Сөзді түзе, болсын сөзің әдепті

631

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің» (Т.Айбергенов)

Менің де сөзсіз бір тойым болатыны!

Жарқырап алдан бағымның жанатыны!

Аппақ ұлпа арманым қол жеткізіп,

Ақша бұлтпен қанатымды қағатыны!

 

Күн келеді құлашты кең сермейтұғын,

«Бұл тойдың иесі енді сен!» дейтұғын,

Бәріңді де сол тойға шақырсам деп,

Мазалайды ой күні-түн бермей тыным.

 

Ешқайсысыңды мен сонда ұмытпаймын.

Шашар сонда шуағын суытпай күн!

Пенделікке ешбір бой алдырмаймын,

Өкпе-наздың сандығын құлыптаймын!

 

Ұмытамын шалғанды аяғымнан,

Кезді ұмытам сыз өткен табанымнан.

Шығарамын есімнен ызғар барын,

Шат-шадыман шырқатып саламын ән!

 

Қалдырмаймын ешкімді ескерусіз,

Түсіремін шақтарды еске мұңсыз.

Мейірімнен мендегі ұялаған,

Ұялады сонда арсыз беттер үнсіз.

 

Мен жымисам амалсыз күлер жауым,

Мен жылынсам қабағын жияр дауыл.

Іші-бауырын жіберсем елжіретіп,

Даукестің де шешемін бірер дауын.

 

Тойлаймын мен сөйтіп бір дәл сол күнді,

(Өзіме аян күткенім қанша ол күнді!..)

Тізе бүкпей тік тұрар асабам да,

Таң атқанша тарқатпай ансамбльді.

 

Дәл сол күнге дайындал, сен де ағайын,

Асып-тасып арнамнан мен де ағайын.

Ағыл-тегіл ақтарыл, үлкен-кіші,

Әзілімен жарассын жеңге-қайын!

 

Өту керек жалғаннан жыламай түк,

Бір Тәңірім сынайды сұрақ артып.

Тату-тәтті жұртпен бір той тойласаң –

Қызық бар ма өмірде бұдан артық!

Қазақ – ғажап!

Қазақстан – Қарбарыс, Қазақ – қасқыр!

Бұл ұғымда кәрі мен озат жас тұр!

Ұлттық ұлы киенің кілті болған

Біздің дәстүр не деген ғажап дәстүр!

 

Бір қарасаң – бәрі ұлым, бәрі қызым,

Бұ дүниенің баспаған жары, құзын!

Бірі өсіп, ал бірі бойжеткенде,

Пешененің өзгертер жолы ұзын!

 

Ұл үйленсе қуантып айналаны,

Қайын жұртта ол Күйеуге айналады!

Қыз аттайды Келін боп босағаны,

Екі жаққа ортақ күй ойналады!

 

Сен Қазақтың Ұлысың, тыңда, Балам!

Бар тілегің қолыңда тұр қалаған!

Атаң Қазақ арманын былғамаған,

Бақытын да басқаға пұлдамаған!

 

Сен Қазақтың Қызысың, тыңда, Қызым!

Ең салмақты сөз жатыр мұнда, Қызым!

Аналардың әспетте әдет-ғұрпын,

Орамалдың орасын сырғаң ізін!

 

Сен де бөтен емессің, Күйеу шырақ!

Біреу жеткен алшаңдап, біреу сұрап!..

Балаларыңның анасын аяласаң,

Отауыңды сайлайсың бітеу құрап!

 

Бардым деме жат жұртқа, Келін бала,

Енді осы Ел сенің Елің дара!

Талай Ұлы Аналар жасап кеткен

Тарих тізген шежіре төрін қара!

 

Екеуің де туғансың баталы елден,

Ана көріп, тон пішкен, ата көрген!

Екеуіңнен өрбісе иманды ұрпақ,

Мыңжылдықтан мың жылдық аса берген!

 

Қазақстан – Қарбарыс, Қазақ – қасқыр!

Бұл ұғымда кәрі мен озат жас тұр!

Жеті атаға сақталған тазалығы,

Біздің дәстүр ғаламат ғажап дәстүр!

 

Жап-жақын болған жаныма менің

Жап-жақын болған жаныма менің,

Соқсашы жүрек тоқтағанша, әттең…

Анам деп сені таныған едім,

Ақ босағаңды аттаған сәттен.

 

Қызыңдай көріп бауырға бастың,

Ауырғанымда алақанға сап.

Бау-шарбағымның бағын қаластың,

Балаңнан асқақ Алатау жасап.

 

Көтердік тағдыр тауқыметтерін,

Келіндік парызды мен де ұмытпадым.

Өмір-өзеннің тосып өткелін,

Ақылға салқын жеңдірдік бәрін.

 

Жасқа жас қосқан жаңа көктемдер

Тұрардай мәңгі.Тату-тәтті едік.

…Амалсыз көндік сені әкеткенде,

Алладан пәрмен ақиқат келіп.

 

Ғайыптың тербеп тұнжыр әлемі,

Ойламау сені – бұ да қиын маған.

…Бірге ойнап өскен құрбылар едің,

Күтіп алған шығар құдағиың – Анам?!.

 

 Қазақ елі

Сенің де бабаң көз жасын төгіп егілген,

Менің де бабам арманда кеткен өмірден.

Ей, менің қарға тамырлы қазақ қандасым,

Бұл тәуелсіздік келе салған жоқ тегіннен.

 

Сенің де ғажап емес-ті бастан кешкенің,

Мені де мұңға бөледі өткен-кеткенім.

Ей, менің қарға тамырлы қандас бауырым,

Еркіндік ескен шақтарды тәрк етпегін.

 

Сені де көзсіз әлдилеп арман бұрын құр,

Мені де соқыр сенім биледі бұлыңғыр.

Беу, менің достым, жантуыс алыс-жақыным,

Емен-жарқын боп жырлайық енді бүгін бір!

 

Жырлайық елді – көгінен шуақ тараған.

Жырлайық жерді – жерұйық бәрі санаған.

Жырлауға лайық отыз жыл өткен тарихы,

Отанымыз бұл – аузына әлем қараған.

 

Отанымыз бұл – жаһанға мәшһүр бүгінде,

Отандастарым ұмтылған ілім-білімге.

Ғарышқа жетер жұмыр жердегі биігі,

Алысқа кеткен атағын жарып түбінде!

 

Тербесін жайлы самал боп өпкен сені жыр,

Жұпарыменен сергітсін әсем мені гүл.

Бөрілі байрақ, күн нұрлы қара шаңырақ,

Қасқырдай қайсар, ғажайып Қазақ Елі бұл!

 

Қыста ауыл көп түседі есіме

Қыста ауыл көп түседі есіме,

Балалығым өткен қайран ауылым.

Шешем жаққан үйдің ыстық пешіне,

Су етігін кептіреді бауырым.

 

Інім ғой ол, өзімменен тете еді,

Мазақтайды хаттарымды ұрлап ап.

Еден жусам суымды төгіп кетеді,

Шашымды өрсем – тарқатады жұлмалап.

 

Төзем оған, анам соған баулыды,

«Әдепсіздік сендей қызға ұят» деген.

«Әйелдердің ең бір үлкен тағылымы –

Ер адамның алдын кесіп өтпеген».

 

Марқұм әкем орнындағы інімді,

Жақсы көріп сыйлайтыным сол себеп.

Ойнап қалсын демалыста бүгінгі,

Мендей қамқор әкпесіне еркелеп.

 

Күні-түні қайнап тұрар қос құман,

Плитаға піскен пәтір нан қандай.

Шекер сеуіп, май жағып ап астынан,

Бұралақтап жейді өші қалғандай.

 

Түнде ғана бұзаулаған сиырдың,

Уызын да сіміре сап кеседен,

Табылғанын кие салып киімнің,

Зулап кетіп барады, әне, көшемен.

 

Күн батқанша үйдің бетін көрмейді ол –

Түзді аңсаған еркін ауыл баласы.

…Терезеден қарап тұрар мендейлер,

«Қырық үйден тыйым» салған анасы.

 

Тағдыр сені сипамайды маңдайдан

Тағдыр сені сипамайды маңдайдан,

Басыңда ой болмаса егер байыпты.

Жағаласып, шығады деп жан қайдан,

Шайтан жүрген жер қашан да қауіпті.

 

Ашу-дұшпан, қозар тауып ретін,

Арандадың оған жылдам бой беріп.

Әшейінде сыпайы боп жүретін,

Былғанды-ау ақылыңа сай көрік.

 

Қу мінезге құл боп жүзің жайдары,

Бейпіл ауызың боратты кеп былапыт.

Айтылған сөз – атылған оқ айғағы,

Айналып кеп иесін табар жылатып.

 

Жөн болмады бет жыртысып, боқтасқан,

Аруақты қозғап, ата-тегіңді.

Қап-қара боп темір сынды тот басқан

Ағартпақсың енді қалай көңілді.

 

Пешенеге бұйырады талай сын,

Құдай берер төзгенге мол несіпті.

Енді жұртқа қай бетіңмен қарайсың,

Қатты жаптың қайтып кірер есікті.

 

Шат-шадыман шайтан қанып құмары,

Көзіңді арбап, сөзге тоқтау бермеді.

…Түлен түртсе – бұған өзің кінәлі,

Ал ол болса – тірідей сені жерледі…

 

Мұнарасын биік соғып сенімнің

Мұнарасын биік соғып сенімнің,

Құламасын деп күрескін ар құны.

Ниетің ақ болса болды, сол – үлгің.

Бір ниетке байланысты барлығы.

 

Ниетіңді түзе алдымен сондықтан,

Ниет деген – адамдықтың өлшемі.

Бұзық ниет шірік кеуде – сандықтан

Шықса, бұзар ол – сені.

 

Түзу ниет – түзу ойға айналар,

Түзу ойың түзу сөз боп шығады.

Түзу сөзге түзу адам ойланар,

Қисық адам – бұғады.

 

Сөзді – түзе, ол жаныңның айнасы,

Жан айнасы – шиша сынды шарайна,

Жақсы, жылы сөздердің көп пайдасы

Сөз-айнаны сындырып алма, абайла.

 

Айтылған сөз – атылған оқ ауыздан,

Сөзді түзе, болсын сөзің әдепті,

Сөз-мақтамен қан шығармай бауыздар,

Сөз туғызады – әдетті.

 

Сол сөздерің – сөйленген әр сөздерің

Бірте-бірте қалыптасар әдетке,

Ал әдетті бұрмалауға төзбегін,

Түзулегін, оны дағы сал епке.

 

Өйткені ол – әдет, әдет қалмайды,

Әдет қалмас, ауру қанша қалса да,

Жаман әдет – жаман дерттей жалмайды,

Жан досыңдай болса да.

 

Жаман әдет – жиреніштен құралар,

Қандай мінез тумақ одан, біл, анық,

Жаман әдет – ит мінезді шығарар,

Бұралқы иттей бұралып.

 

Ит мінезді адам болсаң оңбадың,

Мінез сенің бар келбетің, бар мінің.

Мінезіңді түземесең – сор қалың,

Мінез – сенің тағдырың.

 

 Кімсің өзі, армансың ба, аңсар ма

Кімсің өзі, армансың ба, аңсар ма,

Шынсың ба өзі, шырмаламын бұл неге.

Жылуыңа орандым да қаңтарда,

Көлеңкеңнен сая таптым шілдеде.

 

Кімсің өзі,

Несің әлде дейін бе,

Алаңдатып, аласың кеп мазамды.

Тығылып кеп түнейсің де көңілге,

Жасырынбақ ойнатасың адамды.

 

Тәттісің бе, татып көрсем – удайсың,

Ащы ғой деп аулақтасам – арбалам.

Оқшауланып қамап қойсам – сыймайсың,

Шашып алсам жинай алмай дал болам.

 

Түсіресің демде дел-сал күйіме,

Шыққан күнге күрсінеді кәрі түн.

…Еркелеуін қоймаған шырқ үйіре

сен екенсің ғой, шабытым!..

 

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, «Құрмет» орденінің иегері.

 

 

 

 

Comments are closed.