Әлеумет

Үш күнде 7 автокөлік өртенді

Үш күнде 7 автокөлік өртенді

Жылдың суық мезгілінде автокөліктердің өртену жағдайлары жазға қарағанда әлдеқайда жиі ұшырасады. Көлік небәрі 5-6 минуттың ішінде толығымен күйіп, өртеніп, жалпы сұлбасынан тек темір қаңқасы ғана қалады. Өрт көбінесе қозғалтқыштың алдын ала іске қосылатын электр жылытқыштарын пайдалану ережелері бұзылған жағдайларда жиі орын алады. Сондықтан өртті болдырмау үшін уақытында техникалық қызмет көрсету қажет.

Тек үш тәуліктің ішінде, 13-15 қаңтар аралығында облыста жеті автокөлік өртке оранған. Мәселен, 13 қаңтарда сағат 08:22-де Тараз қаласының Төле би көшесі бойындағы автокөліктен өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен мамандар аттанған. Жедел жеткен өрт сөндірушілер отты 10 минут ішінде өшірді. Өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Тек өрт салдарынан мотор бөлігі жойылып, автокөліктің салоны зақымдалды. Сол күні Жуалы ауданында да дәл осындай өрт шықты. Ауданның №7 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы 6 минут ішінде автокөліктегі «қызыл жалынды» өшірді. Келесі күні сағат таңғы 09:00-ге қарай Құмшағал ауылынан автокөлік өрті туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келіп жеткен №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары өртті 10 минут ішінде толығымен жойды. Алайда өрт салдарынан автокөліктің қозғалтқыш бөлігі зақымдалды. Сол күні Қордай және Жуалы аудандарында да автокөліктегі өрт оқиғалары тіркеліп, оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс атқарды. 15 қаңтарда сағат 10:20-да көлік өрті бойынша шақырту Жамбыл ауданынан келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен №6 бөлімнің қызметкерлері өртті 6 минут ішінде өшірді. Сол күні түс ауа Меркі ауданынан да көлік өрті туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнында аудандық №9 бөлімнің өрт сөндірушілері жұмыс істеді. Құрметті облыс және қала тұрғындары! Үйден шығарда мүмкіндігінше балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, электр және газ құрылғыларын қуат көздерінен ажыратып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске саламыз. Сондай-ақ қолайсыз ауа райында алыс жолға шығуды кейінге қалдырған жөн екенін ұмытпауды сұраймыз. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» нөмірлеріне шұғыл хабарлауды естен шығармаңыздар.  

Облыстық төтенше жағдайлар

департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің

қоғаммен байланыс тобы.