- Advertisement -

Таластың суына сенім жоқ

97

- Advertisement -

Таластың суына сенім жоқ. Сондықтан жерасты суын игеріп, су қоймаларын көбейту керек.

Мемлекет басшысы былтыр қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деп Үкіметке нақты міндет жүктеді.

Жолдау міндеттеген су мәселесі облыста да күрделі. Әсіресе Талас және Сарысу ауданы тұрғындары жиі-жиі дабыл қағып жатады. Талас ауданы, Үшарал ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіпов ауылдық округтегі бірқатар өзекті мәселемен қатар, ауыл ағын суға зәру екенін көтеріп, «Aq jol» газетіне шағымданды. Ардагердің шағымы негізінде ауыл тұрғындарымен, ауылдық округ әкімімен кездесіп, журналистік зерттеу жүргіздік. Ол басылымның былтырғы 20 желтоқсан күнгі нөмірінде жарияланды. Сарысу ауданының Досбол ауылдық округіндегі «Елдос-2004» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Наханов та су тапшылығына алаңдап, өзекті мәселені көтерумен келеді. Әріптесіміз Марат Құлибаев та сарысулық шаруалардың жанайқайын газеттің биылғы 14 қаңтар күнгі нөмірінде жариялады.

Төмендегі елдің суға деген зәрулігін алға тартып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшылығымен хабарластық.

– Талас өзені бастауын Қырғыз Республикасынан алады. Өзеннің облыс аумағына келетін су көлемі, толықтай «Киров» су қоймасымен реттеліп отырады. Көрші мемлекеттің аумағында ағын суды пайдалану артқандығы өзендегі су көлеміне әсерін тигізуде.

Талас өзенінің төменгі арнасында орналасқан Талас және Сарысу аудандарының шабындықтары мен жайылымдарына ағын су жеткізу мәселесі көп жылдан бері су шаруашылығындағы өзекті мәселелердің біріне айналған. Су мол жылдары өзеннің төменгі арнасына азды-көпті су жеткізу мүмкіндігі болса, су аз жылдары өзеннің жоғары арнасында орналасқан аудандардың өзінде суармалы маусым кезінде-ақ су тапшылығы сезіледі. Су мол болған 2017 жылдан кейін, міне алты жылдай уақыттан бері судың аздығы қайталанып келеді. Қыс мезгілінде қар аз түсіп, жауын-шашын мөлшерден төмен болуына байланысты өзендердің суы азайып, көлдерге, көлшіктерге, су қоймаларына тиісті су көлемін жинау мүмкін болмай қалды.

Талас өзенінің төменгі арнасында орналасқан Талас және Сарысу аудандарының шабындықтары мен жайылымдарына су тастау суармалы маусымнан тыс уақытта жүргізіледі. Мәселен, қазан-наурыз айлары аралығында шамамен «Талас» су торабынан секундына 10-15 текшеметр төмен тасталды, – дейді инспекция басшысы Гүлмира Имашева.

Былтыр суармалы маусым аяқталысымен «Киров» су қоймасында жөндеу жұмыстары жоспарланғандықтан, су қоймасының көлемін ең төменгі деңгейіне дейін жеткізу қажеттілігі туындаған. Сол себепті аталған жағдайды пайдаланып, тамыз айының басынан бері, Сарысу ауданына су жеткізу жұмыстары жүргізілгенін де еске салды, инспекция басшысы.

Сарысу ауданына 1 тамыздан бастап, «Бөрібай» каналы арқылы Аса өзеніне секундына 2 текшеметр, осы канал арқылы тамыз-қараша айларының аралығында барлығы 19,7 миллион текшеметр су тасталған. Ал Талас өзені арқылы Сарысу ауданына су тастау былтыр 18 тамыздан басталыпты. Жалпы осы аралықта «Ойық» су торабынан төмен қарай барлығы – 178 миллион текшеметр су тасталған. «Киров» су қоймасында жөндеу жұмыстары аяқталысымен, су қоймасы қайта су жинау режиміне қойылған. Ендігі кезекте, суармалы маусым басталғанға дейін өзенде қалатын секундына 10-12 текшеметр су «Талас» су торабынан төменге қарай тасталып отыратын көрінеді.

Талас өзенінен Сарысу ауданына судың кеш жетуінің негізгі себептері мынада екен. «Старица» көлінен бастап, Көшек батыр ауылының тұсына дейінгі Талас өзенінің арнасы 2016-2017 жылдары су көп кезде бірнеше жерден бұзылып, қамыс, қайыр басып кеткен. Осы жерде өзен арнасына секундына 10-15 текшеметрден артық су сыймайды. Талас өзенінен тасталған судың жартысына жуығы осы Бөлтірік шешен және Көшек батыр ауылдарының жайылымдары мен шабындықтарында, «Юбилейный» су қоймасының маңайындағы жерлерде қалып қоятын көрінеді. Сондықтан да Талас өзенінің арнасына механикалық тазалау жұмыстарын шұғыл қолға алу қажет.

Бөлтірік шешен ауылының тұсындағы «Нұрабай» каналына су реттегіш құрылғы орнату керек. Биыл 3 рет байланғанымен, жырылып кеткен. Бүгінгі күні секундына 10 текшеметр су осы каналда жатыр. Су көп жатқан шабындықтарды қоға басып, жарамсыз болып бара жатқаны да шаруаларды алаңдата бастаған.

Досбол ауылының аумағындағы «Қайқы» көлін суға толтыру үшін шамамен 20-25 күн кетіпті. Осынша артық суды жинаудың қажеттілігін қарау, осы көлдің су кіретін арнасын уақытша жауып, одан кейінгі Досбол, Игілік, Жаңаталап, Байқадам және Жайылма ауылдық округтерінің шабындықтарын бірінші кезекте сумен қамту жолын қарастыру да шешімін күткен мәселенің бірі екенін алға тартты Г.Имашева.

Былтыр тамыз айында осы кемшіліктерді жою мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров жиын өткізіп, Талас, Сарысу, Байзақ аудандары әкімдері мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалына тиісті хаттамалық негізде тапсырма берілген.

– Талас өзенінің Талас ауданы, Үшарал ауылына және Сарысу ауданы Түгіскен магистральды каналы бөлінетін жеріндегі қақпалардың айырмашылығы, Үшарал ауылына кететін қақпа ол өзеннің табиғи арнасына қойылған қақпа болып саналады. Талас өзенінің суы Үшарал ауылдық округінің жерінен өтіп, Сарысу ауданына кетеді. Магистральды канал қолмен, Сарысу ауданына ағын су қысқа жолмен бару үшін қазылған. Қақпалардың ұзындығының айырмашылығының себебі содан. Жыл сайын суармалы кезең аяқталған соң, Талас өзеніндегі ағын су осы жерден екі жаққа тең көлемде бөлініп беріледі, – дейді инспекция басшысы.

Мемлекет басшысы Жолдауда атап көрсеткендей, сырттан келетін су азайып бара жатқанда Таластың суына сенім арта беруді қоятын уақыт келген сияқты. Ендігі жерде жерасты суын игеріп, тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиясын көптеп енгізу қажет. Сосын қар мен жаңбыр суын жинайтын су қоймаларын көбейту де маңызды. Онда су реттегіш құрылғыларын орнату керек. Арықты жылда жамап-жасқағанша мүмкін қоймалардан егіс алқаптарына, жайылымдық пен шабындыққа шығатын арық орнына пластикалық құбырлар тартса ше? Президент атап көрсеткен судың 40 пайызының құмға сіңуін осылайша тоқтатуға болар.

 

Амангелді ӘБІЛ

Талас және

Сарысу аудандары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support