Мемлекет басшысы Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты
Мемлекет басшысы Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты
Президент өз сөзінде Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстелінің қатысушыларына ілтипат білдіріп, жиынды ұйымдастырғаны үшін Әмірліктердің Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясына алғыс айтты. Сондай-ақ Әмірліктермен арадағы қарқынды ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
Мемлекет басшысы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайта алатын негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ-нің көміртегі бейтараптығына қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі БҰҰ 28-конференциясын (COP28) БАӘ-нің табысты өткізуіне тілектестік білдірді.
Президент геосаяси шиеленістерден туындаған жеткізу тізбегіндегі келеңсіздіктер логистикалық және көлік желілері мен жобаларының маңызын арттырды деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты, Орталық Азия мен Қытайды қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушысы бар нарықтарға тікелей шығатын қақпа саналады.
Президент Астанадағы «Абу-Даби Плаза» құрылысының толық аяқталғанын күтетінін айтты. Орталық Азиядағы ең биік саналатын бұл ғимарат елордамыздың ғана емес, Қазақстан мен БАӘ серіктестігінің символына айналады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Орталық Азия аймағында технологиялық хабқа айналуға ұмтылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі қуатты қаржы секторын құруда Қазақстан белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Президент екі ел арасындағы экономикалық серіктестік барлық салада әртараптанып, кеңейе беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар жиын барысында БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Әл-Мазруи, БАӘ Сауда-өнеркәсіп палатасы федерациясының төрағасы Абдулла Әл-Мазруи, Ресей және ТМД бойынша Mubadala инвестициялық бағдарламасы жетекшісінің орынбасары Абдулла әл-Марзуки, Abu Dhabi Ports Group компаниясының басқарушы директоры және бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Шамиси, G42 тобының бас операциялық директоры Мансур әл-Мансури, Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Рамахи, Ayana Holding компаниясының төрағасы Абдулла бен Лахедж, Metito компаниясының басқарушы директоры Рами Гандур, Al Badie Group компаниясының вице-президенті және бас атқарушы директоры Халед әд-Бади, Royal Strategic Partners компаниясының бас атқарушы директоры Хамад әл-Әли сөз сөйледі.