- Advertisement -

Салт-дәстүрімізді қадірлей білейік…

113

- Advertisement -

Қазақ халқында ұлттық мәні бар, өзіндік ерекшеліктерімен айқындалатын салт-дәстүрлердің түрі көп. Сол дәстүрлердің бірі – соғымбасы беру. Соғым сою тоқсан түскенде, яғни тоқсан күнге созылатын нағыз қыс күндері басталады.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары, соғыстан кейін ел еңсесін енді көтере бастаған кезде де қазақтар қолындағы барын елмен бөлісіп, ауызбіршіліктен ажыраған емес. Сол елуінші жылдары өмірге келген ұрпақтың бірімін. Сол жылдары әке-шешелеріміз соғымбасына қалай дайындалатыны туралы естеліктерімді, қазіргі жастарға тағылым ретінде айтқым келеді. Әрине, соғымбасы беру қазіргі таңда да бар. Бірақ, біздің жас кезімізбен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Қазір заман жақсы, қарын тоқ, көйлек көк. Мінгеніміз жайлы көлік, аралағанымыз шет мемлекеттері. Ал пейіліміз қай деңгейде?

Елуінші жылдары халықтың дені керосин жанатын лампаны пайдаланатын. Ол шырағдандар бестік, алтылық, ондық деп бөлінетін. Керосинді үнемдегендер шырақтың төмендеуін қолданатын.

Ал ондық деген ауқатты, бақуатты отбасыларында болатын. Үйіне кісі шақырған ағайындар ондық лампаны уақытша сұрап алатын. Аталған лампаның құны алтыннан кем емес еді.

Желтоқсан айы енген сәтте қалың қар түсіп, сарышұнақ аяз бет қаритын. Сырттағы сықырлаған қардың дауысы үйге естіліп тұрушы еді. Ауыл адамдары жаз бойы еңбек етіп, жем-шөбін, қыстық ішім-жемін дайындап алатын. Ал қыстың үш айында байланған соғымдарын сойып, бірін-бірі шақырыса бастайтын. Біздің бала күніміздегі соғымбасы отыз күн оразаға да сәйкес келді. Сондықтан ел ішінде соғымбасы мен ауызашар қатар басталатын. Соғымбасы берудің өзіндік ерекшелігі бар еді. Бұл дәстүрдің мәні – ас ішіп, аяқ босату емес. Соғымбасы беру үшін әке- шешеміз ерте бастан қамданатын. Әкем күзде серіктерімен бірге Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) мал базарға барып, соғымға деп қысыр биені сатып алып, байлауға қоятын. Байлаудағы малды күтіп- баптау да өнер еді.

Есімде қалғаны, байлаудағы жылқының бабына келуі үшін екі-үш ай керек. Соғымға деп байлаған жылқыға жоңышқаны майдалап турап, үстіне ыстық су құйып, жібітіп беретін.

«Еті тәтті болады» деп ақ қызылша, «Қазысы сары болады» деп жүгері бөктіріп беретін. Осылай бабын келтіріп байланған мал табан қазы беретін. Еті мен қазының дәмі қандай десеңізші! Ол кезде соғымды жіліктеу деген жоқ. Етті не төртке, не екіге бөлетін. Көп жағдайда бір жылқыны бір отбасы тұтастай сойып алатын.

Елдің көпшілігі үш бөлмелі қоржын үйде тұратын. Әке-шешеміз ауыл тұрғындарын соғымбасына шақырарда біздерді (балаларын) әр көшеге бөліп, уақытын айтып, арада үй қалып кетпеуін ескертетін.

Соғымбасына шақырылған қариялар түгел жиналғанда үш бөлмелі үй толатын. Келген кісілер жасына және жөніне қарай дастарқанға жайғасатын. Жасы мен жолы үлкендер кешігіп жатса, қалғандары төрден орын қалдыратын.

Дастарқан басында елдің, жердің жайы әңгіме болатын. Ол кезде радио мен теледидар жоқ. Осындай бас қосқан кезде ауыл балалары «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Қыз Жібек» сияқты қиссаларды мәнеріне келтіріп оқитын. Ол қиссаларды ешкім бөлмей, ұйып тыңдайтын.

Тағы бір үрдіс – сүр ет. Шешелеріміз сүр етті «ұзынсары» деп көктемге дейін сақтап, жас етпен қосып асып, сыйлы қонақтарына беретін. Сүр еттің сорпасының дәмі, иісі ерекше болады. Осының кейбірі қазір ұмыт болып бара жатқаны өкінішті.

Қазіргі таңда соғымбасы беру жаңа сипатқа ие бола бастаған секілді. Соғымбасы деп шақырып, арасында туған күнін, бір жерден алған жүлдесінің қуанышын қосып қоятындар да бар. Олай болған соң дастарқанға ішімдік қойылатыны да жасырын емес. Әрине, мұның дұрыс емес екендігін жақсы білеміз.

Демек, бұдан арылған жөн. Кейінгі жастар ет турауды да білмейді. Үйіне қонақ келсе, келіндер етті тақтайға қойып, біркелкі етіп турап әкеліп жатады. Соғымбасына жиналғандар мен қариялар күйбең тірлікті, біреудің алған жаңа көлігін, біреудің зәулім үйін әңгіме етпей, ел бірлігін, жастар тәрбиесін қозғап отырса дейсің. Ұлттық құндылықтарымыз, ізгі қасиеттерді өрістету сөз болып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Нұртаза АМАНҚОЗИЕВ,

Байзақ ауданының құрметті ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support