Әдебиет

Фариза ақын Таластан кімді іздеді?

Фариза ақын Таластан кімді іздеді?

Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылының аты дүркіреп тұрған уақытта еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азаматтардың қатары көп болды. Бүгінде көнекөздермен бас қоссаң сол жақсы-жайсаңдардың жарасымды сыйластығы, парасат-пайымының биіктігі, болмысының ерекшелігі хақында еркін көсіледі.

Иә, ол кезеңнің еріксіз еске алар өз салтанаты болды. Марқұм Нарша ақынның жанында жүріп, сол азаматтардың жанында болмасам да жарасымды сыйластықтары жайында көп әңгіме естіген едім. Сондай азаматтардың қатарында аудандық партия комитетінде ұзақ жыл жауапты қызметтерде болған, елі еркелеткен перзенттері – Бекзада Оразбекова мен Айша Сайыпованы Талас жұрты әлі ұмытқан жоқ. Сол тұста ел ағалары ауданға қандай да бір қаламгер немесе өнер адамы келсе Бекзада мен Айшаны бетке ұстайтын. Өйткені оқығаны, тоқығаны бар, өмірден түйгені мол таластық бұл қос ару – дүлдүлдер бас қосқан жиында сөйлеп кетсе ешкім енжар қалмайтын. Бір жолы ауданға Фариза Оңғарсынова келеді. Күні бойы кездесулер өтіп, кешкісін бір үйде ақынды қонақ қылады. Сол күні іссапарда жүрген Бекзада Оразбекова кеш қайтады. Ауданға ақын келіп жатқанын естиді, бірақ үлкен үйден хабар болмайды. Табиғатынан өжет қыз оны күтсін бе, құрметті қонақты күтіп жатқан үйге кіріп келіп: «Оу, ағайын, бұл не? Қазақтың қадірлі қызын жасырын күтіп жатқандарың қалай?» – деп өзіне тән өктем үнмен: «Қәне, Фариза, кел бермен, төс қағыстырып амандасайық», – дейді. Өзі де өткір Фариза ақын өзінен өткен дархан мінезді, жарқын жүзді құрбысына тәнті болады. Міне, мағыналы достық осылай басталады. Бұл ортаға Айша Сайыпова да қосылып, үш құрбының арасындағы сырластық, сыйластық өмір бойы үзілген емес. Таласты танып, біліп, мұндағы елдің мәрт мінезін мойындап, қос құрбы тапқан Фариза ақынның өзі: Мөлдір су боп Ақкөлге жетті ме әнім, Ақ ниеттен елжіреп кетті жаным. Кейде көңіл құлазып, кеудем қысса, Тартсам ба екен Таласқа деп тұрамын, – деген ғой. Мұндағы «Тартсам ба екен Таласқа...» дегенде ақынның көңілінде әуелі Бекзада, Айша достары, сонан кейін барып солар арқылы танысқан жампоз жандар, жақсы адамдар тұрғаны анық. Жалпы Бекзада мен Айша ақынжанды арулар. Мұны Фариза ақын жүрегімен сезді, жақын болды, жан құрбыларға айналды. Аудандық партия комитетінің бітпейтін жиналыстарында кейде Бекзада мен Айша ақ қағазға өлең жазып, өздерімен қатар отырған ел ағаларымен де сөз қағыстырып отырады. Бұл жаны таза, көңілі шуақ шашқан азаматтардың арасындағы жарасымды қалжың, әлсіз әзіл еді. Бірақ соған қарамастан сөз саптауларындағы шеберлік, көркемдік ерекше еді. Айша Сайыпова «Естелік» деген өлеңінде: Бір күні ой пленкасын қарап өтсем, Көз алдыма келеді бір дара көктем. Пейзажы сол қалпында елестейді, Болса да айлар, жылдар арада өткен. Сол жылы бір ғажайып көктем еді, Жусанды өңір ерекше көктеп еді. Алаулаған қызғалдақ теңізінен, Көл аймағы құлпырып кеткен еді, – деп басталатын дастанында сол жылдары жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған, тіршілікте сырлас, сыйлас болған, бүгінде өмірден өтіп кеткен ел ағалары – Дулат Дүйсенбин, Тамабек Қартабаев, Әуез Исаев, Көсембек Салабеков, Тұрғын Қойшығараев, Клара Қырғызбаева, Нарша Қашағанұлының бейнелерін жұмбақтап көркем жеткізеді. Әрине, бұл жұмбақты Бекзада шешеді. Бұл неткен сұлу өңір, сылқым жандар, Ғажайып сурет екен көңілің қанар. Келістіріп осылай кестелеген, Суретші ме, ақын ба – қандай заңғар? Тамаша көркем аймақ, қызық жұмбақ, Әсерлі есте қалар сырлы шумақ. Шешуін сырға толы бұл жұмбақтың, Өзімше өрнектейін ойды жинап, – деп келетін өлеңінде жайсаңдардың кескін- келбетін тамаша өрнектеп береді. Бірде сондай бір ұзын сонар жиынның үстінде Айша тілдей қағазға: Таттың ба екен махаббат балын, зәрін, Боласың бір ойың – от, жалың – жалын. Бар ма вулкан қуаты жүрегінде, Атқылатып тұратын жыр фонтанын, – деп жазып, Бекзадаға ұсынып «Бұл кім?» дейді. Жанары оттай жанған Бекзада жұлып алғандай: «Ой, мынау Фариза ғой!» дейді шаттана. Міне, қазақтың қадірлі қыздарының құдыреті. Фариза өзінің «Шілде» деген кітабында Айшаға арнап мынадай қолтаңба қалдырады: «Сізбен сөйлесіп, сұхбаттасқан сәт соншалық бір жанға рақат!». Ақын сіңлісінің кітабын оқығаннан соң Айша сол қолтаңбаның астына: «Шілде» десе дегендей бұл кітабың, Оқығанда шарпиды отты жалын» деп ризашылығын білдірген екен. Кейін Бекзада Оразбекова сол жылдардағы астана Алматыға Білім министрлігіне қызметке ауысады. Фариза ақынмен сыйластығы тіпті жақындай түседі. Ал, елде қалған Айша құрбыларымен хат арқылы байланысты үзбейді. Хат болғанда да өлеңмен жазылған, жан сырлары ақ қағазға жапырақ болып төгілген сыр, жыр хаттар еді. Айшаның құрбысы Бекзадаға арнаған өлеңінің түйіні былай болып келеді: ...Өзің де нәзік сырлы, ақын жансың, Айтылған сөз салмағын мақұлдарсың. Тағдырдың талай сыны шыңдай түскен, Егіздің сыңарындай жақын жансың. Бұл талай жыл қатар жүрген құрбысына деген сағынышы, назы. Жалпы, Айша Сайыпованың арнау өлеңдерінің құдыреті – бір адамға арнау жазып, бір адамға ой салу. Жоғарыдағы шумақ үлкен дастанның соңғы шумағы. Иә, кейде әдебиет сыншылары арнауды сынап, айыптап жатады ғой. Ал, Нарша ағам айтпақшы «Арнау – адамды тану, сүю, құрметтеу. Жүректің сергектігі, сезімталдықтың жемісі» ме деп ойлаймын. Бекзада мен Айшаға ақындық аспаннан түсе салған жоқ. Өмір мектебі, өзін-өзі тәрбиелеуден, бойдағы ұшқынды үрлеп, қабілетті ұштаудан, білімнен, әсіресе әдеби білімнен келді. Бірде Бекзада қонақта отырады. Уақыттың біразға барып қалғанын байқап: «Мен кетейін. Үйде мені Мұқағали, Жұмекен, Фаризалар күтіп қалды», дейді. Отырғандардың ішінен бір-екеуі: «Ол кісілер ауылға келіп пе еді? Неге ертерек айтпадыңыз», дейді қаперсіз. Ал Бекеңді білетіндер оның Мұқағали, Жұмекен, Фариза дегені олардың кітаптары екенін байқап қояды. Иә, Фариза ақынның «Тартсам ба екен Таласқа деп тұрамын...» дегені талай тектінің табанын қыздырған Талас өңіріндегі зиялы қос құрбысына деген сағынышы, жібектей төгілген жырларын жеткізіп, таңға сыр ақтарар сыйластығында болар...