- Advertisement -

Әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтті

56

- Advertisement -

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы әрі Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Шәкір Сұлтанхан ашып, жүргізіп отырды. Басқосу барысында күн тәртібіне сәйкес, Талас ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінің лауазымды тұлғасына қатысты тәртіптік іс қаралды. Тәртіптік істің қозғалуына құқық қорғау органының заңдылықты бұзу туралы ұсынысы негіз болды.

Ұсынуда аталған лауазымды тұлға «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасының талаптарын бұза отырып, жеке кәсіпкермен құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетілгені жөнінде баяндалды.

Осы орайда, аудандық прокуратура қызметкерлері аудан әкіміне шартты жарамсыз деп тану жөнінде сотқа тиісті талап-арызбен жүгіну туралы ұсыныс енгізген. Әйтсе де, бұл ұсыныс аудан әкімдігі тарапынан қанағаттандырылмапты. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік іс құжаттарын зерделей келе, басым дауыспен лауазымды тұлғаға бір жолға ескерту беру жөнінде шешім қабылдады. Мұндай шешімнің қабылдануына мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 27 жылдан астам қызметкердің бұған дейін тәртіптік жазаға тартылмауы негіз болды.

Сондай-ақ жиында Әдеп жөніндегі кеңестің өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары да талқыға түсті. Нақтылай түссек, былтыр кеңес отырыстарында тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 12 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылыпты. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметке кір келтіретін құқық бұзушылық жасаған және әдеп нормаларын бұзған тұлғаларға қатысты тәртіптік іс тоқтатылған. Ал 8 тұлғаға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілсе, 1 тұлғаға қатаң сөгіс жарияланған. Ал 3 тұлға ескерту алумен шектеліпті. Айта кетейік, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімдеріне сай қолданылған тәртіптік жазалардың бір де бір сот шешімімен заңсыз деп танылмаған.

Басқосу соңында Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Шәкір Асылханұлы мемлекеттік қызметшілер күнделікті қызмет барысында қолданыстағы заңнама талаптарының сақталу қажеттілігіне баса назар аудару керектігін атап өтті. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың және әдеп нормаларын бұзудың алдын алу әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті екенін де еске салды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support