- Advertisement -

Ұстаз бен шәкірт арасы. Қателік қалай түзеледі?

285

- Advertisement -

Ұстаз – мектептің жүрегі, әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін теңдессіз тұлға. Отбасында ата-анасының қамқорлығы мен «айналайыны» баланың жанын қалай жылытса, мектепте ұстазының болмысы, жанашырлығы, айтқан әрбір сөзі дәл солай әсер етеді. Сондықтан ұстаз өз атына лайық терең білімділігімен қатар, жан-жақты және жоғары саналы тұлға болуы тиіс. Оқушы әркез өз ұстазының бойынан үлгі тұтар, жақсы қасиеттерді көргісі келеді. Сол себепті де мұғалім оқушының мінез- құлқын жете меңгеріп, сыныптағы әрбір оқушымен жақсы қарым-қатынас жасап, олардың ойын түсініп, өзінің әрбір іс-әрекетімен бала жүрегіне жол таба білуі шарт. Бала үшін үйде өз ата-анасы жақын болса, мектептегі «туысы» – мұғалім.

Ілкіде ұстаздың ұстанымын қашанда дұрыс көрген әрі әр адамның ұстазға деген құрметі шексіз болған. Тіпті оқушысы ұстазымен бір дастарқан басында қатар отыруға ұялған. Өйткені ұстазын қашанда биік қойған. Бұл үлкендердің кішілерге берген өнеге, ізетінің нәтижесі. Яғни әке-шешесі балаға ұстаздан ұлағатты адамның жоқ екенін, оның сөзі қашанда тура екенін ескертіп, ұқтырып отырған. Уақыт өткен сайын адам және оның құндылықтары өзгеретіні анық. Бүгінде әр балаға өзінің тұлға екенін сіңіріп өсіріп келеміз. Одан ақылды, одан данышпан адам жоқ деп түсіндіруді жөн деп санаймыз. Осы тұста бір олқылық жіберіп алған сияқтымыз. Ол – үлкенге құрмет, кішіден – ізет екенін, әсіресе ұстазсыз шәкірттің тұл екенін ұмыт қалдырғанымыз…

ХХI ғасыр оқушыларының ұстанымы басқа. Уақыт өткен сайын бәрі өзгеретіні рас. XXI ғасыр басталғалы өмір сүріп жатқандар – «Z» ұрпағы екен. «Z» ұрпағының бойында күш-қуат мол. Олар стратегиялық жоспарлауды ұнатпайды. Ақпаратты сүзгіден өткізе алады. Өте сезімтал, өздерін тез табады. Үлкен адамдар үш-төрт жұмысты қатар істеп жүріп барып, «мынау маған жақын екен» деп өзіне қолайлысын тапса бұл ұрпақ жанына жақын дүниені тез табады. Оның үстіне, ерте есейеді. Ұялмайды. Жаңа нәрсе ойлап табуға бейім болып келеді. Логикалары шапшаң, олар көп прогресс әкелуі мүмкін. Олардан көп дүние үйренуге болады. Біраз жағдайдың дұрыс екенін сезеді және оған басқаларды үйрете алады. Тек отбасылық құндылық пен моральді ақсатып алуы мүмкін. Себебі оларда тәртіп жоқ, біреуге жағу мен ұнау оларға жат, тек өздері үшін ғана өмір сүреді» деп топшылайды нумеролог Құралай Бақытқызы.

Иә, компьютер заманында дүниеге келгендердің түсінігі мен көзқарасы өзгеше екенін күнделікті тіршілікте көріп те жүрміз. Соңғы жылдары қазақ қоғамында мектеп оқушыларының ұстазына қарсы шығуы, қит етсе камераға түсіріп алуы, әлдене айта қалса, ата-анасын мектепке ертіп келу сынды келеңсіз іс көбейді. Мұндай мәселе әлеуметтік желі арқылы қоғамға тарап кетті. Осындай жағдайларға байланысты ата-ана мен ұстаз және шәкірт арасында пікір қайшылығы өрбіп отыр.

Ұстаздың шәкіртіне қол жұмсауы тәрбие берудегі шарасыздық па? Оқытушы оқушының қателігін көргенде қалай тезге салғаны жөн? Баласын жақтап, ұстазды оқушысының алдына жығып берген ата-ананың қылығы қаншалықты дұрыс? Ұстаз бен шәкірт арасындағы мәселе қалай шешіледі? Осы сұрақтарға жауап іздеп, ұстаздардың, ата-аналардың және психолог мамандардың пікіріне құлақ түрген едік.

Осы тұста «Z» ұрпағының ерте жетіліп, өзін- өзі қатты жақсы көретіндігінің куәсі болдық. Олар ұстаз тұрмақ, ата-аналарының сөзін де көтере алмайтын сияқты. Оған біз сауал қойған бірнеше оқушының жауабы дәлел. Біз «Ұстаз әлденеге көңілі түсіп, ұрыса қалса, оқушы не істеу керек?» деген сауал тастадық. Сонда біз бір сарындағы бірнеше жауап естідік. Бір оқушы «Қандай жағдай болмасын, дауыс көтеруге хақы жоқ» десе, енді бірі «Түсіндіріп айтуы керек. Бірақ ұрыспасын. Ата-анамыз да ұрыспайды, ұстаз тұрмақ» деген сынды жауаптарды алға тартты. Ал кейбір жасөспірім тіпті «Олар бала болмап па? Өздері кіршіксіз бе екен? Өздерін жөндеп алсын» деп түйіндеді. Тек бірен-сараны ғана түзелуге тырысатындықтарын жеткізді.

«40 жыл мектеп қабырғасында шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық еттім. Бүгінгі таңда оқушылардың ұстазын сыйламауының бірден-бір себебі, ата-ана тарапынан үйде ұстазды құрметтеу, оның әрбір сөзіне құлақ асу, тыңдау қажеттілігі сынды әңгіме айтылмайтын сыңайлы. Керісінше, «Өздерін жөндеп алсын» деп айту арқылы мұғалімнің беделін түсіреді. Одан бөлек, ұстаздың мінез шикілігі, оқушының жан дүниесін түсіне алмауы, қарым-қатынасын дұрыс орната алмауы деген сынды олқылықтары болса, оқушы ол ұстазды да құрметтемейді. Өзі ұстазға жат қылық танытып тұрып, «Олай жасама, бұлай жасама» деп, сыныпқа басшылық рөлін көрсете алмаса, сөзі мен ісі бір жерден шықпайтын мұғалім мен оқушы арасында дау-дамай етек алары анық. Өйткені бұл сабақта мұғалімнің білім дәрежесінің төмендігі мен әдісінің шалалығы оқушының тілектерін қанағаттандыра алмайды. Ең алдымен олардың арасындағы наразылық пен жанжал мұғалімнің жеке басындағы мінез-құлық пен қызметіндегі кәсіби олқылықтарына байланысты. Мұғалімнің мінез-құлқы өз мамандығының талаптарына сай болса, қолайсыз жағдай болмас еді. Қолдан келгенше өзара қақтығыс пен реніш тудырмаған жақсы. Ұстаз қашан да оқушының көзінен-ақ бәрін ұғып ала қоятын байқампаз, терең, барлық жағынан сауатты болуы керек. Мұғалім кімге де болса игі тілекпен ықыласты көмек көрсетіп, шәкірттердің жан дүниесін (психикасын) айтпай- ақ түсініп, қатынасты дұрыс қалыптастырып, қамқорлық таныта білсе, ешқандай өрескелдік орын алмайды», – дейді ардагер ұстаз Мейрамкүл Әбішқызы.

Ал психолог Мира Өскенбаеваның пікірінше, оқушылардың үлкендердің айтқан сөзіне құлақ аспай, айтқанынан қайтпайтын мінез көрсетуі мұғалімнің ұстаздық шеберлігіне байланысты зерделенеді. Есейіп келе жатқан мектеп оқушысы өзіне ерекше зейін қоюды қажет етеді. «Өтпелі кезең жасындағы балалар мен мұғалім арасында түсініспеушілікті жиі кездестіруге болады. Балалардың жас ерекшелігін ескере алмағандықтан және тәлім-тәрбие жұмысында соған сай әдіс-тәсілдерді қолдана білмеуден кейбір мұғалім көптеген қиындыққа тап болады. Жаңа қалыптаса бастаған жеткіншек мінез-құлқына қилы сөз, көзқарас, тіпті баға да кері әсерін тигізеді.

Мұндай кемшіліктер, ең алдымен, ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті мен сабақ жүргізудегі методикалық олқылығынан пайда болады. Негізі баланың талап қоюы, салмақтана бастауы, әрбір нәрсеге мән беруі өсіп-жетілгенін білдіреді. Ересек адамдармен салыстырғанда мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас едәуір күрделі. Өйткені мұғалім толық қалыптасқан, мораль, этикалық жағынан жетілген, мінез-құлқы орныққан адам болса, бала әлі өмір жолы қалыптаспаған оқушы ғана. Жасөспірім арасындағы ұшқалақ мінезді, қызуқанды, айтқанынан қайтпайтын өжет, өзін жоғары санайтын балалармен жұмыс жасау, әсіресе мұғалімдерге оңай тимесі анық. Ұстаз шыдамдылық пен тапқырлық танытып, қалай да оқушымен тиімді қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілін іздену үстінде жүруі тиіс» – дейді ол.

Сайып келгенде, оқушы мен ұстаздың қарым- қатынасындағы проблеманы анықтау барысында кімнің кінәлі екенін іздеп емес, бұл мәселенің түйінін қалай тарқатуды ойлағанда ғана дұрыс шешімі табылады. Тек ұстаз өз биігінде қалып, оқушы өзінің шәкірт екенін ұмытпаса ғана бұл келеңсіздік жойылары анық.

 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support