген қанатты сөзін естен шығармау керек. Қазіргідей геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған сәттерде саясатты дұрыс бағытта ұстау, әділетті мемлекет құру бағытын алған елді басқару жеңіл жұмыс емес. Бірлік пен түсіністік, тұрақтылық пен әділеттілік, демократия принциптері сақталған, азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарған қоғам гүлденіп, бейбітшілік орнап, прогресс болады.

Таяуда елімізде кезектен тыс өткізілген Президент сайлауы халықтың Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен сенім артатынын көрсетті. Президенттің сайлауалды бағдарламасы көпшілік арасында тың ойлар туғызып, үміт отын жағып, жігерлендіре түсті.

 

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support