Жаңалықтар

Жоспар мен тосттар

Жоспар мен тосттар

«Жоспар! Жоспар! Жоспар!» деп, Алынып жатты тосттар көп. Әрбір пункт, әр тарау Табыстарға бастар деп.

Ұзамай жоспар бұзылды, Үсті-үстіне сызылды. Айыл-тартпасы бос екен, Желмей, жортпай, үзілді.

Бос сөздер бөздей сөгілді, Арам терлер төгілді. Жоспар мен тосттар қабыспай, Өгізге арба жегілді. Тұлпар түгіл Тұғыр жоқ. Қаймақ түгіл Жұғын жоқ.

Бір мекемеде

Бір сағаты – мәлімет құрауға, Бір сағаты – телефон бұрауға, Бір сағаты – қатынас қағазға, Бір сағаты – «анекдот-сабазға», Бір сағаты бағыныштысын сыбауға, Қос өркештей қос сағат – Мәжіліске келгендерді сынауға. Қайран уақыт осылай Талапай болар, «Анау» менен «мынауға».

Күншіл

Күлімдеп сәлемдессем, Күлдің деп сызданасың, ә! Тәңірінің тегін берген Күлкісін қызғанасың ба?