- Advertisement -

Талайғы Тараз, тағдырлы Тараз

223

- Advertisement -

Қордаланған тарихы қос мыңжылдықтан асып, ХХІ ғасырмен құрдас болып отырған ежелгі шаһарымыздың көне Тараз атауымен қайта аталғанына биыл табаны күректей 26 толып отыр. Тарихтың маңдайына уақыттың алтын мөрімен қайта жазылған ежелгі қаланың аты бұл күнде өңірдің ғана емес, жалпы Ұлы даланың шежіресімен қатар аталады.

Төрткүл дүниені тебіренткен Троямен тағдырлас, Самарқанмен замандас, өркениеті жұмыр жердің бетінде отыз ғасыр қасқайып тұрған Римнен, өнегесі 27 ғасырлық Ереваннан еш кем түспейтін, екі мың жыл еліне пана болған қасиетті тарихтың қара шаңырағы – Тараз шаһары бұл күнде үшінші мыңжылдыққа қадам басып отыр. Жібек жолы бойындағы жауһар қала өзінің теңдесі жоқ жәдігерлерімен ғана емес, бүгінгі көз сүйсінтер көркімен, айтуға сөз құдыреті жетпейтін сұлулығымен де ерекше.

Бұл күнде мыңжылдық, мың жарым жылдық тарихы бар Сауран, Жанкент секілді шаһарлар бар. Алайда олардың талайы қазір жай ғана бір- бір ауылдың шетіне шөгіп, үйіндіге айналғаны жасырын емес. Ал Тараз қаласы жиырма ғасыр бойы өзінің жауһар келбетімен жасап келеді.

Қазақ хандығының іргетасын қалаған тараздық бабалардың, баһадүрлер мен сөз сүлейлерінің, сәулетшілер мен зергерлердің ерлігін бір ауыз сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Осы секілді қазақ даласына Ислам діні осынау Тараз топырағы арқылы тараған дейді ғалымдар. Оған мұсылман мәдениеті мен өркениетінен терең тағылымды сыр шертетін Қарахан мен Тектұрмастың заманы куә.

Қаланың ең алғашқы атауы – Тәңірғұт. Тәңірден құт дарыған, Тәңір сүйген деген мағынада айтылған алғашқы атауы күні бүгінге дейін маңыздылығын да, киелілігін де жойған жоқ. Сондықтан да болар, Тараз құтты орнынан қозғалмай, қаншама аласапыранды басынан кешсе де, рухы мүжіліп, еңсесі түспеді. Шыбық қадасаң шынар шығатын құтты қоныс, қасиетті қара шаңырақ – қарт шаһардан әр дәуірде инемен құдық қазатын игі жолдан ғылым іздеп, әлемнің түкпір-түкпіріне белгілі ғалымдар, Таразилер шықты.

Тағылымы терең тарихи Тараз шаһарының атауы жаһандық көне деректерде мәңгіліктің мөрімен тайға таңба басқандай сақталып қалған. Тіпті, бұл күнде Тараз қаласы әлем тарихының алтын кіндігі саналатын Ватиканның сол замандағы картасында жазылғаны туралы да шындыққа жанасатын деректер бар.

Жалпы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы картасының тізіміне облыстан 8 мәдени-тарихи нысан, ал микросакралды картаға 27 ескерткіш енгізілді. Қазақ жеріндегі ежелгі тарихқа бай өңірлердің бірі Әулиеата өңірінен бес бірдей тарихи нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар қатарында. Олар Тараздың маңында орналасқан Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе және Ақыртас қалалары. Өзінің бір емес, екі алтын қоймасы, теңге сарайы, қағаз өндіру өнеркәсібі болған, шойын балқытып, мыс өндірген, сауда орталығы ғана емес, елшілердің басын қосып отырған үлкен стратегиялық маңызы бар саяси ордаға айналған Тараз шаһары осынау дана бабалардың төл туындысы, асқақ аманаты болып бізге жетіп отыр.

Күні кешеге дейін қазіргі Қарахан кесенесінде әулеттің қай мүшесі жатқаны туралы мәлімет аз. Десек те, түбегейлі дерек жоқ деп айтуға болмайды. Себебі, әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей аударған кесенедегі көне жазу рубаятының түп мағынасы осы салмақты сауалдың жауабын тарихшылар үшін жартылай жеңілдеткен сыңайлы. Ал кесенедегі парсыша жазу: «Ықыласыңызға түс көріп оқыдым, патша гүлзары. Сен жазар болсаң оның тағдырына, патша гүлзары санымен саналған. 1322» деп аударылыпты. Яғни, жазудың мағынасына қарап отырсақ, онда жатқан адамның дүниеден қайтқан жылына меңзейді. Сол уақыт өлшемімен кесенеде Қарахан әулетінің қай мүшесі жатқанын да анықтау қиынға соқпаса керек.

Әлемнің назарын Әулиеата жеріне аударатын рухани символдардың бірегейі – Қарахан кесенесінің жанында біреу білсе, біреу біле бермейтін Дәуітбек бабаның зираты тұр. Ал сол Дәуітбек баба кесенесіндегі көне жазулар оның Қарахан әулетінің соңғы тұяғы екенін айғақтап отыр.

Ұлы далада рухы кезген ғашықтардың ұшар басында Айша бибі мен Қарахан тұрғанын ұмытпауымыз қажет. Себебі, қазақ даласында сұлулық пен махаббат һәм қыз баласына арнап зор құрметпен бой көтерген тұңғыш ескерткіш, ол – Айша бибі кесенесі. Тіпті ол «Өлмес махаббат» нышаны болып саналатын әлемдегі жеті кереметтің бірі – Тәж-Махалдан да алты ғасыр арыда салынған.

Аңыз бойынша, Бабаджа хатун Айша бибінің күтушісі болған, кейіннен Айша ару өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған. Осылайша ол дала тарихында текті парасаттылық пен адалдықтың символикалық үлгісіне айналды. Айша бибі кесенесі аумағынан көпшіліктің игілігіне этноауыл ашылған болатын. Алдағы уақытта кешен маңында өңір тұрғындары мен туристерге арналған үлкен визит орталық бой көтермек.

Аймақ тарихына имандылықпен қайырымдылыққа шақырып, әділдік пен ар жолын уағыздаған Тектұрмас баба заман шындығын айтушы, әрдайым ақиқатты іздеп, ХІ ғасырда ғұмыр кешкен ғұлама ретінде сипатталады.

Руми мен Рудаки бастаған шығыс шайырлары мың жыл жырлаған Тараз қаласының ежелгі орны қазіргі таңда шаһардың орталығында орналасқан. Тараздың іргесіндегі ежелгі Баласағұн қаласында түркі халықтарының құнды жәдігері, Жүсіп Баласағұнның әйгілі «Кұтты білік» дастаны жазылғаны да тарихтан белгілі.

Ежелгі Тараздағы ең алғашқы зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың басында, 1894 жылы бастау алған болатын. Ал қалашыққа ең ірі ауқымды қазба жұмыстары 2011- 2017 жылдар аралығында жүргізілді. Қаладағы қазба жұмыстарының жалпы мерзімі 25 жылды құраса, соңғы қазба жұмыстарының нәтижесінде қалашықтан 4 мыңнан астам құнды жәдігер табылып, археологтар бес мәдени қабатты анықтады.

XIX ғасырда Тараздың орнында Әулие-Ата қаласы пайда болды. Кейін еліміздің ең көрікті, тарихы бай қалаларының бірі Жамбыл деп аталса, ал 1998 жылы 8 қаңтарда көне шаһарға Тараз деген тарихи атауы қайтарылды. Бүгінде көне Тараздан табылған қазба материалдары Ресейдің Эрмитажы мен Қазақстан мемлекеттік орталық мұражайы қорларында, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының және Жамбыл облыстық тарихи- өлкетану мұражайларында сақтаулы тұр.

Талайғы тарихымен адамзат баласын әлі де толғандырып келе жатқан Тараз қаласында күні бүгінге дейін түбегейлі зерделеу жұмыстарын қажет ететін жәдігерлер аз емес. Алдағы уақытта осы игі мақсаттың аясында арнайы дала экспедициясы ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Өткен жылы Тараз қаласы ел аумағы бойынша дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне алғашқылардың бірі болып енді. Ал бұл тізімде әлем бойынша бас-аяғы 55-ақ қала бар. Бұл да болса Тараз шаһарының құндылығын жаңа ғасырдың жаршысына айналдыратын жағымды жаңалықтың бірі екені айтпасақ та белгілі.

Қорыта айтқанда, түркі әлемінің алтын бесігі – текті Тараз топырағында тұңғыш рет бекзада бабаларымыз бес жарым ғасырлық белестің бедерінде Қазақ хандығының туын тікті, қазығын қағып, іргесін қалады. Ал тағдырлы тарихына үңілсек, Таразда тек қазақ халқына ғана қатысты емес, күллі адамзаттың даму тарихынан тікелей сыр шертетін жәдігерлер жетерлік. Сондықтан болар, мұнда қазір әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы атбасын бұратын туристердің қарасы үзілген емес. Тасын түртсең түркілердің тағдыры мен ғұндардың ғұмырынан бастап тебірене сыр шертіп, тарихы сөйлейтін Тараз жауһарлары адамзат баласы үшін мәңгілік аманат.

Ал жауһар жәдігерлердің жұмбағы ғалымдардың еңбегі мен алдағы уақыттың еншісінде.

 

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support