- Advertisement -

Тұрғындар сайлаған әкім үмітті ақтап жүр ме?

304

- Advertisement -

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдың шілдесінен бастап ауылдық округ әкімдерін тұрғындардың өздері сайлауға мүмкіндік алған болатын. Көптің сенімін арқалаған осындай әкімдер үміт үдесінен қаншалықты шығып жүр? Бұл – бәрімізді толғандыратын сауал. Осыған жауап іздеп Т.Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылына арнайы бардық. Жаңатұрмыстықтардың таңдауы түскен Ерсайын Қуандық – облыстағы жас әкімдердің бірі.

«Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев олардың тиімді мемлекет пен әділетті қоғам талаптарына сай болуы керектігін атап көрсетіп еді. Біз де жұмыс барысында әкімнен бұрын алдымен тұрғындардың пікірін білгенді жөн көрдік.

– Осыдан екі жыл бұрын ауылымыздың әкімі етіп Ерсайын Талғатұлын сайладық. Себебі, ол өзіміздің ауылда өскен, мұндағы бар жағдаймен жақын таныс азамат. Ауыл халқы болып бірге жасаған таңдауымыз текке кетпеді деуге болады. Ерсайын «жас әкім» деген атына лайық іс атқарып келеді. Қаншама жылдардан бері арманымыз болған көгілдір отынды кіргізді, ауыз суды да жеткізуде қажетті істі атқарды. Баса айтқым келетіні, ауыл жастарын біріктіріп, жағдайы келмеген бірнеше үйге газды тегін кіргізіп берді. Қуаңшылық жылы малы қырылған Қызылордаға көмекке 3 вагон шөп жібердік. Сол уақытта шөптің бір түгі 1500 теңгеден болса да, әкім ауылдағы ақсақалдар кеңесімен, тұрғындармен ақылдасып, бір мәмілеге келді. Егер ауыл халқы көш бастаған әкіміне сенім артпаса, осындай келісімге келісер ме еді? Әрине, бұл әкіміміз Ерсайынның жас та болса іскерлігімен, кішіпейілдігімен ауыл тұрғындарының ризашылығын алғанының көрінісі. Өзім 60 жастағы ауыл ақсақалы ретінде айтайын, бұған дейін осындай ауылына жанашыр әкім көрген емеспін. Ерсайын келгелі ауылда ұрлық та, бұзақылық та жоқ. Себебі ол үнемі ауыл ақсақалдарымен, жастарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Егер әкімдік қызметінің межелі уақыты аяқталса, біз қайтадан осы әкімімізді сұраймыз деп отырмыз, – дейді ауыл ардагерлерінің бірі Бейсенбай Көкішев.

Біз кездестірген бірнеше тұрғыннан ауыл әкіміне деген осы мағыналас ілтипатты естідік. Олардың қатарында жастар да бар.

– Әкіміміз өзі де жас азамат болғандықтан, ауылдың жастарын ортақ іске біріктіре алады. Мәселен, ауыл тұрғындарының көбі мал ұстайды, сондықтан су тапшы. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін ауыл жастарының басын қосып, бірлесіп төменгі жақтан арық қазып, су шығардық. Тағы да жастардың қол күшін қосып, мешіттің жанынан асхана салдық. Ауылға газ кіргізілгенде жағдайы төмен 10 отбасына көгілдір отынды жеткізуге де жастарды демеушілікке ұйымдастырды. Ал ауыл жастарының игілігіне көрікті сахна салынды. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында дойбыдан, футбол, волейбол, шахмат, көкпардан қызықты жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Спорттың осы түрлеріне қызығатындар үшін іс-шаралар да өткізіледі. Волейбол бойынша ауылымыздың ерікті жастарынан құралған команда бар, олардың жарыстардан жеңіп алған жүлделері де баршылық. Бір сөзбен айтқанда, Ерсайын Қуандық жасы үлкендермен інілік ізет көрсетіп тіл табысса, жастарды замандас дос ретінде ортақ мүдделі істерге ұйыстыра біледі. Ауыл тұрғындары өздері сайлаған әкіміне риза, – дейді Ерлан Аманбеков.

Әлгінде айтылғандай, мұндағы шоғырланып қалған мәселелердің бірі – ауыз су болса, енді бірі газ, тағы бірі ішкі көшелердің жөнделуі мен жарықтандырылуы болатын. Осы мәселелердің түйіні де жас әкімнің іскерлігімен шешімін тауыпты.

– Әкім қызметіне тағайындалған күннен бастап осы екі мәселені қолға алдым. Газ жүргізетін мердігер компаниямен келісімшарт жасасып, алдымен он шақты үйге тартудан бастадық. Қазір Жаңатұрмыс ауылы толықтай газдандырылды, ауыл халқы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Сол секілді ауыз су мәселесі де шешілді, барлық жұмыстары аяқталды. Тек биылғы қыстың қатты болуынан жер қатып, суды кіргізе алмадық. Дегенмен тиісті жұмыстарының бәрі жасалды, бұйыртса алдағы наурыз айында суды ауылға кіргіземіз. Ауылдағы үйлердің 50 пайызы суды кіргізіп алды, қалғандарына да осы көктемде толықтай ауыз су жеткізіледі.

Сондай-ақ ауыл ішіндегі жолдардың жайы да басты мәселенің бірі еді, оны да қолға алдық. Бүгінгі таңда ауылдағы бір ғана Қаныш Сәтбаев көшесінен басқасының бәрі асфальтталды. Бұл көшені жөндеуге қажетті құжаттарды реттеп, бюджеттік өтінім бердік. Биыл бұл да өз деңгейінде орындалады деген жоспарымыз бар. Бұдан да басқа жүзеге асырылған істерге тоқталып өтсем, асарлатып үй салу жобасымен өткен жылы 2 отбасы баспаналы болды. Ауылымызда Наурыз төбе аталып кеткен жер бар, сол жерден сахна салдық. Жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Енді биыл мәдениет үйі мен спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге елді мекеннің көшелерін жарықтандыру мәселесі толығымен шешілді, – дейді ауыл әкімі Ерсайын Талғатұлы.

Мемлекеттік қызметті атқара жүріп, Ерсайын шығармашылықпен де шұғылданады екен. Еліне адал қызмет етудің абыройға кенелтетінін ұғынған ол «Қызмет» атты киноның сценарийін журналист Шынболат Күзекбаевпен бірге жазып, қоюшы режиссер Елжан Жармұхамедовпен бірге түсіріпті. Ал ауылына әкім болу міндеті бұйырғанын ол өзіне берілген зор мүмкіндік деп санайды.

– Туған ауылының топырағында өсіп, туған жұртының өнегесін көрген кез келген азамат есейгенде сол еліне қызмет етуді басты мұраты деп білемін. Кино түсірудегі ойым – туған ауылға перзентінің есейгенде адал қызмет ету парызы екенін көпшілікке жеткізу еді. Менің де ес білгелі көздегенім – туған ауылымды, сол арқылы Отанымды өркендетуге өзімнің перзенттік үлесімді қосу. Ауыл әкімінің сайлауына түскенімде осы үлкен мақсатыма жетуге даңғыл жол ашылды деп білдім. Сондықтан әкім болудағы мақсатымды «ауылдық округті көркейту, оның өркендеуі үшін, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін еңбек ету» деп айқындадым. Ауыл әкімі болып сайланған алғашқы жылымда жаңбырсыз жазды өткізіп, іскерліктен сыналғалы тұрғанымды сездім. Шаруаларға мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді жеткізіп, тау суын пайдаланып, жем-шөп үшін мал сатқанда да төлдерді сатып, аналық басты сақтап қалуға күш салдық. Қайткен күнде де шаруалардың жағдайына қарайлассақ, экономикамыздың әлсіремейтінін есте ұстадық, – деген Ерсайын Қуандықтың сөз саптауынан да шаруаның жайын жетік білетіні аңғарылды.

Ауылдың қамын күйттеген жас әкімнің талабына сүйсініп, қадамына құт тіледік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support